- Advertisement -

Мұғалім мәртебесі төмендемеуі тиіс

180

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында мұғалім мәртебесін көтеру туралы мәселе айтылғаны қуантады. Елбасы білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұзтаздардың лауазымдық жалақысын арттырудан бөлек, адами капиталдың құндылықтарын арттыру жолдарын нақтылап берді.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ұстаздар мен оқушылар арасында «субардинациялық» сыйластық сақталмайды. Себебі үлкеннің кішіге ізеті, кішінің үлкенге құрметі азайған. Бір шындығы – осы. Әсілінде, мұның барлығы тәрбиеден.
«Бұрын біз оқушы кезімізде мұғалімді ту сыртынан көріп қалсақ, кері бұрылып, тұра қашатынбыз. Қазір оқытушыдан именетін оқушыны немесе сескенген студентті көрмейсіз. «Бәрі бірдей, таразы басы теңдей» дейтін қариялардың әңгімесі – қоспасы жоқ шындық. Қазіргі кезде бұзықтық жасаған оқушыны бұрынғыдай шапалақпен тартып кеп жіберу былай тұрсын, аз уақытқа бұрышқа тұрғызып қойсаңыз, ертесіне ата-анасы мұғалімнің үстінен арызданып келеді. Қит етсе, шағым жасайды. Кей жағдайда түймедейді түйедей етіп, ұстазды сорлатып, сот алдына сүйреп баратындар да бар. Шәкіртінің шәлкес мінездің кесірінен қатарынан қалыс қалғанын қай ұстаз қалайды дейсіз. Оның үстіне біреудің әлпештеп, аялап өсірген ұл-қызына қиянат жасауға кімнің қолы барады. Бала білсін, еркелігін тыйсын деп батырып айтады ғой бар болғаны. Оны ұғып жатқан ата-ана жоқ. Керісінше, баласының сөзін сөйлеп, «үй» дегенге «бүй» деп, «бүйректен сирақ шығарады». Баланың алдында «жығылған» мұғалімді мүсіркейтін ешкім жоқ. Міне, осыдан келіп педагог беделі төмендейді.
Бұрын бізді ата-анамыз мектептегі жайды үйге, үйдегі әңгімені сыртқа тасымауға тәрбиеледі. Біз соны бұлжымас қағидадай көрдік. Одан опық жеген жеріміз жоқ. Бұл – өткеннің еншісіндегі әңгіме. Қазір қоғам басқа, заман бөлек. Дегенмен өткенді айтып, қазіргі жас буынды сабасына түсіруге болады. Бұл мәселеге бір жақты қарамауға тиіспіз. Оқушы мен студенттің білімі мен тәрбиесі үшін бар жауапкершілікті тек оқу орнына жүктеу – қате. Ұл-қызымыздың болашағына мұғалім мен ата-ана бірдей жауапты.
Бала оқудан тыс уақытының басым бөлігін ата-анасымен, туған-туысымен өткізеді. Тәрбиенің өзегі – отбасында, ошақ қасында. Мысалы, баланы ғимарат деп алып қарайтын болсақ, оның іргетасын отбасы мүшелері қалайды. Ал оның кірпішін көтеретін мектеп пен арнаулы оқу орны делік. Әйтсе де кірпіш соншалықты жақсы қаланғанымен, оның іргетасы сөгілетін болса, зәулім ғимарат тұрғыза алмайсыз. Міне, даналық. «Тәрбие басы – тал бесік» деген осыдан қалса керек-ті.
Бүгінде теледидар мен интернет ата-ана мен баланың арасын алшақтатып жіберді. Анасы қызымен, әкесі ұлымен, тіпті адам мен адам әңгімелеспейтін болған. Бұл – жақсы үрдіс емес. Отбасында ата-ана баласымен міндетті түрде сөйлесіп, сырласып тұруы керек. Осыны ата-аналар басты назарға алса екен. Себебі білім мен тәрбиенің қайнар көзі өзінің отбасында.
Бізде «Заманына қарай адамы» деп, бәрін қоғамның өзгергеніне сілтей салатын әдет қалыптасқан. Ал сол заманды өзгертетін адам екенін ескере бермейміз. Бұл – бүгін-ертең шешіле қоятын шаруа емес. Тама-тама тамшының тас жаратыны сияқты, айта-айта жөнге келетін жайт.

Айнұр МЕҢЛІБЕКОВА,
ТарМПУ-дың «Жаратылыстану» факультеті деканының орынбасары

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support