- Advertisement -

Өңірді өркендету ісінің өрісі кең

155

- Advertisement -

«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» акционерлік қоғамы ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда

Елбасының 2006 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілгендей, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы – өз қызметін өндіріс, тауарлар өткеру және қызмет көрсетулер есебінен пайда табу мақсатында жүзеге асыратын әлеуетті бизнестік құрылым. Коммерциялық корпорациядан негізгі айырмашылығы – оның қорына түскен табыс тұрғындардың әлеуметтік, экономикалық және мәдени мақсаттарын жүзеге асыру үшін инвестицияланатындығында. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, міне, осы мақсатта құрылған. Ең бастысы, бұл құрылым өз кезегінде жаңа жобалар тарту, шағын және орта кәсіпкерлік ісін жетілдіру, кооперациялық қатынастарды күшейту бағыттары бойынша өңірлік даму институтына, бірегей жұмыс берушіге һәм елімізді дамытудың бірден-бір қозғаушы күшіне де айналуға тиіс.

Жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын, қаржыға, жерге қолжетімділікті қамтамасыз ете алатын, сондай-ақ іскерлік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы әкімшілік және үстем биліктік кедергілерге тосқауыл қоятын әлеуетке ие мұндай құрылымдармен кәсіпкерлердің өзара әріптестікте жұмыс істеуі тиімді екенін де көрсетуде. Кәсіпкерлік үшін ең маңыздысы – мемлекеттен, сондай-ақ ӘКК тарапынан түсетін инвестицияның сенімді қорғалуы екені белгілі. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жекеменшік сектормен әріптестік, әсіресе, бизнесті жай ғана қаржыландырудан бұрын негізгі инфрақұрылымдық құрам – жер қорының берілуімен екіжақты ұтымды бола түсуде.
Бүгінде ӘКК-лер еліміздің барлық өңірлерінде, оның ішінде біздің облысымызда да құрылып, жұмыс істеуде. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ құрылғалы бергі сегіз жыл бедерінде облыс аумағында өз инвестициялық жобаларын жүзеге асыруды көздеген бірқатар бизнес-драйверлердің сенімді серіктесіне де айналып үлгерді. Бүгінде инвестициялық, оның ішінде, кен қазбаларын пайдалану саласындағы жобаларды жүзеге асыру, мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобалары бойынша тұжырымдамалар әзірлеу және кеңес беру қызметтерін көрсету, облыстың тұрақтандыру қорын қалыптастыру міндеттерін атқару үстінде. Ал компанияның басымдыққа ие бағыттарының бірі инвестициялық қызмет, жұмыс істеп тұрған агроөндірістік кешен, жеңіл және өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету, энергетика салаларының дамытылуына қатысты жаңғырту және жаңасын салу екені белгілі. Ол өзінің осынау қызметін жекеменшік серіктестер атсалысуымен біріге құрған кәсіпорындардың жарғылық қорларын ұлғайту жолымен де жүзеге асырады. Өңірімізде соңғы екі-үш жыл көлемінде тындырылған тірліктер мұның нақты айғағындай.
Атап айтқанда, компания 2015 жылы Жуалы ауданында 50МВт қуаттылығына ие «Бурное солар-1» серіктестігінің күн электр стансасы құрылысы жобасының жүзеге асырылуына атсалысты. Оның құрылыс жұмыстарын негізінен 300-дей жергілікті азамат жүргізгені де есте. Жоба аясындағы жалпы инвестиция көлемі 128 миллион долларды құрады. Ұзақмерзімді қаржыландыруға даму және қайта жаңғырту жөніндегі Еуропа банкі мен Таза технологиялар қоры тартылды. Жүзеге асырылған жоба технологиялық шешімі мен қаржылық құрылымдалуы тұрғысынан әлемдік үздік қалыптар талабына жауап берерліктей. Бұл жоба жаңартылған энергия көздерін жетілдіру ауқымы бойынша облысымызды еліміз бойынша алдыңғы орынға шығарғанын да атап өту ләзім.
Компанияның қолдау көрсетуінің арқасында біраз жыл жұмысы тоқтап, тоқырауға тап болған Жуалыдағы «Бурный ірімшік зауыты» жауапкершілігі серіктестігі иелігіндегі кәсіпорынның «екінші тынысын» ашқаны да баршаға мәлім. Қазіргі таңда зауыт тұрақты жұмыс істеуде, өз өнімдерін еліміздің барлық өңірлеріне, тіпті экспортқа шығаруға да қол жеткізіп отыр. Мұнда барлығы 80 адам жұмыспен қамтылған.
Акционерлік қоғамның өңіріміздегі мал шаруашылығы саласының жаңашылдықпен өркендетілуіне шөлейтті аумақта өркениеттік үлгідегі алғашқы қой фермасын құру арқылы алғашқы қадам жасауы да құптарлықтай. Әзірге Қарағанды және Жамбыл облыстарында ғана қолға алынған бұл қанатқақты жоба Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы мен «Құдайберген Датқа» шаруа қожалығының бастамасымен Т.Рысқұлов ауданында жүзеге асырылуда. Академик, экономика ғылымының докторы Ғ.Қалиевтің айтуынша, аталған жоба тиімділігі тұрғысынан айрықша маңызға ие. Асыл тұқымды 1000 қой өсіруге арналған кешеннің қажеттілігі үшін бөлінген аумақтың көлемі 3000 гектарды құрайды. Ферма аумағына күннен қуат өндіретін 48 автономды қондырғы орналастырылған. Заманауи база барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Малшыларға арналған үйде де, қоражайда да баламалы қуат көзі пайдаланылады. Бұл іске тартылған инвестициялық қаржы көлемі 38 миллион теңгені құрайды. Оның 15 миллион теңгесі – «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ есебінен, ал 23 миллион теңгесі – «Құдайберген Датқа» ЖШС-ның жеке қаражаты болып табылады.
Компания, сондай-ақ, «ТаразКожОбувь» ЖШС қолға алған «Тараз қаласындағы аяқ киім және тері-былғары тауарлары өндірісі» жобасына да тікелей атсалысуда. Кәсіпорын қуаттылығын арттыру, үлгілік аяқ киімдер шығару мақсатында 2017-2021 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жобаның жалпы құны 2 233 611 мың теңгені құрайды. Бүгінде мұнда 500-ден астам адам еңбек етеді, ал жоғарыдағы жоба нақты іс жүзіне асырылған жағдайда олардың саны қосымша 300 адамға көбейтілетін болады.
Облыста «Өңірлерді дамыту–2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2016 жылы қант қызылшасы егістігінің көлемін 5500 гектарға ұлғайту міндеті алға қойылғаны белгілі. Компания осы бағытта шаруалар үшін жеңілдікпен қаржылық лизинг бойынша ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып беру жолымен өңірдің қызылша өсірушілерін қолдауды көздейтін 10 жобаны жүзеге асырды. Нәтижесінде балтамыр өсірумен айналысатын он шаруашылық 48 бірлік қуатты техникаға ие болды.
Тағы бір тоқталып өтерлік жай, жерінің құнары молдығына, егіске қолайлылығына қарамастан өңірімізде бақшалық ісі, әсіресе, жеміс-жидек шаруашылығы жеткілікті көлемде дамытылмай отырғаны екінің біріне мәлім. «Тараз» ӘКК ҰК» АҚ «Логистар» ЖШС-ның бастамасымен 2013-2015 жылдары Жамбыл ауданы аумағындағы 117 гектар алқапта қарқынды алма бағын өсіру жобасын қолға алу арқылы осы олқылықтың орнын толтыру ісін бастаған-ды. Бастапқыда өңірімізде бұрын-соңды болмаған жаңа бағыт ретінде қабылданған осынау іске тәуекел етуге тура келген. «Логистар» серіктестігінің алдын ала болжамына сәйкес, бақ егіп, өсіру үшін 229 486 000 теңге көлемінде инвестиция тарту талабы алға қойылды. 2014 жылы негізінен жер телімдерін дайындап, инфрақұрылымын реттеу жұмыстары жүргізілген. Алғашқы 24 гектар алқапқа жеміс ағаштары көшетін егу келер жылы ғана жүзеге асырылды. Арада тағы бір жыл өткеннен кейін өзінің алғашқы өнімдерін жинаған серіктестікті бұл табыс жаңа жетістіктерге жігерлендіріп, қарқынды бақ көлемін 50 гектарға ұлғайтуға мүмкіндік берген. Бүгінгі күні аталған қарқынды бақ аумағында 50-ге жуық адам еңбек етуде, олар әр гектардан жыл сайын 50 тонна өнім жиналуына да қол жеткізіп отыр. Мамандардың айтуынша, бұл қарқынды бақ өсіру саласында облыстағы табысты жүзеге асырылған жобалардың бірі деп саналуда.
Осындай тәжірибе мен табысты ескере отырып, Т.Рысқұлов ауданы аумағынан «Тараз» ӘКК ҰК» АҚ былтыр өзінің жекеменшік құқына берілген 1000 гектар алқапта «Astana Food Storage» ЖШС-мен бірлесе тағы бір қарқынды бақтың іргенегізін қалады. Болашақта мұнда жеміс-жидек ағаштарының оннан астам түрі өсірілмек. Бау-бақша шаруашылығын кешенді дамыту үшін қажетті тұқымбақ, сақтау орны, тоңазытқыштар, өңдеу цехы, қалбырлау зауыты түріндегі инфрақұрылымдау жұмыстарының бәрін де қамту ойластырылуда. Кәсіпорын алма өсіру, өнімдерін жинау және өңдеу бойынша толық қуаттылығына 2020 жылы жетеді деп күтіліп отыр. Осы жылы бұл жобаға жер телімдері толықтай игерілген жағдайда 19 миллиард теңгеге дейін инвестиция тартылатын болады. Сондай-ақ мұнда 500 тұрақты, 500 маусымдық жұмыс орнын ашу ойластырылуда.
– Біздің компаниямыз облыстық әкімдік атынан күнделікті атқаратын қызметінде мемлекеттік және жекеменшік секторлар күшін жұмылдыру жолымен кәсіпкерліктің одан әрі дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді, кластерлік жүйенің негізінде бірыңғай экономикалық нарықтың құрылуына ықпал етеді, өңірімізге инвестициялар мен инновациялар тарту үшін қолайлы экономикалық орта қалыптастырады, облыстың әлеуметтік дамуына бағытталған бағдарламаларды әзірлеп, жүзеге асыруға атсалысады.
Компания өзінің алдына қойылған тапсырмаларды орындау үшін қажетті қорлар мен активтерге, оның ішінде кен-қазба орындарына, қаржы қаражаттарына, бірқатар кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы бірлестіктеріне ие. Құрылымымыз соңғы бірнеше жыл ішінде қол жеткізген жетістіктерге қарап, қазірдің өзінде оң қорытындылар шығаруға болады. ӘКК мемлекеттік активтерді жекеменшік секторға өткізу кезінде мемлекеттің стратегиялық мүдделерін қорғау тетіктері қалай әзірленіп, жасалғанын көрсетті. Осылайша кәсіпорынды немесе жер телімін аукцион арқылы сату кезінде мемлекет бір мезгілде табыс пен қосымша салық түсімі бірлігіне ие болар еді. Бюджетке міндетті төлемдерден басқалары ӘКК арқылы жүзеге асырылған жағдайда мемлекет бизнестегі үлесін сақтай отырып, жыл сайын сәйкесінше девиденттер ала алады. Сонымен қатар қызметтері өңір үшін қажет немесе әлеуметтік маңызға ие болса, өткерілген кәсіпорындар өзінің кәсіби ерекшеліктерін өзгертпейтіндей кепілдікке де қол жеткізіледі, – дейді бұл тұрғыда «Тараз» ӘКК ҰК» АҚ-ның директоры Шамсат Исабеков.
Осылайша өңірді өркендету ісінің өрісі кеңейе түсті. Ең бастысы – әлеуметтік- кәсіпкерлік компания құру идеясы өзінің өмірге бейімділігімен болашағы бар жоба екендігін де көрсетіп отыр. Бүгінде компания шын мәнінде де өңірлік даму институты мәртебесін нық иеленіп, Мемлекет басшысының жүктеген сенімі үдесінен шығып, еліміздің жаңа экономикалық моделінің әлеуетті бір буынына да айналуда.

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support