- Advertisement -

Әліпби – ұлт таңбасы, елдіктің айшығы

188

- Advertisement -

Ұлттың ұлт екенін айғақтайтын мәңгілік құндылығы – тілі мен әліпбиі. Ел руханияты мен мәдениетіне айрықша жанашырлықпен қарайтын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәңгілік Ел болу үшін ұлтымыздың осы екі тірегі де мәңгілік болуы шарт екенін көрсетті.

Латын графикасына көшу – қазақ тілінің табиғи заңдылығын (жалғамалы тілдер тобына жататынын) ескере отырып, акустика-артикуляциялық базасы мен түркі тілдерінің үндестік заңдылығын сақтап таңбалау деген сөз. Ол тілді компьютерлендірілген инновациялық технологиямен үйретудің оңтайлы тәсілдеріне қол жеткізіп, түркі халықтарымен саяси-мәдени қарым-қатынасымыздың дамуына жол ашады. Профессор Қ.Жұбанов айтқандай, әліппеміз «бұқарашыл» болады. Туған тіліміздің тарихи даму кезеңдерін негізге ала отырып, қазақтың шынайы болмысын айқындайтын шұрайлы тіліміздің, қаймағы бұзылмаған қазақ сөзінің терең мағынасын әлемге танытатын кез келді. Тіл дамытудың айналасындағы жоспарлы түрде жасалып жатқан қыруар жұмыстарға әрбір қазақстандықтың өз үлесін қосатынына кәміл сенемін.
Университет ғалымдары, тіл мамандары бұл бағытта жұмыс атқаруға дайын. Жақында ғана университетімізде «Латын графикасын үйретудің оқу-әдістемелік кабинеті» ашылып, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы және облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасымен тығыз байланыста жұмыс атқаруда.
Мемлекет басшысының 2017 жылғы 26 қазан күнгі Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне енгізілген өзгерістер қазақ әліпбиін үйренуде тиімді. Жаңа редакция жазу эстетикасын да сақтайды. Әліпбидегі S’ – Ш, C’ – Ч әріптеріндегі апострофтардың орны диграфтармен алмастырылды: Sh – Ш, Ch – Ч. Бұл диграфтар ағылшын тілі арқылы жалпы жұртқа танымал әрі жастар ол диграфтарды әлеуметтік желілерде еркін қолданады.
Сондай-ақ жаңа редакцияда ескерілмеген кейбір жайттар да бар. Компьютердің пернетақтасындағы әріптер әлі де толық пайдаланылмаған. Егер пернетақтадағы бос қалған әріптерді дұрыс қолдана білсек, жаңа әліпбиіміз әлі де жетіліп, тиімділігі арта түсер еді деп ойлаймыз. Мәселен:
Ж, ж – С, с;
У, у – W, w;
Һ, һ; Х, х – X,x;
И, и; Й, й – J, j;
Ғ, ғ – H, h.
У, у – W, w әрпінің орнына қолдануға болатындығын, оның даму тарихы туралы профессор Ә.Жүнісбеков өзінің зерттеуінде дәлелдеді. Жалпы пернетақтадағы латын қаріптерін толық пайдалансақ, жаңа әліпбиде дәйекшесі бар төрт әріп қана қалады екен. Әйтсе де, бұл толықтырулардың өзі қазақ әліпбиінің бірізділікке түсе бастағанын көрсетеді.

Әзімхан Ыбырайым,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың доценті

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support