- Advertisement -

“Тауық баздағы” тынымсыз тірлік

146

- Advertisement -

Ақкөл ауылының күнбатыс жағындағы өндірістік кешен орны қай заманнан бері «Тауық баз» аталады. Шамасы, мұнда үй құстары өсірілген болуы керек. Осынау мекенде Ормановтардың табан аудармай отырғанына 40 жылдан астам уақыт өтіпті. Оларға нәпақа осы жерден бұйырғандай. Отағасы Сайлау осында біраз жыл Ақкөл кеңшарының бір отар малын бағып отырды. Бертінде совхоз тарап, нарыққа өтпелі кезеңнің қиындықтарына байланысты біраз жұрт өндірісі мол қалалы жерлерге үдере көшкен. Ал Сайлау шопан құтты қонысынан ірге қозғалтпаған күйі қалып қойды. «Тауық базда» перзенттері өмірге келді, есейді.

Қоғам өміріне дендеп енген түбегейлі өзгерістер, әсіресе, меншік алуандығы мен кәсіпкерлік нарықтық қарым-қатынастар жүйесі Ормановтарды ойлантпай қойған жоқ. Нарыққа бейімделу – заман талабы. Сондықтан да еңбекқор әулет он жылдай бұрын «Мақсат» шаруа қожалығын құрып, оны басқару тізгінін отбасы ұйытқысы, «Алтын алқалы» ана Есенкүл Қожамсейітоваға берген-ді. Мал өсіруде бай тәжірибе жинақтаған отағасы Сайлау Ормановтың да қожалық жұмысынан шеттеп қалған кезі жоқ, балаларына ақылшы болып жүр. Отбасының үлкен-кішісі «бірлік бар жерде, тірлік болатынын» жақсы ұғынған.
Өз жұмысын әуелгіде 10 сиыр, 30 қойдан бастаған қожалықтың тасының өрге домалауына «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасының себі тиді. 2011 жылы осы несиелеу бағдарламасы аясында 5,7 миллион теңгеге қол жеткізген шаруашылық асыл тұқымды 35 сиыр, 2 бұқа сатып алады. Содан жұмыс алға басып, нәтижелерге қол жеткізу басталды. Қазіргі таңда мұнда 100 мүйізді ірі қара малы (бәрі де қазақтың ақ бас сиыры тұқымынан), 300 қой, 15 түйе, 15 жылқы өсірілуде. 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Мал соңында салпақтап құр жүре бермей, бейнеттің зейнетін көру де керек қой. Шаруашылықта бұл жағы да бүге-шігесіне дейін ойластырылған. Мұнда түйе мен бие сауылып, шұбат, қымыз өндірілуде. Ормановтар Қаратау қаласының тұрғындарын қазақтың ұлттық сусындарымен жаздай қамтамасыз етіп келеді. Шипалы өнімдерді шағын шаһардың қақ ортасына тігілген қазақы киіз үйде осы әулеттің қызы Майра сатады. Қожалық «Сыбағадан» алған несиелерінен де биыл толықтай құтылатын сыңайлы. Өз төлі есебінен өсірілген қыруар мал таза пайдаға шығады сонда. Бұл да болса, еңбеккер әулеттің өз нәсібі шығар.
Отанасы Есенкүл Қожамсейітқызының 7 ұл-қыз өсірген Батыр ана екенін жоғарыда айттық. «Келін ененің топырағынан жаралған» дегендей, қолдағы үлкен келіндері Арайлым Қуантаева да 6 бірдей ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, «Күміс алқа» белгісін иеленген.
Бүгінде Ормановтар әулеті талай жыл өздеріне құтты қоныс болған «Тауық базды» түлетіп, жаңғырту үстінде сол аумақтан іргетасын биік етіп, 8 бөлмелі ақ шатырлы ақшаңқан үй тұрғызған. Жұрттың мұндай мүмкіндігі болса, жер үйді Тараздан тұрғызар еді. Ал бұлар малдан береке тапқан құтты қонысқа көргеннің көз жауын алар зәулім «коттедж» салуды өздерінің парызы санаған. Осында Мұхтар Орман, Ермек Сайлау, Арай Әдендер төрт түлік мал өсіру жолында тер төгуде. Еңбектері – өнімді, тұрмыстары – көңілді.
Біз де малды ауылдың қызығы тарқамай, қуанышы ортаймасын деп тілейік.

Есет Досалы

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support