- Advertisement -

Қызығушылық соңы – өкініш

171

- Advertisement -

Бүгінде нашақорлық пен маскүнемдік қоғамдық қана емес, әлемдік проблемаға айналып отырғаны анық. Есірткі мен ащы суға құмартып, құрсауына ілініп, шырмауынан шыға алмай, есіл өмірін өксіткендер де жетерлік. Оларды осы тәуелділіктен арылтып, қоғамда қайта қатарға қосу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білмек болып, облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері Жақып Жексембиевпен сұхбаттасқан едік.

– Жақып Түзелбайұлы, бүгінде облыста нашақорлық және маскүнемдік бойынша қанша адам есепте тұр?
– Есірткіге әуестік – бүкіл адамзатты алаңдатып отырған үлкен мәселе. Бұл кеселдің қауіпті екенін кез келген адам жақсы біледі. Әйтсе де соған саналы түрде барғандардың сол шырмаудан қайта шыға алмай қалатыны – нағыз қасірет. Өткен жылы облысымызда наркотәуелді 1973 адам есепке алынса, маскүнемдік бойынша 5209 адам есепте тұр.
– Нашақорлық қоғамның дамуына кедергі келтіреді, жастардың есірткіге елітпеуі үшін қандай жұмыстар, алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр?
– Облыстық наркологиялық диспансерінің психологтері мен әлеуметтік қызметкерлері науқастарға өздерінің ішкі жан дүниесін қалыпқа келтіруге және қоғамда өз орнын табуға әрқашан көмектеседі. Сонымен қатар түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады. Дәрігерлеріміз ай сайын өздеріне бекітілген білім беру нысандарында дәріс оқып, семинар, дөңгелек үстелдерге қатысып және сауалнама жүргізеді. Дегенмен жастардың жағымсыз әдетке бой алдырмауына ата-анасы, туыс-бауыры да қадағалау жүргізгені жөн. Балалықпен есірткінің дәмін татып көрген жеткіншектің қылығын алдымен отбасы мүшелері байқайды. Мұндай жағдайда ертерек шара қолданып, ем жүргізген дұрыс.
– Ем қабылдағаннан кейін жазылып, қатарға қосылғандар бар ма?
– Емделіп шыққан жан орталық жанындағы амбулаторияда бақылауда болады, яғни диспансерлік есепке алынады. Маскүнемдер 3 жыл, нашақорлар мен токсикомандар 5 жыл есепте тұрады. Осы диспансерлік есепте тұрғанда біздің дәрігерлер тек науқаспен ғана емес, олардың отбасымен де жұмыс жасап, ақыл-кеңес береді. Егер осы уақыт аралығында тәуелділіктен арылып, науқастың жағдайы жақсаратын болса, онда бақылаудан мүлдем алынып тасталады.
– «Павлодар қаласындағы республи-калық наркологиялық орталыққа барып емделгендер тәуелділіктен арылады екен» деген сөз бар. Бұл қаншалықты рас. Біздің орталық пен ол орталықтың емдеу ісінде айырмашылық бар ма?
– Облыстық наркологиялық орталық науқастарға мамандандырылған амбулаторлық-емханалық және стационарлық көмек көрсетіп, дәрiгерлiк-наркологиялық сараптама және медициналық-әлеуметтiк оңалту, сонымен қатар санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргiзедi. Ал Павлодар қаласындағы «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» филиалында психикаға әсер ететін белсенді заттарға тәуелді адамдарға қызмет көрсетумен қатар, қосымша еңбекке үйрету және оңалту бағдарламалары процесінде алынған ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру және сату секілді әлеуметтік-оңалту қызметі жүргізіледі. Кез келген жағымсыз әдеттен арылудың жолы – еңбек. Екі емдеу мекемесінің айырмашылығы сонда. Емдеумен қатар еңбекке баулып, саналы түрде жаман нәрсені тезірек ұмытуға көмектеседі. Бұл орталыққа емдеуге жатқызу өңірлік денсаулық сақтау органдарының жолдамалары арқылы, яғни портал арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша республикалық деңгейде мамандандырылған медициналық көмектің бөлінген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар орталықта емделу ақылы түрде де жүргізіледі.
– Жалпы орталыққа нашақорлық және маскүнемдік бойынша қайырылғандардың жас шамасы қанша?
– Бұрындары мұндай жағдайлар көбінесе ата-анасы толық емес отбасыларда жиі кездесетін. Ал бүгінде тәрбиелі, зиялы отбасылардың балалары да осы жолға түсуде. Мұндай дертке шалдыққандардың жас шамасын нақты айту қиын. Мысалы, 15-40 жас аралығындағылар келіп түсіп жатады. Жиі келетіндер 25-40 жастағы азаматтар.
– Нашақорлықпен және маскүнемдікпен тіркелгендердің әлеуметтік жағдайлары қандай?
– Бұл жердегі басты мәселе – отбасында. Үйдегі ата-анасы баласына дұрыс тәрбие беріп, ұрпағының болашағына немкетті қарамай, қашанда бақылауда ұстап, ата-аналық мейірімін төгіп отырса, бала теріс жолға түспейді деп ойлаймын. Темекі тарту, ішімдік, нашақорлық – осылардың бәрі қызығушылықтан, тек «бір рет тартып көрсем, бір рет ішіп көрсем» деген әуестенушіліктен басталады. Баланың жүрген ортасына, жора-жолдастарына да көп байланысты. Тағы бір себеп – жастардың жұмыс істемей, бос сандалып жүруі. Есірткіні бір-екі тартып, бір-екі рет ине салған соң қалай тәуелді болғанын өздері де білмей қалады. Сосын не істейді? Есірткі сатып алу үшін кез келген қылмысқа барады. Ал ата-анасы көп жағдайда іс насырға шауып, асқынғанда ғана біледі. Егер дер кезінде әкеліп жатқызса, онда ем де өз нәтижесін берері анық.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support