- Advertisement -

Табиғат тамыршысы

277

- Advertisement -

Сартап дала, жусанды қырдың сыбдырымен сырласа білетін құландық Қуандық, шын мәнісінде қаланың емес, даланың ақыны. Иә, ол ауылда, далада өскен, өнген ақын екені ақиқат. Бәлкім, содан да шығар, ақынның шығар­ма­лары – таудың, құмның, даланың, бастысы табиғаттың көркем сурет­терімен үндеседі, тілдеседі. Жүрегін жауһар жырмен әлдилеген Қуандық қазақтың шұрайлы тілін мықтап меңгерген. Ол – табиғат тамыршысы.

Сөзден сурет салатын, кейбір дала көріністерін образбен орап беретін Қуандықтың бұған дейін «Кешіккен көктем», «Көксеңгір», «Қоңыр жел», «Қоңыр әуен» секілді бірнеше жинағы жарық көргендігінен оқырмандары хабардар. Осыдан біршама уақыт бұрын ақынның таңдамалы шығармаларының бірінші томы демеушілердің көмегімен көпшілік оқырманға жол тартты.
«Табиғат – тұнған сұлулық», «Өлеңім – ойым, өрнегім», «Лебіздер, сұхбаттар және рецензиялар» секілді бірнеше тараудан тұратын кітаптағы өлеңдер ақынның суреткерлік қасиетін айғақтай түседі. Қуандықтың осы бірінші томдағы «Таудың тарпаң өзені» атты өлеңінен үзінді оқып көрелікші.
«Ожауын үсті-үстіне сапыра бұлт,
Қанатын көтергендей қапыла кілт.
Шатқалға шашыратып ақ көбігін,
Толқындар опыр-топыр жатыр ағып…

Сақтықпен сыбдырлатпай төлін ерткен,
Бас қойды шөліркеген елік еппен.
Толқындар дөңбекшиді аңдаусызда,
Атандай құздан құлап белі кеткен.»
Ақиқатын айтайық. Қазіргі кезде өлеңшісі бар, басқасы бар, әйтеуір ақын көп. Алайда дәл жоғарыдағы Қуандықтікіндей өлең аз. Байқадыңыз ба, пейзаж дегеніңізді қалай тірілте салды. Жан бітірді. Көркемсурет қой, шіркін! Дәл осы картинаны басқа бір ақын өлең тілінде өрнектесе, шаблон шумақтармен шашыратып жіберер ме еді. Ал Құланның Қуандығы олай етпейді. Нақты береді, көз алдыңа көркемсурет галереясын әкеледі. Даланың тіршілігін елестетеді. Бұл – Қуандықтың ақындық һәм азаматтық кредосы десек қателеспейтіндейміз.
Оның әр өлеңін оқып отырып, нағыз ақын екеніне иланасың, өн бойыңды разылық сезімінің алауы шарпи түседі. Мәселен, «Кеш әлеті, таулы ауыл» атты шығармасындағы тынып аққан бұлақтай таза жолдар қайран қалдырмай, тамсандырмай қоймайды.
«Бұлт төнсе де түксиіңкі бурадай,
Өзекте өзен жай ағады туламай.
Сынық таға секілденіп жұқарған,
Қылтияды жаңа ғана туған ай.

Жарты әлемге жасап алған иелік,
Түн-өңешке жұтылады түйе бұлт.
Құз-жартастар қалғып-мүлгіп барады,
Үйелмендердей бір-біріне сүйеніп.»
Осы бір екі шумақтың өзінен тірі суреттер тіл қатып тұр. Өлең болып өрілген табиғаттың тылсымына жан бітірген ақын «сынық таға», «үйелмендердей бір-біріне сүйеніп» деген тосын теңеулері арқылы оқырманын бейжай қалдырмайтыны сөзсіз. Бұл енді Қуандық ақынның өзіне ғана тән шеберлік.
Жалпы, поэзияның садағын асынған «дала академигі» Қуан ақынның өлеңдерінен өзеннің жылы ағысындай майда әрі мамыражай самал есіп тұрады. Кітапқа енген, я болмаса енбеген өлеңдерінің барлығы да тотыдай таранып тұр. «Бұлт астынан қызыл ай шыға келді жап-жаңа, қақ жарылған қарбыздың жарты беті секілді», «Жарға біткен жалғыз тал көлеңкесін өзінің, қарсақты алған қырандай көкжелкеден басып тұр» деген тың ойлары шабыттың шарықтау шегінің нәтижесі іспетті. Бейнешілдік те, сыршылдық та ақын өлеңдерінен менмұндалап тұрады.
«Алғы лекте алшаңдап жүрер ме едім,
Бола алмадым ақыны Алматының» деп жырлаған Қуандық Шолақтың сол оңтүстік астананы қоныстанбағаны да үлкен олжа секілді көрінеді бізге. Қоңыр әуенді кейіпкеріміз ару қалада жүріп, мүдделер «шайқасының» қою тұманында қалып қоймасына кім кепіл? Алқын да жұлқын тартысып жатқан шығармалышық ортаның беймаза тіршілігіне, саяси ойынына араласып кетіп, шығармашылығы бір қиянда қолып қойса, қасіреттің көкесі сол болмақшы еді. Әрине, жүрегінде жыр жанартауы атқылап жатқан ақынның шығармашылық иммунитетінің зардап шекпегені мақұл.
Қазақтың қабырғалы қаламгері, Халық жазушысы Шераға: «Қазақтың рухани дүниесінде екі Шолақ бар. Олар Балуан Шолақ және Қуандық Шолақ», деп ақын шығармашылығын жоғары бағалағанының өзі не тұрады?!
«Ашығып қалған сынды қызылсырап,
Демімен жолаушының ізін сылап.
Шымшылап құлағыңды, бетің жалап,
Қойныңа қол сұғады қызыл шұнақ». – Па, шіркін! Құтыңды қашыратын құтырғы аязды ап-айқын ақырта сипаттайды, деп ұлт әдебиетінің абызы Мұзафар Әлімбаев Қуандықтың өлеңіне риза болғанын да білеміз. Ақынның шығармашылығы туралы қазақ ұлтының мүйізі қарағайдай қаламгерлері кесек ойларын сан мәрте түрлі жиындарда аямай айтты, батасын берді.
Қуандық – бақытты ақын. Оның жүрегін өртеген жыр жолдары таңғы шықтай мөлдір. Бақай есепшіл қоғамнан басын алшақтап алып, ауылда жатып Алашты мойындатқан ол бақытты болмағанда кім бақытты болсын?! Ауылда тұрады. Елдің адамы. Содан да болар, шығармашылығы да ауыл адамдарының мінезіндей шынайы, адал, таза. Жаратқан Қуандық ақынды сол бақытынан айырмасын, ұзағынан сүйіндірсін дегіміз келеді. Өйткені ол шын мәнінде де әдебиеттің адал перзенті.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support