- Advertisement -

Руыңмен емес, туыңмен мақтан

195

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғалы елімізде, өңірімізде ауқымды істер атқарылуда. Ол тірліктің барлығы елдің мүддесі үшін жүзеге асып жатқаны талас тудырмайды. Алайда еліміз рухани жаңғыру сатысын басынан өткеріп жатқан шақта, әлдекімдердің «рухани қаңғырып» кеткені көңілге кірбің түсіреді.

Тегіңді білмесең, тексіз атанасың. Сондықтан да шыққан жеріміз бен ата-тегімізді барлығымыз жақсы білеміз. Әйткенмен қазақ руымен емес, туымен мақтанған халық қой. Өкінішке қарай, соңғы кездері трайбализм індеті асқынып барады.
Қазіргі таңда дүкендерге руларының атын жазып, іліп қоятындар пайда бола бастады. Өнер адамдары, әсіресе әншілер тектерін руларының атына ауыстырып алған. Мәселен, Аша Матай, Ақылбек Жеменей, Абай Бегей. Кейде шоу мен шуды ажырата алмай жүрген әншілер «Қазақ» деген лақап атымен ұлтын әлемге танытып жүрген кәсіпқой боксшы Қанат Исламнан үлгі алса дейміз. Кейбір басшылар да рушылдық дертіне шалдыққаны анық. Қызметкерлерді руы мен жүзіне қарап қабылдайтын ондай мекеме жетекшілерінің көксегені не? Көпшілікті ұмытып, азшылықты ойлағаны ма? Мұндай жағдайлар түрлі деңгейдегі сайлауларда да қылаң беріп қалады.
Әртүрлі адамдар бас қосқан орталарда да ру мәселесі жиі сөз болады. Өз руларын мақтан етіп, басқа руды таптап өткісі келетіндердің қатары көп. Тіпті кейбір руларды мазақ етіп бірін «ұрылар», екіншісін «бұзықтар» деп кеңк-кеңк күлгендерді көргенде, ашу қысады. Бұл бүтін бір елді қорлау ғой. «Әй, біз жақта неге қаңғырып жүрсің? Өз еліңе қайтпайсың ба?» деп ақылманситындарын қайтеміз? Сонда ол адам шетелде жүр ме екен? Мұндай жөнсіз әзіл кісі көңілін қалдыратынына олар басын ауыртпайтын секілді. Кейде осындай қысыр сөздер жанжалдың да өртін тұтатып жібереді.
Бабаларымыз «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін», «Бөлінгенді бөрі жейді» дегенді текке айтпаған. Алайда осыны түсінбейтін ақпақұлақтар қаншама? Трайбализм індетінен жедел құтылмасақ, болашақ ұрпағымызды да рушылдық сырқатына шалдықтырамыз. Ендеше, Мәңгілік Ел атанамыз десек, рушылдық індетінен арылғанымыз дұрыс.

Сейітқасым ТӘЖБЕНОВ,
дәрігер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support