- Advertisement -

Н. Дәутайұлы: Асау ғұмыр ағызып өте шықты

302

- Advertisement -

Осы замандық қазақ әдебиетіне көркем ой мен сөздің көрікті өрімін әкеліп, сол арқылы өмір шіркіннің қым-қуыт құбылыстарын ақиқатымен айтпай тұра алмайтын өткірдің жүзі еді, Рахымжан. Біріміз Таразда, біріміз Атырауда тұрсақ та, телефон арқылы армандарымыз, азап-шерімізбен апта сайын алмасып, бірге ғұмыр кештік, біз. Ол әдебиетіміздің жаңа тұрпатын, әлемдік ой-жүйеге, танымға жақындай түсуді көксейтін. Жақында ғана жаңа шығармасын жазуға отырып еді. Көп ұзамай, «Аға, менен сөз қашыпты, қалам жүрмей отыр» деген. Содан оншақты күн өткенде, ақпанның 10-ы күні телефон шалып тұр, даусы бөтен. Бар айтқаны: «Аға, алда-жалда аңдамай айтып қалған сөзім болса, кешіңіз…»

Енді ойлаймын, «менен сөз қашыпты» деуі, бір қатердің төніп келе жатқанын аңғартатын саналы жанның түйсік алаңы ма екен, кім білсін.

Рахымжан дүниеден озыпты деген хабар жетісімен дүйім қазақ боздап қоя берді ғой. Төрт құбыламыз түгел жетеді екен, қадіріне. Оқып-тоқыпты ойынды еті он бөлек ойсылқара ойларын ормандай қаптатқан шығармаларын. Сірә, Рахымжан Отарбаев ғұмырының ел есінде қала беретін екінші бөлімінің басы да осы тұс.

Біз жолдас, достан гөрі мейлі қатар жүрейік, мейлі алшақ жүрейік, ғұмыр кешу, сол шіркіннің мәні мен мағынасын пайымдау, адамның адамнан өзге ешкімі жоқ екенін елге ескерту, сол Құдіретті құндылығымыздың жан дүниесіндегі жұмбағы мен құбылыстарын көркем зерттеу тұрғысында рухымыз біртұтас біткен кез келгенде кездесе бермейтін рухани ұяластар едік. Қалай жүріп, қалай тұрса да, нені ойлап, нені қойса да бірге жасайтын, бір-бірін таламайтын ұяластар…

Жамырап келетін ойларды да, иектеп тұратын идеяларды да тең бөлістік. Біріміз алып шыға алмағанды бірімізге ұсындық. Бұл – жазушы атаулыда бола қоймайтын жағдай. Қазақта құдай қосқан, құдай табыстырған деген әңгіме бар ғой. Біздікі сол болар.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы. Күздің күрең күні. Үйде, жұмыс кабинетімде қағаз шимайлап отыр едім, күтпеген жерден осы Рахымжан кіріп келді. Оқта-текте одақта сыртынан көретін едім. «Аға, Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінде жұмыс жасап жатырмын. Қазақты қатты сағынып, өзіңізді іздеп келдім» деді.

Өміріміздің өрімдері ұқсас болып шықты. Мен әкемнен, ол анасынан 5 жасымызда айырылғанбыз. Балалық шағымыз қалың жұрттан шеткері малды ауылда өткен. Ол құмда жалғыз ойнаған. Мен жартасқа жалғыз өрмелеп-түсіп ойнағам. Екеуміз де жазуды өлеңнен бастаппыз. Алпыстан астам жас ақындардың жырларын топтастырып Сағи Жиенбаев шығарған «Балауса» деген кітапқа топтамаларымыз енген. Кейін екеуміз де өлеңді жайына қалдырдық. «Аға, со шіркіннен құдай сақтапты ғой» дейтін ол. Онысы рас.

Менікі өлеңшілдік еді. Ал Рахымжан… Онда поэзияның адуын қуаты болды. Қоғамның қоясын қазып, сай сүйегін сырқыратқан өлеңдерінен қызыл идеология үркіп шыға келді. Тұманбай Молдағалиевтан бастап біраз аға ақындар «Айналайын, сен осы жұмсартып жазсаңшы» дегенде, қолды бір сілтеп, прозаға біржола бет алған.

Ол Бішкекте елшілікте қызмет істегенде Шыңғыс Айтматовқа өте жақын жүрді. Заңғар жазушымен 14 касетаға жазып алып, кейін ол кітапқа айналған сұхбатын бір түн отырып тыңдағанымыз бар. Ұлттық ой-танымның ұшы-қиыры жоқ тәлімінің жалпы адамзаттық азап-шердің, сол тудыратын күрескерлік рухтың шегіне дейін жеткен құдіретін көрсеткен шебердің талантына аң-таң болатынбыз. Кейін осы Айтматовтың ой-жүйе сипаты Рахымжан шығармаларынан байқалып жүрді. Шықаң тіпті Рахымжанның жастау кезінде жазған «Беріштің бес қасқасы» дейтін повесіне қатты ден қойып, осы шығарманың негізінде пьеса да жазған.

Қайсыбірде аулаға ақшаңқан «Волга» келіп кірді. Рахымжан түсіп келе жатыр. Машина руліне отырып көрмеген ғой, «Қисалаңдатып 20 шақырым Бішкектен зорға жеттім, аға», дейді. Елшіліктің қызыл нөмірінің арқасында ГАИ тоқтата қоймаған. Машинасына құтты болсын айттым. «Құтты болғанда, мен мұны жүргізе алмаймын, жүргізгім де келмейді, өзіңізге алып келдім. Мініп алыңыз, аға», деп қарап тұр.

Осы «Волгамен» екеуміз Атырау барып, Астрахань асып, Кап тауына жетіп, сондағы «Қазақ» ауылына ат басын тіремек ойда едік. Амал не, алмағайым заман туып, армандар жайына қалды.

Ол Қордайға жиі-жиі келіп тұратын. Көбіне Шу өзенін бойлап ұзақ-ұзақ жүріп алатын едік. «Өзеннің өмірі – ағыс, адамның ағысы – ой-ау» дейтін. «Ақ Жайықтың» жағасында тұрғанда да осыны айтып еді. «Есілдің» бойында да». Сұмдық таңғалатыным, дәл сол сәтте оны мен де айтып тұрған едім. Біреуміз дауыстап, біреуміз іштей… Бір сәтте… Қызық қой…

Жаздың шілдесі. Төбесі көк тіреген «Ойжайлауға» бардық. «Кенен атамыз әнге қосқан қасиетті ұшар биік, сәлем бердік» деп түсіп еді Рахымжан ақ «Волгадан». Көктемнің бір күнінде қазақтың ұлт азаттық күресіндегі шешуші жеңісі өткен Аңырақай даласына бардық, арнайылап. «Қазақ осы жеңістен қаншалықты тәлім алады, аға, – деген. – Үш жүздің басы қосылып жеткен жеңісі ғой. Бес саусақтың бірлігінің темірдей тегеуріні. Жеңіске исі қазақ болып жетудің үлгісі. Иә, исі қазақ болып…»

Атақты «Сұлутөрдің» де көкорай шалғынымен көмкерілген ұшар биігіне де шыққанбыз. «Бір жағы Алатау, бір жағы Қаратау Жамбыл облысы жерінің табиғи бітімі саналуан сипатымен әрі сұлу, әрі айбатты, әруақты-ау деп тамсанған Рахымжан. – Исі қазаққа сес те, ес те болған бұл өңірге кімдер келмеді, кімдер кетпеді. Өтеген батыр, Кебекбай, Ноғайбай шешен-билер, одан беріректе Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза. Қазақтың қайраткерлік, ерлік пен өнер рухының ұлттық феномендері. Бір Кененнің өзі неге тұрады! Бір Кененнің өзі – бір филармония. Ұлы композитор!»

Рахымжанның Шераға десе, шығарға жаны басқа еді. «Қай жағына қараса да қасқайып тұрып, сөз айтқан қабыланымыз» дейтін. Қол астында істеген. «Социалистік Қазақстан» газетінде Шерағаң бас редактор. Арал теңізінің айналасында тұратын жұрттың азып-тозып, аңырап жатқан кезі. Рахымжанды іссапарға жібереді. Қанды жасын ағызып мақала жазып әкеледі. Ол кезде мұндай мақаланы оқығанды айтасыз, естіген атқа мінерлердің жүрегі тоқтап қала жаздайтын. Цензура қатал. Газет саны оқылып бітіп, баспаханаға жіберілетін кезде Ақ үйден арнайы адам келеді. Не басылғалы жатыр, түгел

қарап шығады. Рахымжанның мақаласын оқыған кезде, көзі тас төбесіне шыққан. «Кемелденген социализмге жетіп, коммунизмге әне-міне барып қалғалы тұрғанда Аралда мынадай болып жатырларың не!.. Дереу алып тастаңдар, немедленно», деп столды қойғылаған. Түнгі сағат үш. Қайтеміз, Шерағаңның үйіне телефон соқтық. Осылай да осылай… Сонда Шерағаң күндей күркіреді. Өз халқының қасіретін жасыратын болса, ондай қоғамның атасын нәлет, басыңдар! Өзім жауап беремін!» деді.

Осыны айтқанда, Рахымжан қатты рахаттанып алатын. «Қазақта Шерағаңдай редактор енді қайта туа қояр ма екен», дейтін.

Рахымжанның өзі де өтпес пышақты өзекке тепкен өткірдің жүзі болды. Өмірде де, әдебиетте де. Ол қоршаған ортаның қасіреті мен кесапатының кеңірдегінен алып, ит терісін басына қаптап жазды. Түсінігі төмен, түйсігі таяздар оны басқаша, яғни оппазициялық әрекет көрді. Нағыз жазушы, жеке адамдардан да, қоғамнан да өзін оқшау ұстайды. Құбылмалы, құйтырқы құбылыстармен келісімге келе алмайды. Бұл оның өз қоғамына қарсылығы емес, оны болып жатқан немесе келе жатқан кез келген кесапаттан ескертуі. Концептуалдық жетістігі бар көркем шығарманың сол ақиқатын айта алу, жазушы үшін жаратушыға жақындай түсудің, жалғыз жолы.

Жоғарыда айттым ғой, біз біріміздің алып шыға алмағанымызды бірімізге ұсынатын едік деп. Бірде әдейілеп ол Атыраудан, мен Тараздан Алматыға келіп, пәтер жалдап, 4-5 күн әбден әңгімелескенбіз. Ол әңгімелерде нелер жоқ дейсің… Армандарымыз Алатауды айналды, Ақ Жайық бойлады. Тағдырымыздың бастау көзіне барып қайттық. Серілік те, перілік те айтылды төгіліп. Ауыл амазонкаларының әпенделігіне жарыла күлдік. Оны айтасыз, бордай тозып, боздадық та… Қоштасар сәтте: «Аға, – деген Рақымжан, – Сізге, бір аманат. Ол мынандай: ерлі-зайыптылар ажырасады. Араларында бір ақ күшік бар. Ажырасқандардың арасында арлы-бері жүгіреді де жүреді. Соны жазып көресіз бе, мен алып шыға алмадым. Қолайыма келмеді, білем». Жаздым «Ақ күшікті». Повесть. Көңілі ояу, көзі қарақтылар жабылып оқып жатыр. Классик жазушымыз Төлен Әбдіков айтса, бүгінгі әдебиетіміздегі үздік шығарманың бірі. Рахымжан болмаса, оны мен қайдан алатын едім.

Бірде ертеңгісін звандап тұр. «Шай ішіп отырсыз ба?» Екеуміздің де, ертеңгі шайды құрымдап ішетініміз бар. «Мен де, – деді. – Бір ой келіп отыр. Жерді ғой, қалталылар сатып алып жатыр. Басқасын да. Жазатайым жау жағадан алатындай болса, былайғы жұрт кімді қорғайды? Солардың байлығын ба? Ойланайықшы…»

Ойландық. Азап-шері бір, әуені туыс, жаздық бір-бір әңгіме. Жарыса жарық көрді. Кітаптарымызға енді.

Жақында мен І халықаралық «Рух» әдеби бәйгесінің Гран-приін алдым ғой. Ондай бәйгенің жарияланғанын естімеппін. Түнде Рахымжан звандап тұр: «Түркиядан келдім, аға. Бір азамат хабарласты. «Рух» деген әдеби конкурс өтіп жатыр екен. Өзі халықаралық. Не ойлап отырсыз?» «Естіген жоқпын». «Енді естідіңіз, жіберіңіз шығармаңыздың бірін. Мысалы, ана «Тағдырды». Өзім оқып едім ғой. Алады сол».

Рахымжанның жанашырлығында. Ағам қалып қойып жүрмесін, деген адал ниет, алаң көңілінде. Жыл басында Мемлекеттік сыйлыққа арналған конкурс жарияланбады ма. Ал енді Рахымжан қайта-қайта телефон шалсын. Сондағысы: «Аға, түсіңіз осыған». «Өзің ше?» «Жоқ, сіз түсіңіз, сіздің алғаныңыз – менің алғаным. Екеумізге жетеді бір сыйлық».

Кезінде осы сыйлықты екеуміздің алма-кезек ала алмағанымыз бар. Маған кітабымның «Айғыркісі» деп аталғаны, Рахымжанның «Шыңғыс ханның көз жасы» романының шағындау болғаны үшін бермей қойған.

Әңгіме, бірақ мұнда емес. Әңгіме, өзін былай қойып, мені алға салғаны. Көксегені – әуелі менің озғаным. Осындай кеңдік, қане, кімде бар? Бұл не деген адал пейіл. Жолын бере салатын адамды қайдан табасың. Рахымжанның ғана қолынан келетін асқан азаматтық емей, немене. Өзі айтып тұрғанда, деп өңмеңдеп қоя берудің өзі рухы бір ұяласыңа жасаған опасыздық сияқты болып көрінген. Ол ойымды сезді Рахымжан. «Бекер сөйтесіз, – деді. – Мен енді ешқашан Мемлекеттік сыйлыққа түспеймін. Оны айтасыз, екі-үш жылдан кейін жазуды мүлде қоямын».

«Аға, менен сөз қашыпты» деген, «Қаламым жүрмей жатыр» деген сөздері есіме түседі қазір.

Рахымжандікі не, түңілу ме? Аса талантты жазушылардың бәрінің басында болып тұратын табиғи заңдылық па? Саналының қайсысында жоқ, ол. Біреуді ерте, біреуді кеш иектейді. Қисынды, қисынсыз қилы тағдыр. Кейде, кейде мына жалған дүниеден кетіп-ақ қалғың келеді, бірақ Абай айтатын «өңшең қиқымға» ерегісіп сүресің өмірді. Рахымжан бәлкім, сол «өңшең қиқымнан» мүлде түңілген күйзелістің әл бермей бара жатқанын сезді ме екен… Өзім солай ойлағам. Өйткені, өзімде де бар ондай күй…

Пьеса жазыңыз, деп те әбден мазалады. Тіпті, 2018 жылдың жоспарына кіргізіп қойған. «Рахымжан-ау, мен драматург емеспін ғой» деймін. «Диалогты сізге ұқсап құратын адам некен-саяқ». Одан күнделік жазыңыз, деп және «жан алды». Өзі биыл «Жас Алашқа» жарияланып жатқан күнделіктерінен телефонмен оқып беріп жүрді. Не жазса да маған жіберетін. Сондағысы «Әуелі өзіңіз оқыңыз».

Атымтай жомарттығы өз алдына еді ғой. Халықаралық Рахымжан Отарбаевтың әдеби қорын құрды. Үздік әдеби шығармаларға бәйге жариялады. Мақсаты – әдебиетімізге қызмет, ақын-жазушыларды қаржылық қолдау. Енді телефон шалады. «Қазылар алқасы сізсіз». «Өзгесі кімдер?» «Өзгесі де өзіңіз». «Олай болмайтын шығар». «Бізге болады».

Осындай бір оқыс шешімдері де бар еді.

Тізіп айта берсем, мына шағын естелік-мақала көтерер жүк емес. Соңғы төрт-бес жылдың көлемінде қатты асықты. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне дейін сапарлады. Қаншама елдерге кітаптарын аудартты. Пьесалары қойылып жатты. Өткен жазда Қырғызстанда Рахымжанның театр фестивалі өтті. Бір апта бойы. Қордайдың суын ішіп, дәмін татқан Рахымжан еді ғой деп, ауданның алмұрт бағына үш киіз үй тігіп, сырттан келгендеріміз бар, қырғыз театрының қайраткерлері бар, тай сойып, 40 шақты адамға дастархан жайып, өзіне ат мінгізіп, менің биліктегі інілерім қазақтың көрнекті жазушы-драматургі Р.Отарбаевқа аса бір ілтипатпен құрмет көрсеткен еді. Енді олар да алма-кезек телефон шалып, күңіреніп жатыр.

Менің 70 жылдығыма 3 күн бұрын келді. Өзі жүргізіп, өткізу үшін. Мерейтойдан кейін тағы екі күн жанымда қалды. Кетерінде: «Мен 65 жылдығымды атап өтуді мақұл көріп отырмын, аға» деді. «Неге 65?» «Ары қарай кетсе, қартайыңқырап қаласыз ба дегенім ғой. Ал бергі бес жылда жүрісіңізден тая қоймассыз. Тойымды өзіңіз басқарасыз».

Әттең, адамның айтқаны болмай, Алланың дегені болады. Асау ғұмыр ағызып өте шықты. Жаныңның жартысын оқ жұлып кеткен сияқты. Меңіреу дүниеге мелшиіп тұрған мең-зең күй. Қазақтың қайран Рахымжаны көзің тіріде қадіріңе жете алмаған бізді кеш, деп күңіреніп отырмын. Ұлттың Рухын көтерген асау ғұмыр аяқасты ағызып өте шықса, басқадай айтар сөз қайсы?

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support