- Advertisement -

«Алдағы уақыт» – бұл қай күн?

164

- Advertisement -

2016 жылдан басталған жаңғырту жұмыстары аяқталып, «сақалды құрылыс» теңеуінен арылған, тіпті Президентіміздің өзі көріп кеткен Айша бибі көшесіндегі жол өткелінің ел игілігіне берілгеніне, міне, 6 айдың жүзі болды. Алайда мұны «игілік» деп ауыз толтырып айтуға келе ме?
Өткен ғасырдың 80-жылдары басталып, аяқсыз қалған үлкен көпірдің соңғы шегесі қағылғанда «Тараз бен оның маңындағы тұрғын үй алаптары арасындағы айналма жол 14 шақырымға қысқарады. Облыс орталығы мен қала маңындағы 12 елді мекен аралығындағы көлік ағыны осылайша 40 пайызға төмендейді» деп жарияға жар салдық. Қаланы қақ бөліп жатқан темір жол желісінің екі жағында отырған 350 мыңнан аса халық бұған дейін бір-бірімен Жібек жолы көшесі арқылы (сол тұстағы темір жол көпірінің астынан), ілуде біреу, қашық болса да Қызылабад стансасымен қатынайтын еді. Ал «Шалғай Қарасу» алабының тұрғындарына темір жолдың арғы бетін біраз шарлауына тура келетін. Мұның барлығы, әрине, кептеліс туғызары сөзсіз. Басты жаңалыққа ең алдымен қуанған да, шүбәсіз, осы шалғайқарасулықтар болды. Себеп – темір жол жүйесінің арғы бетіндегі 100 мың адамның 58 мыңы осы жерге тиесілі.
Жол азабын ұзақ тартқан ел қазір қарсы бетке қас пен көздің арасында-ақ жетуде, бірақ өз көліктерімен немесе таксимен ғана. Себебі жаңа өткелмен «Шалғай Қарасу» және «Арай» алаптарын жалғап жүрген бірде-бір автобус жоқ. Білесіз бе, аталған екі елді мекен тұрғындары егер темір жолды төтесінен жаяу өтсе, 6 минут көптік етеді. Ал дәл осы нүктелерді қазіргі автобус бағыттарымен айналып келем дегенше бақандай 1-2 сағат уақыт өтеді!
Облыс тұрғындарының қауіпсіз көліктік қатынауын қамтамасыз етумен қатар, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыратын бұл автожол бөлігі қолданысқа берілгеніне жарты жыл уақыт өтті. Алайда сол кезде билік тарапынан «Алдағы уақытта жаңа өткел аяқталып, қолданысқа берілген кезде, бірқатар жаңа автобус бағыттарының сызбалары сызылып, жолаушы тасымалдау құқығын конкурсқа шығару жоспарланып отыр. Оның қорытындысы бойынша қатысушы тасымалдаушы мекеме тіркеліп, жеңімпаз танылған жағдайда жергілікті халыққа қызмет көрсететін болады» делінген еді.
Байқаймысыз, қай уақытта, қашан? Нақты күні бар ма?! Жауыр болған мұндай жауаптарға құлағымыз үйреніп кеткен бе, бұл жауапқа да таңғалмадық. Сауабы үзілмейтін амалдардың бірін жасаған атқамінерлер әйтеуір бір уәдесін орындар деп түйдік. Сонда да көңілде бір үміт, бір күдік…
Күмән сол – орталықтан он шақты шақырым ғана жерден орын тепкен, 2012 жылы Жамбыл ауданынан шығып, Тараз қаласы аумағына енген, «қалалық» болғандықтан, автобусты «менсінбей», тек таксимен жүруді «қалайтын» бұрынғы Құмшағал ауылдық округі орталығындағыларға қоғамдық көлік қатынауының өзі «тым ерте» боп тұрғанда «6 жылдың қасында 6 ай деген несі, тәйірі» деп шекеден қаралып, «Құдай сөзінің» соңы сиырқұйымшақтанып кете ме деген қорқыныш. Әйтеуір арайлықтар мен қарасулықтар жаяу жүргенде небәрі 6-ақ минут кететін жерге осылайша автобуспен 60 минут жүріп, «айта, айта… қартайып» кетпесе игі.

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support