- Advertisement -

Судья – әділдіктің айнасы

294

- Advertisement -

Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты дәстүрлі Жолдауында алдымызға белгілеп берген он міндеттің тоғызыншысы ретінде заңның үстемдігін атап өтті. Құқықтық мемлекет құруда сот билігінің жетекші рөлге ие екенін Елбасымыз үнемі айтып келеді. Мәселен, Қазақстан судьяларының VI cъезінде сөйлеген сөзінде: «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз – дәл сондай қоғам құру», – деген еді.

Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген аталы сөз бар. Мұның мағынасы – билік айтушы ешкімді алаламайтын, адал, қара қылды қақ жарған әділ болу деген бабадан қалған астарлы ұғым. Көрнекті ғалым Салық Зиманов «Би – дала төсіндегі әділдіктің басты жаршысы, қара қылды қақ жарған төреші, үлгілі жол-жоралғыларды түзе білген заң шығарушы, өрелі сөзді өрнектеген ақын, қызыл тілдің тезімен талайды пәтуаға келтірген шешен, қысылтаяң тұста тіл қаруы мен найзасын қолына қатар ұстаған батыр», деген. Судьялар да даулы мәселелерде түйінді шеше білетін, әділдікті ту еткен тұлғалар. Біздің бүгінгі сот билігіміз Ұлы дала өркениетінде сот билігінің қалыптасуы мен белсенді дамуында билер соты ерекше орын алған билер институтынан тамыр тартатыны белгілі. Даланың дана билерінің төрелік етер тұсындағы негізгі және үлкен қаруы «сөз» болған. Қандай да бір дау-дамайдың түйінін кесімді түрде кесекті сөзбен ғана шешіп отырған. Дүйім жұрт та уәжді сөзге тоқтаған.
Сот билігі – өз өкілеттігін адам мен адамзаттың құқығы мен бостандығын қорғайтын, Қазақстан Республикасының біртұтас экономикалық және құқық кеңістігі жолында жүзеге асыратын биліктің дербес, тәуелсіз тармағы. Сот жүйесіндегі жаңа реформалар – халқымыздың игілігі жолындағы басым бағыт. Мемлекеттік құқық саясатын жүзеге асыру, сот құқықтық реформаны тереңдету, ұлттық құқық жүйесін жетілдіру мен өзара жақындастыру мақсатында көршілес елдермен тәжірибе алмасу да мемлекеттік саясаттан тыс қалған жоқ. Ең бастысы, бүгінгі күннің болашақ судьясын – өмір талабына сай, сот тәлімгерлік тәжірибеден, өндірістен өткен, адамгершілік, ар-ождан тазалығын, патриоттық сезімін, тәлім-тәрбиесін және өмірлік ұстанымдарын ескере отырып, жан-жақты білімді және білікті жастардан жасақтау қажеттігі – сот тәуелсіздігінің бір көрінісі ретінде жасалған оң қадам. Сот жүйесінің дәл қазіргі уақыттағы жеткен басты биігі – халықтың сотқа деген сенімінің артуы. Сондықтан сот жүйесін одан әрі жетілдірудегі басым бағыттардың бірі және бірегейі соттың ашықтығы, жариялылығы, халық пен сот арасында екіжақты байланысты бекемдеу болып қала бермек. Мемлекетіміз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететін ашық және бүкпесіз сот жүйесін қалыптастыруға бағытталған көптеген шараларды қабылдап келеді. Ата Заңымыздың 75-бабы 1-тармағында «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады» делінген. Яғни соттардың шешімдері әділ болса, қоғамның мемлекетке деген сенімді көзқарасы арта түсері анық. Атап айтқанда, соттардың тәуелсіздігін әрі нығайту жолында сот шешімдерінің ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етілді. Сот беделі сот шешімдерінің әділдігіне, судьялардың кәсіби біліктілігіне, ұстанған ұстанымы мен жеке басының қасиеттеріне байланысты. Әділдікті іздеген әрбір жүгініске судья ізгілікпен қарап, әділ билік айтудың үлгісін қалыптастыруға міндетті. Сондықтан мемлекетімізде сот жүйесі тек әділдікке негізделуі керек.

Азамат Тлепов,
облыс бойынша қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support