- Advertisement -

Жаңа әліпби нұсқасын қалай қабылдадыңыз?

148

- Advertisement -

Бұрнағы күні Елбасы ұлтымыздың санасын бұғаудан босатып, түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашатын латын графикасына көшу туралы Жарлыққа өзгерту енгізді. Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі жаңа редакцияда жарық көрді. Осыған орай, «Халық сөзі» айдарының кезекті жарияланымында облыс тұрғындарына «Жаңа латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін қалай қабылдадыңыз?» деген сауалды жолдаған едік.

Сейсекүл ТӨЛЕПБАЕВА,
Тараз қаласының тұрғыны:

– Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Сол алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Сондықтан бұл – бізге таңсық дүние емес. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, латын әрпі – біздің дәстүрлі мәдениетімізді дамытудың, әлемдік ғылыми-техникалық, қаржы-экономикалық айналымға ену жолындағы рухани баспалдағымыз болмақ. Сол себепті, мен бұл бастаманы әу бастан-ақ қолдадым. Әсіресе соңғы нұсқа көңілімнен шықты.
Бірақ бұл мәселеде асыра сілтеушілікке, асығыстыққа, шалағайлыққа салынбай, байыппен қарағанымыз жөн. Бұлай деуіме себеп – жақында таныстарымнан кейбір жоғары оқу орындарында студенттерге латын әріптерімен диктант жаздырғанын естіп қалдым. Бұл енді асығыстық деп ойлаймын. Кейбір тіл мамандары жобаны әлі де болса жетілдіре түсу керек деген пікірде. Жалпы, газет беттерінде 2021 жылдан бастап бүлдіршіндеріміз таза латын әріптерімен хат танитындығы жазылған еді. Сол себепті, сауатты ұрпақ қалыптастыру үшін қазақтың жаңа әліпбиіне көшу үрдісін жүйелі түрде, жан-жақты ойласып, тиянақты жүргізгеніміз жөн деп есептеймін.

Нұрлан КӨПБАЕВ,
Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны:

– Латын қарпін өзім бұрыннан қолданамын десем болады. Себебі ұялы телефонымда кириллицадан гөрі латын әріптерін пайдалану ыңғайлырақ болғандықтан, соған машықтанғанмын.
Алдағы уақытта латын графикасына негізделген әліпбиіміз архивтерде шаң басып жатқан талай құжаттарды қайта қопарып, шетел әдебиетімен етене жақындаса түсуіміз үшін зор септігін тигізеді деп сенемін. Жаңа әліпбиге толықтай көшіп алғанымызша әлі талай қиындықтар кездесіп, түрлі пікірлер айтылары заңды. Біздер, келешек ұрпақ, 1940 жылы Ресейдің күштеп енгізген кирилл әріптерінен азат болатынымызды, ата-бабаларымыздың мол жазба мұраларымен қайта қауышатынымызды ойласақ, бүгінгі буынның қиналғаны түк те емес. Әрі кириллица бірнеше жыл латынмен қатар қолданылатын болады.
Жалпы, жастар тарапынан бұл бастама зор қолдауға ие деп, сеніммен айта аламын.

Айман БАТЫРБАЕВА,
Жуалы ауданының
тұрғыны:

– Бүгінде, әсіресе, әлеуметтік желілерде латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне қатысты екіжақты пікір қалыптасқан. Оның бірі – кириллицадан бас тартпас бұрын алдымен өзге де проблемаларды шешіп алғанымыз дұрыс десе, екінші топ әлемдік ғылым мен білімнің негізі латын қарпінде дейді.
Мұғалім болғандықтан, өз салама қатысты айтар болсам, білім жүйесіне енген соңғы жаңалықтарды меңгеру оқушыларға ғана емес, ұстаздардың өзіне де қиындау болып тұр. Үш тілді үйрену, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім саласындағылардың барлығына да оңай соқпауда. Енді жаңа әліпбиге көшсек, әсіресе бастауыш сынып оқушылары мұның барлығын игеріп кете алмай қала ма деген қорқыныш та жоқ емес. Екінші жағынан, әліпбидің жаңа нұсқасын біртіндеп, сауатты түрде енгізе білсек, бұл қиындық та артта қалады деп ойлаймын. Әрі латын графикасына көшу – заман талабы. Тек осы орайда, ең алдымен, мектеп бағдарламалары дұрыс түзіліп, жаңа оқулықтар сауатты жазылса, оқушылардың, білім беру құралдарының жайына көбірек назар аударылса деймін.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support