- Advertisement -

Қоршаған ортамыздың тазалығы қандай?

164

- Advertisement -

Қоршаған ортаның ластануы – ауаның, жер мен су­дың табиғи таза қасиеттерінің қолайсыз өзгерістерге ұшырауы. Бұл жағдай адам денсаулығына, өсімдік­тердің өсуіне, жануарлардың тіршілік етуіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Табиғат құбылыстары мен заңдылықтарына қайшы келетін және оның қалыпты жағдайына нұқсан келтіретін сандық, сапалық және құрамдық өзгерістердің барлығы қоршаған ортаның ластануына апарып соғады. Оның ішінде біздің де «үлесіміз» жоқ емес. Өйткені өндірістік, тұрмыстық қалдықтар мен түрлі улы заттардың қоршаған ортаға белгіленген мөлшерден тыс шығарылуы, табиғи нысандарды орынсыз пайдалану басқа емес, адамдардың қолымен жасалып жатады.Қазіргі кезде антропогендік ластану мөлшері табиғат апаттарының нәтижесінде пайда болатын ластанудан әлдеқайда асып түсуде. Мұның қай-қайсысы да табиғатқа белгілі бір деңгейде кері әсерін тигізеді, сондықтан бұл мәселе қатаң қадағалануға тиіс.

Осы ретте табиғатты сақтау мен оның ластануына жол бермеудің ресурстарды үнемдеуге жол ашатын қалдықсыз технологияны енгізу, шығынды азайту үшін өндірістік суды тазартып, қайта пайдалану, жаңа технологияны пайдалану секілді мүмкіндіктері мүлтіксіз орындалуы керек. Осындай жаңашылдықты кеңінен енгізе отырып, қоршаған ортаның радиациялық және радиоактивтік ластануының да алдын алуға болады.
Өкінішке қарай, бүгінгідей ғылыми-техникалық ілгерілеу кезеңінде ластанудың радио, теледидар, электр тасымалдаушылардың қызметі, өнеркәсіптік құралдардың белгілі бір түрінің жұмысының нәтижесінде туындайтын электромагниттік, сондай-ақ химиялық жаңа түрлері пайда болуда. Оның алғашқысының молекулярлық деңгейде әсер етіп жасушалық мембрананы, жалпы тірі ағзалар тіршілігін өзгертетіні белгілі болып отыр. Ал екінші түрі бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындардан құрамында қышқылы бар қалдықтардың шығарылуы және олардың азот қышқылы ретінде өзгерісі өте қауіпті болуда. Бұл жағдай қышқыл жаңбырдың жаууына алып келіп, күкірт, ауыр металдардың, әсіресе сынаптың, жанып бітпеген жанармай қалдықтары бар күлдің ұшқыны, азот оксидтері, фторлы қосылыстардың қоршаған ортаға түсуі елеулі мөлшерге жеткені алаңдатады. Сараптаушылардың бағалауынша, қоршаған ортаның химиялық ластануына қалдықтардың ішіндегі ең қауіптісі қорғасын қосылыстары мен автокөліктердің көмір қышқыл газын бөлуі айрықша әсерін тигізеді.
Зиянды заттар мен олардың қосылыстарының саны күннен-күнге өсіп отырғаны, өндірістің қоршаған ортаға тастайтын қалдықтары ауа, су, топырақ, тағам өнімдерін ластайтыны, оның салдары ауыр болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан ауаның ластануын болдырмау және оның зиянды зардаптарын жою бойынша бірінші кезекте зиянды, ластаушы заттардың ауаға шығарылмауы, олардан қорғану, зиянды әсерін, зардабын жою жұмыстары жүзеге асырылуға тиіс.
Қоршаған орта ластануының алдын алу үшін кезеңдік зертханалық сараптамалар мен жергілікті жерлерде өлшеулер тұрақты жүргізілуі қажет. Зиянды заттардың құрамы шекті мөлшерден аспауы кәсіпорын басшыларының тұрақты бақылауында ұсталғаны абзал. Сонымен қатар көпшіліктің экологиялық білімі мен тәрбиесін, мәдениетін көтеру де керек-ақ.

Айжан ТАШТАЕВА,
облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support