- Advertisement -

Жаңа медианың дәуірі туды

172

- Advertisement -

Ақпараттық технология әр ғасырда өз заманына қарай дамитын сияқты. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры деп аталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында жүктелген тапсырмаларды орындау мақсатында да «Ақпараттық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы әзірленген. Төрт бағытты қарастырған бұл құжатта мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігін реттеу, қоғамды әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамытуға арналған ақпараттық ортаны құру мен отандық ақпараттық кеңістікті дамыту көзделген. Яғни ақпараттық технологияның бүгіні бүтін, ертеңіне сенім мол деп айтуға болады. Себебі «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып», жұмыстың жүйелі әрі жылдам бітуіне сеп болатын ақпараттық технологияның кең етек жаюы – жақсылықтың нышаны.
«Заманына қарай адамы» дегендей, технология дамыған қазіргі заманда әр жаңалық маңызды. Бүгінде білім беру жүйесінде де ақпараттандыру жұмыстары жүйеге келтірілгенін көз көріп, құлақ естуде. Оның ішінде компьютерлік және желілік технология арқылы оқушылар өздеріне керек мәліметке дер кезінде қол жеткізе алады. Қазіргі таңда аудандағы білім ошақтарында компьютер сыныптары ашылып, интернетке қосылуы жан жадыратады. Бұл дегеніміз – ақпараттық технология арқылы оқушылар қосымша материалдар алып, өз бетінше жұмыс жасау қабілетін қалыптастырып, тапсырманы тез әрі сапалы орындау мүмкіндігіне ие болады деген сөз. Кез келген жердің, елдің тарихын білгіңіз келсе де, интернетке кіріп, тиісінше қажетті ақпараттар мен деректерге қол жеткізе аласыз. Осы тұрғыда ғаламтордың, жаңа медианың әлеуметке берері көп екені талас тудырмайды. Ақпараттық технологияны дұрыс қолдана білу – жалпыға ортақ міндет. Қазіргі уақытта интернет әлемдік қауымдастықтың негізгі ақпараттық-коммуникациялық құралы болып саналып отыр.
Тағы бір айта кететін жайт, қазіргі таңда әлемдік БАҚ жаппай интернет желісіне көшті. Еркін ойдың аймағы саналатын ғаламтор әлемі дәстүрлі БАҚ-тың нағыз бәсекелесіне айналды. Әрине, жаңа медианың ақпараттық жылдамдық танытуда мүмкіндігі зор. Елімізде ғаламторды пайдаланушылар саны да алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір арта түскен. Дәстүрлі ақпарат құралдарындағы тұтынушылардың көпшілігі жаңа медианың жаңалығына мойын бұра бастағанын мойындауға тиіспіз. Дәстүрлі журналистикамен қатар, интернет журналистиканың да қоғамда өзіндік орны айқындала түсті. Интернет бүгінгі таңда журналист үшін бірнеше жылдан бергі үдеден шыға алмай келе жатқан нәтижелерге қол жеткізуге, хабарламалар мен қажетті мәліметтерді кең ауқымда таратуға, деректі тез арада табуға және пайдалануға, түрлі сілтемелер мен анықтамалық ақпараттарды білуге көмектесетін ең ірі кітапхана функциясын сәтті атқарып тұр. Жаңа медиатехнологияның мүмкіндіктері – журналист үшін, біріншіден, кеңестік жүйедегі журналистиканы халықаралық қауымдастықпен байланыстыратын алтын көпір, қоғамның демократиялануына ықпал ететін еркіндіктің жаңа пішіні. Екіншіден, БАҚ-тың технологиялық компоненті. Үшіншіден, қарым-қатынас ауқымын кеңейтетін байланыс құралы. Мұның бәрі жұртшылықтың керегін дәл уақытында қамтамасыз ету мақсатында тиісті деңгейде жүзеге асырылып келеді.
Ақпараттық технологияның жедел дамуы қоғамның жаңаша қалыптасуына ықпал етеді. Өйткені қазіргі қоғам – ақпараттық қоғам. Мұның бәрі біздің өркениет көшінен қалмай дамуымыздың, әлемдік ақпаратты пайдалану мүмкіндігіміздің мол екендігін көрсетеді. Осыдан бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, ақпараттық технологияның қарыштап ілгерілегенін байқаймыз. Сондықтан электронды білім алу арқылы ақпараттық технологияларды игеруге және олармен жұмыс істеуге дағдыланған жөн. Осының бәрі жоғарыда аталған бағдарламада қарастырылған.

Марат НАРЫМБЕКОВ,
аудан әкімдігі ішкі саясат
бөлімінің басшысы

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support