- Advertisement -

Көмілмеген өлексе шулықтардың наразылығын туғызуда

108

- Advertisement -

Жақында Шу ауданының Ғалия Әбітаева есімді тұрғыны әлеуметтік желідегі парақшасында: «Аудан маңында ауру малдың еті мен сүйектері көмілмей жатыр. Жақында жұрт тастаған қоқыстардан тау төбелер пайда болатын болды», – деп дабыл қаққан еді. Осыған байланысты, өлекселер тасталған аймаққа жауапты адамдарды іздемес бұрын, сол маңды көзбен көрмек болып, біз де жолға шықтық. Байқағанымыздай, ол жердегі өлген малдың өлексесі онсыз да ашулы тұрғындардың ызасын одан әрі өршіткен сыңайлы. Ол аз десеңіз, өлексе әбден шіріп, қолқаңды қабатын жағымсыз иіс айналаға жайылған. Сонымен бірге бұл маңнан көзге түрпідей көрінетін малдың сүйек-саяғы мен терісін және әр жерде шашылған тұрмыстық қалдықтарды көптеп кездестіруге болады. Расын айту керек, жол бойында жатқан өлексе мен сүйектерді мұндағы ит-мысықтар да талғажау етуде. Ал өлген малдың етін жеген мақұлықтар қандай да бір ауруға шалдықпасына кім кепіл?
Кәсіби әдетіміз бойынша, мән-жайды білу мақсатында Шу аудандық ветеринария бөліміне хабарласқан едік. Алайда ондағылар «бұл біздің қызметімізге жатпайды. Әкімшілікке хабарласыңыздар» деп, ат-тонын ала қашты. Содан Шу қаласының әкімі Бақытжан Тұрғынбаевқа хабарласып, тұрғындардың наразылығын жеткізгенімізде, ол бұл жағдайдан мүлдем бейхабар екенін айтып, мұны бізден естіп тұрғанын жеткізді. Десе де қаланың тазалығына әкімшілік жауап беретінін және алдағы уақытта ол маңды тазартатынын айтып сендірді. Иә, жауаптылар тұрғындардың талап-тілегін ескерусіз қалдырмай, тиісті шараларды қолданады деп сенеміз. Дей тұрғанмен, қала әкімдігі «тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде» екенін қапарінде ұстаса екен дейміз. Аудан әкімдігі мал өлекселерінен шыққан иіс ауаны ластаумен бірге, бірқатар жұқпалы ауру тарататынын да ескере отырып, аудан тұрғындары арасында өлген мал, ит-құстарының өлексесін көшеге шығарып тастай салмай, оны жоюды талап ету жұмыс­тарын мықтап қолға алу керек сыңайлы. Өйткені аудан тұрғындарының сөзіне сенсек, бұндай жағдай тек Шу қала­сында ғана емес, аудан орта­­лығына іргелес жатқан ауылдарда да көптеп кездесетін көрінеді.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support