- Advertisement -

Меритократия қағидаты бюрократияны жояды

215

- Advertisement -

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында қызметшілерге қойылатын талаптарды күшейту арқылы кәсіби мемлекеттік аппарат құру жолдары көрсетілген. Негізгі қағидасы – бюрократия мен технократияны жоюға септігін тигізетін меритократияны енгізу. Бір сөзбен айтсақ, тамыр-таныстықпен емес, лайықтыны мемлекеттік қызметте мансаптық жолмен жоғарылату. Қатаң әрі әділ бастама. Бірақ оны біздің қоғамда жүзеге асыру мүмкін бе? Осы мәселе және мемлекеттік қызмет саласында сапаны арттыру жолындағы өзге де қолға алынған шаралар төңірегінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаевпен сұхбаттасқан едік.

– Мақсұт Ыбрайханұлы, Ұлт жоспарындағы «Б» корпусының жоғары лауазымдарға төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан тек қана конкурстық негізде жылжытуды міндеттеген меритократия қағидаты турасында не айтасыз?
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппарат құруға қатысты бірқатар міндеттер жүктегені белгілі. Осыған байланысты 2016 жылғы 1 қаңтарда «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң қабылданды. Бұл құжатта мемлекеттік қызметтің мансаптық моделін қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінген. Енді мемлекеттік қызметке орналасу төменгі лауазымдарға кандидаттарды іріктеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттеріне байланысты айқындалады. Қызметтік саты ең төменгі лауазымнан басталады. Одан әрі жоғарылау үшін алдымен төменнен бастау керек. Ал мансаптық жоғарылау тек қана конкурс арқылы жүргізіледі. Бұл дегеніміз – сол мекемедегі білікті, өз жұмысын жақсы атқаратын азаматтарды көтермелеп, қызметтік өсуіне жол ашу деген сөз.
– Біздің қоғамда меритократия қағидаттарын енгізу мүмкін бе? Өңірімізде бұл талап қалай іске асырылуда, яғни осы қағидат бойынша қанша мемлекеттік қызметші лауазымдарын жоғарылатты?
– Былтыр облыстағы барлық мемлекеттік органда 2097 бос әкімшілік лауазымды орындарға конкурс жарияланған. Олардың ішінде ішкі конкурс бойынша жарияланғаны 1136 болса, жеңімпаздар саны 511-ді құрады. Атап айтсақ, меритократия қағидаттары негізінде 303 мемлекеттік қызметшінің лауазымы конкурстық негізде жоғарылап отыр. Ал төменгі сатыға өткен жылы конкурстық негізде 630 азамат мемлекеттік қызметке қабылданды.
– Мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндік беретін конкурстар ашық әрі объективті жүргізіліп жатыр ма?
– «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда көрсетілгендей, қызметке орналасу конкурстық негізде жүргізіледі. Конкурс кез келген азаматтың тең құқығын қамтамасыз етедi. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурсты өткiзудiң шарттары мен тәртiбiне сәйкес, конкурс жүргізу әр мемлекеттік органда комиссия құру арқылы жүзеге асырылады. Аталған комиссиялар жұмысының ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін отырысқа байқаушылар шақырылады. Оған Парламент және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, заңнамада белгіленген тәртіпте аккредиттелген бұқаралық ақпарат құралдарының, басқа мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық ұйымдардың және саяси партиялардың өкілдері, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлері байқаушы ретінде қатыса алатынын айта кеткен жөн. Былтыр біз жыл қорытындысында белсенділерді байқаушыларды шақырып, арнайы Алғыс хаттармен және грамоталармен марапаттадық.
– «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 6-қадамында көрсетілген еңбекақыны нәтиже бойынша төлеу жүйесіне тоқталып өтсеңіз. Мәселен, қызметшілердің жұмысы жеке жылдық жоспарларды орындағанына қарай бағаланады делік, мемлекеттік органдар қызметінің нәтижесі стратегиялық жоспарлардың, министрлер және әкімдер үшін – мемлекеттік қызмет сапасының арнаулы индикаторлары, өмір сапасы, инвестиция тарту көрсеткіштері маңызды. Үкімет мүшелерінің еңбегі интегралдық макроэкономикалық индикаторлармен байланысты екені түсінікті. Сонда оны кім саралайды, қызметкерге кім баға береді?

Былтыр облыстағы барлық мемлекеттік органда 2097 бос әкімшілік лауазымды орындарға конкурс жарияланған. Олардың ішінде ішкі конкурс бойынша жарияланғаны 1136 болса, жеңімпаздар саны 511-ді құрады.

Өзіңіз айтып отырған 6-қадамға сәйкес, Мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеу факторлық балдық шкала бойынша есептеледі. Қазір бірқатар органдарда мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесінің пилоттық режімі енгізілді. Ол «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу қағидаларын басшылыққа ала отырып, жүзеге асырылады. Факторлы балдық шкала бойынша еңбекақы мемлекеттік органның мақсаты мен міндетіне қол жеткізу бойынша лауазымның пайдалылығын ескере отырып бекітіледі. Сондай-ақ мемлекеттік органдарда бағалау жөнінде комиссиялар құрылып, қызметшілердің тиімділігін бағалайды.
– Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасы көпшіліктің көңілінен шығып жүр ме?
– Біз қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, мемлекеттік қызмет көрсететін орындарда қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тарту әрекеттерін, басқа да әкімшілік кедергілерді анықтау үшін былтырғы мамыр айынан бастап «Жасырын тұтынушы» әдісімен «Қоғамдық бақылау» жобасын қолға алдық. Бұл жоба бойынша кез келген қызмет алушы қандай да бір мемлекеттік қызметті алу барысында қызмет көрсетуші тараптан орын алған кемшіліктерді бейне және аудиожазбаға түсіріп, департаментке жолдайды. Соған сай біз кемшіліктер анықталған органдарға тиісті шаралар қолдану үшін ұсынымдар жолдаймыз.
– Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер – сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім сала. Осы тәуекелдерді болдырмауға немесе алдын алуға сіздердің тараптарыңыздан қандай шаралар қолданылуда?
– Мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері көрсететін мемлекеттік қызметтерге сыртқы талдау жұмыстары жүргізіледі. Талдау нәтижелері көрсеткендей, аталған тәуекелдер нормативтік-құқықтық актілеріндегі қарама-қайшылықта және қызмет берушімен қызмет алушының арасындағы тікелей байланыста орын алады. Сондықтан біз сыбайлас жемқорлық тәуекелдердің пайда болуына ықпал ететін себептер мен салдарды жою туралы тиісті ұсыныстар беріп, қазіргі таңда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің рәсімін реттейтін бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді.

Ардақ Үсейінова

P.S: Мемлекеттік саясат меритократиялық қоғам құруды көздейді. Бұл – көптеген қазақстандықтардың арманы. Енді ше, кім-кімнің де өз еңбегіне лайықты бағасын алып, жеке тұлға өз талпыныстарына, қабілетіне сай жоғары өрлеп, әлеуметтік теңсіздік орнаған қоғамда өмір сүргісі келетіні анық. «Әркімге – еңбегіне қарай» дейтін меритократиялық қағида – нағыз әділеттіліктің өлшемі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support