- Advertisement -

Қара домбыра Қызыл кітапқа еніп кетпесін

245

- Advertisement -

«Қасиетіңнен айналдым, кешір, домбыра!
Шанағыңды шаң басып, кесір қонды ма?
Есі кеткенше билейтін етегін ашып,
Эстраданы қайтейін есірген мына?!.»
Бұл – ақын Қалқаман Сариннің бабалардан бізге мирас болып қалған қазақтың қасиетті домбырасы туралы толғамы.
Қазақ – қашанда ұлттық өнерін, сол ұлтының үні болған төл аспабын қадір тұтқан халық. Асыл текті бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтап, бүгінгі ұрпаққа аманаттап қалдырған қасиетті домбыраға қазіргі кезде құрмет азайып бара жатқандай. Соны ойласақ, көкірегіміз қарс айырыла жаздайды. Жүрегімізді қобыз сарыны тектес әлдебір мұң тілгілейді.
Ұлттық аспаптың төресі саналып келген, ертеректе әр қазақ шаңырағының төрінен табылатын домбыраны бүгінде көзіміз көп шала бермейді. Қазіргі кезде қос ішегіне қазақтың жаны мен әні сыйған домбыраны қадірлеп, құлағына үкі тағып үкілеп жатқандар шамалы. Азды-көпті халық бас қосқан жиын-тойларда қос ішекті шертетін біреу табыла кетіп, домбыра сұратса, ұлттық аспапты көрші-қолаңнан таппай жатамыз. Қадыр Мырза-Әлінің «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегені есімізден шығып бара жатқан сыңайлы. Қасымызда жүрген замандастарды айтпағанда, жасамыс қарияларымыздың арасында да ұлттық аспаптың құлағында ойнамақ түгілі, шертетіндері саусақпен санарлықтай болып қалды. Бұрын ата-бабаларымыз төрдегі домбыраның жанына берен мылтық пен сегіз өрім қайыс қамшыны қоса іліп қоятын. Сондағы үкілі домбыраны ілгені – үйден құт-береке қашпасын дегені, ал мылтық пен қамшының сұсын көрген бала аталы сөзден асып түспейді екен.
Бұған дейін Қазақ радиосынан дәстүрлі өнерді дәріптеушілердің орындауындағы Құрманғазы мен Тәттімбеттің, Дәулеткерей мен Динаның күйлерін естіп, құлақ құрышымыз қанатын. «Көңіл толқыны» көңіліңді тербесе, «Балбырауын» тыңдаған жанды балбыратпай қоймайтын. Көкдөнендей жүйрік көңілді астаң-кестең ететін күйлерді қанша тыңдасақ та, жалыққан емеспіз. Ауылдағы қариялар күйдің күмбірін естісе болғаны, радио дауысын күшейте түсуінің мәнін енді ұққандаймыз.
Өкінішке қарай, қазір радиодан, теледидардан, тіпті көптеген концерттік бағдарламалардан домбыра үнін сирек еститін болдық. Есесіне ертеден кешке дейін сөзі мен сазы байланыспайтын есерсоқ, даурықпа әндерді тыңдауға мәжбүрміз. Ал той-томалақта шуылдақ музыкадан құлақ тұнатын жағдайға жеттік. Қолына домбыра ұстайтындар некен-саяқ. О заман да бұ заман, жаңа түскен келіннің бетін музыкалық синтезатормен ашқан асабаларды да көз көріп жүр. Біз мұнымен қасиетті қара домбырамыз қолданыстан шығып қалды деуден аулақпыз, десек те тұрмысымыздан дәстүрлі өнеріміз шеттеп бар жатқаны рас.
Жыр алыбы Жамбыл өзінің өмірбаянында: «Менің ағам, әкемнің інісі домбырашы еді. Мен бала күнімнен домбыра үнін тыңдауға әуес болдым. Алғаш домбыраны қолыма он екі жасымда алып, үйрене бастадым. Домбыра қолыма тигенде барлық тентектікті ұмытып, бүкіл жан жүйем елжірегендей болатын еді», – дейді. Міне, қазақтың қай баласы да осылай жастайынан қобыз сарыны мен домбыраның үніне құлақ құрышы қанып өссе, сол арқылы тәрбиеленсе, олардан еліне елеулі, халқына қалаулы азамат өсіп шығатынына ешкімнің шүбәсі жоқ. Сондықтан да қасиетті қара домбыра қайсыбір қазақтың қара шаңырағының төрінен табылса деген ниет біздікі. Қасиетті аспаптың қадіріне жетейік, әйтпесе Қызыл кітапқа еніп кетер түрі бар…

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support