- Advertisement -

Найла Қондыбаева, ауыл әкімі: Халыққа қызмет көп қиындық тудырған жоқ

141

- Advertisement -

Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі Найла Қондыбаева – отбасының ұйытқысы, аяулы ана, екі ұлынан өрбіген төрт немеренің әжесі. Ол – ауданға қарасты 18 ауылдық округ әкімдерінің ішіндегі жалғыз нәзік жанды. Оның жүгі ауыр, жауапкершілігі мол қызметті атқарып жүргеніне биыл 6 жыл болды. Мереке қарсаңында үйдегі қым-қуыт тірліктің де, биліктегі сан алуан істің де көзін тауып, үйлестіріп жүрген Найла Есенқызымен әңгімелесіп қайтқан болатынбыз.

– Жаңақоғамға әкім болып сайланғанға дейін, Дулат ауылдық округінде әкім болғаныңызды білеміз. Әкімдікке қалай келдіңіз?
– Негізгі менің таңдаған мамандығымның өзі нәзік жандылардың қалауына жатпайтын «Балық өндіру-өсіру ісі» болды. Осындай сирек маманның бірі атанып, ұзақ жылдар бойы сол салада жұмыс істедім. Еңбек жолымды ең әуелі Тасөткел тоспа балық шаруашылығында күзетші болып бастап, осы мекеменің басшылық қызметіне дейінгі баспалдақтан өттім. Жалпы, ес білгелі көздеген мақсатыма қол жеткізбейінше, көңілім бір жайланбайтын адаммын. Сол қайсарлығымнан шығар, сонау Астраханьның балық өндірістік және шаруашылық техникалық институтына оқуға түсіп, өзім қалаған мамандықтың иесі атанып, біраз жетістікке жеткенім. 2012 жылдың қыркүйек айында сайлауға түсіп, сол жылы ауданға қарасты Бәйдібек ауылының әкімі болып сайландым. Қолдайтын да, қорғайтын да көпшілік, жергілікті тұрғындардың алдындағы міндетімді дұрыс атқардым деп ойлаймын. Онда бес жыл бойы жұмыс істедім, өткен жылы Жаңақоғам ауылдық округіне әкім болып сайландым.
– Жұмыс пен отбасы, екеуі де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Іскерлігіңізбен елге қызмет етсеңіз, бала тәрбиесі – ұлт болашағы. Қалай дегенмен де екі баланың анасысыз, немерелерге де көңіл бөлу керек дегендей…
– Осы мінезімнен бе, маған бұл қызмет аса бір қиындық тудырды деп айта алмаймын. Рас, үйден гөрі түзде көп жүремін. Екі күннің бірінде аудан орталығына барып тұру керек. «Әкім» дейтін аттың артында қаншама жауапкершіліктің жатқаны айтпаса да белгілі ғой. Ауыл әкімі болған соң, елмен етене араласып, әрбір тұрғынның тілін таба білу қажет. Ал көптің тілегін орындап, әрқайсысымен тіл табыса білген адам отбасының да ұйытқысы болатыны анық.
– Әріптестеріңіздің «әйел ғой» деп сырғытпа жауап беретін кезі болған жоқ па? Жалпы, маңызды мәселелерге қатысты шешім қабылдағанда қиналмайсыз ба?
– Бұл аудан – маған бөтен емес. Осында туып-өстім. Әйелді, қыз баласын, ананы сыйлаған жұртпыз ғой, ондай жағдай болған емес. Анда-санда ұсақ-түйек дүниелерге бола шағым айтып келген үлкендердің ашуларын басар кезде нәзіктік, керісінше, үлкен қару. Ал жұмыстардан кем-кетік кетсе, қарамағымдағыларға ашуланып та аламын. Өзім деп қарасаң, олар да өзекке теппейді. Ауылға қатысты маңызды шешімдерді көпшілікпен бірлесіп, ақсақалдардың ұсыныс-тілектеріне құлақ асып, байыппен қабылдаймыз.
– Ауыл әкімдері төрт жылда бір сайлауға түседі екен. Келесі сайлауда өз кандидатураңызды ұсынасыз ба?
– Келесі сайлау дәл менің зейнетке шығатын уақытыммен тұспа-тұс келеді екен. Сондықтан оған қатыспаймын.
– Ауыл тұрғындары сіз жайында тек жақсы пікірде екен…
– Ауылда шешімін күткен көптеген мәселелер болады. Олардың әрқайсысына байыппен қарап, оң шешімін табуға күш саласың. Міне, осының барлығы мені шыңдай түсті. Атқарған азды-көпті жұмысымның нәтижесі болса, ол бірінші кезекте, тұрғындардың көмегі мен жақсы ниетінің арқасы. Дегенмен тау қопарып, қыруар іс тындырған жоқпын деп ойлаймын. Ауылымызда түйінді мәселелер әлі де бар. Бұл округке әкім болып сайланғаныма әлі бір жыл да болмады. Сол себепті, алдағы уақытта атқарылар істер ауқымды. Ал оның бағасын көпшілік өзі бере жатар.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ерғали Қартайған

Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support