- Advertisement -

«Халықтық бақылау» іс жүзінде

315

- Advertisement -

Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік әлеуметтік мүдделерді қорғауды көздейтін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу 2018 жылғы 1 қаңтардан 2020 жылға ауыстырылғаны белгілі. Сақтандыру кейінге қалдырылғанына қарамастан, 2017 жылғы 1 шілдеден өз қызметкерлері үшін ай сайынғы жарна аударуды бастаған жұмыс берушілер бұл үдерісті жалғастыра береді.

Өткен жылы жұмыс берушілер қызметкер жалақысының 1 пайызын аударса, биыл және 2019 жылдары 1,5 пайызды құрайды. 2020 жылы оның көлемі 2 пайызға жетпек. Ал жеңілдік санатындағы азаматтарға мемлекет төлем жасайды. Егер қызметкер жеңілдік санатының біріне жататын болса, аударым жасаудың қажеті жоқ.
– Медицинаға міндетті жүйені енгізу кейінге шегерілгенімен, қазір емдеу мекемелерінде негізгі жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді Тараз қаласындағы №1 «ZHANUYA» емханасының бас дәрігері Бота Үзденбаева. Маманның пікірінше, тұрғындар мен жұмыс берушінің жауапкершілігін арттыруды көздейтін медициналық сақтандыруға кедергісіз көшу үшін ақпараттық жұмыс тоқтамауы тиіс.
– Өткен жылдың сәуір айынан бастап бүгінге дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Біз емханаға қарасты (8 мектеп, 6 балабақша және 3 жабық мекеме, 2 мектеп-интернат, бір балалар үйі) және емхана аумағында орналасқан жеке мекемелерді де қамтып, тиісті ақпарат беріп отырамыз. Емхананың әр қабатында экрандар орнатылған, сол арқылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша бейнеролик көрсетіледі. Емханада кезек күтіп отырған емделушілермен де ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Былтыр емдеу нысанына 38 мың тұрғын тіркелсе, биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша тіркелген тұрғындар саны 40 мыңға жетті. Медициналық сақтандырылған кез келген адам көмекті тегін ала алады, – деді Бота Болатқызы.
Бас дәрігер «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ауруханалар мен емханалардың қызметін бағалауға арналған мобильді қосымшаның енгізілгені туралы да құлағдар етті. Оның айтуынша, тұрғындар осы қосымша арқылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қызмет көрсететін клиникалар мен емханалардың жұмысын бағалай алады екен. Бұл тізімге алдағы уақытта медициналық сақтандыру жүйесіне қатысатын денсаулық сақтау нысандары толық қосылмақ. Сонда көпшіліктің тілек-шағымына қарай клиникалардың рейтингісі жасалып, азаматтардың ең үздік емдеу мекемесін таңдауына үлкен мүмкіндік беріледі.
Қорыта айтқанда, денсаулық сақтау нысандарының рейтингісі осы қызметті пайдаланушылар қойған баға негізінде автоматты түрде жасалып, мемлекеттік сақтандыру қорының сайтында жарияланып отырады.
Қор өкілдерінің айтуынша, емделушілер осы қосымша арқылы емханалар мен стационарлар қызметін әртүрлі өлшемдер бойынша бағалауға мүмкіндік алады. Олар – қабылдауды күтуге кеткен уақыт, сервис деңгейі, дәрігер берген ем-домның дұрыстығы, түсініктілігі, қызмет көрсетуге жасалған жағдайлар. Оған қоса, емделушілер өз пікірін еркін түрде жазып қалдыра алады. «Халықтық бақылау» деп аталатын қосымшаны AppStore және Play Market арқылы жүктеп алуға болады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support