- Advertisement -

Жастарға қамқорлық – кемел келешек кепілі

145

- Advertisement -

Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялау арқылы Қазақстанның әлемдегі қалыптасқан геосаяси және қаржылық қиындықтарға қарамай, халқының әлеуметтік жағдайын түзеуге ұмтылатын ел екенін көрсетті. Бұл бес маңызды бастама — қолда бар мүмкіндігін пайдаланып, кедергілерге мойымай, ілгері басып келе жатқан қазақстандықтарға арналған ең қажетті қадамдар. Оның мәні Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде өткен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы: әлеуметтік мемлекет құрудың қазақстандық моделі» тақырыбындағы облыстық конференцияда кеңінен айтылды.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған колледж директоры Жанар Орынбаева Елбасы Үндеуінің барша жамбылдықтарға серпін бергенін сөз етті.
Президенттің бес бастамасы – әлеумет үшін мазмұны жағынан айқын мәселелер. Конференцияда «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалының директоры Қасымхан Төлендиев пен облыстық кәсіподақтар ұйымының төрағасы Мейрамбек Төлепберген олардың әрбірінің мемлекеттің әлеуметтік саяси жүйесін айшықтай түсетінін қозғап, мәнін ашып түсіндірді. «Бүгінгі конференция сіздердің білім ордасында өтіп жатқандықтан Елбасының бес бастамасының ішіндегі «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» туралы үшінші бастамасын ерекше айтып өткім келеді. Енді жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосылатын 20 мың гранттың 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша білім беруге тиесілі болады. Өскелең ұрпақ – біздің болашағымыз. Барлық реформаларды жүзеге асырушы негізгі күш. Сондықтан бұл – жастардың болашағын қамдаған бастама», – деді Қасымхан Төлендиев.
Бес бастамадағы «7-20-25» бағдарламасының бұрынғыларымен салыстырғанда артықшылығы көп. Енді тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі біршама жеңілдей түспек. Бұл туралы жиында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» бөлім басшысы Бердияр Құттыбаев айтып өтті. Ал М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың доценті Әбілхан Садыбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасы жастар кәсіпкерлігін дамыту кеңесінің төрайымы Айнұр Заурбекова, «Амангелді Газ» кен орнының бөлім меңгерушісі Юлдашбай Дарыбаев, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Уалихан Болатбек Президенттің әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған бес міндеттің маңыздылығына тоқталды.

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support