Экономиканы еселеудің төте жолы

0
171

Елбасының Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауы – еліміздің өркендеу жолындағы бұған дейін жүзеге асырылып келген әлеуметтік экономикалық реформалардың нақты жалғасы, атап айтқанда, «Мәңгілік ел», «100 нақты қадам» — Ұлт жоспары, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларымен өзектес.

Еліміз өзінің тәуелсіздігін алғаннан бергі 26 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтіп, халықаралық аренада биік белестерді бағындырды. Өзінің экономикалық даму қарқынын алдыңғы қатарлы озық елдердің сатысына қосылумен дәлелдеді. Президент талдап көрсеткендей, адамзат жаңа өнеркәсіптік революция дәуіріне аяқ басқан тұста мемлекетіміз өнеркәсіптік – рухани жаңғыру жолында берік негіз қалады.
Ендігі көзделетін меже – төртінші өнеркәсіптік жаңғыру болмақ. Жолдаудың тақырыбы айтып тұрғандай, бүгінгі күні қоғам да, мемлекет те, тіпті азаматтарымыздың ой-санасы да кезекті өнеркәсіптік өзгеріс жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін бастан өткеретін кезеңге келді.
Елбасы Жолдауында ұсынылған ел дамуының басты бағыты – цифрландыру, яғни Қазақстанды жаңа әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына кіргізу үшін өмірдің барлық саласына цифрлық технологияны белсенді енгізу қажет. Мемлекет басшысы дамудың жаңа сапасына байланысты «Жаһандық трендтер көрсетіп отырғандай, ол, бірінші кезекте, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс», – деп атап көрсетті бұл тұрғыда.
Иә, бүгінде заман талабына орай өндіріс орындарына жаңа технологияларды енгізу қажеттігі туындап отыр. Елбасы айтып өткендей, озық технологияларды қолданылу жағдайында көптеген жұмыс орындары босап қалуы әбден ықтимал. Сондықтан бұл ретте жұмыссыздарды еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтап алу қажет-ақ.
Алдағы уақытта «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешеніне қарасты «Ақсай» алаңы мен «Көктал» кешенінде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылатын болады. Осыған байланысты кәсіпорынды қайта құрылымдап, өндірісті өркендету, жұмыс орындарын сақтап қалу үшін бес жылдың кешенді жоспары жасалды. Осы уақыт ішінде «Ақсай» кенішінде әк, Шолақтау кенішінде доломит ұнын өндіретін нысандар салу көзделген. Шикізатты өңдеп, дайын күйінде өткізу үшін қосымша зауыттар салу арқылы жұмыс орны сақталады, әрі өнім бағасы да артады.
Бүгінгі таңда «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінде 540 адам жұмыс істейді. Жылына 273 мың тонна кен өндіріп отырмыз. Өткен жылғы өнім өндіру көлемін 102 пайызға орындадық. Цифрландыру мен заманауи бизнес-модельдерді игеру мақсатында былтыр кешенімізде 46 бірлік техникаға көлік қозғалысы мен жанармайды қадағалау үшін жер серіктік талдау жасау (GPS) қондырғысы орнатылды. Оның жалпы құны 15 миллион теңгені құрайды. Сол арқылы басқару ісін орталықтандыруға, көлік шығыны мен энергияны үнемдеуге қол жеткізе бастадық.
Жолдау еліміздің одан әрі саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғырту жөніндегі бастамаларын жүйелейді. Ендеше, Елбасы айтқандай, бірлікті алға ұстап, ақылды айна етуіміз керек деп білемін және де Жолдауды нақты жүзеге асыру – ел экономикасын еселеуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға бастайтын бірден-бір жол.

Құдияр ОМАРОВ,
«Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің өндіріс басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты

Талас ауданы

Пікір:

Please enter your comment!
Please enter your name here