- Advertisement -

Іргелі жоспар ілкімді іске бастайды

83

- Advertisement -

Басқарма басшылары енді жұмысты саланы дамыту карталарына сай жүргізуі тиіс. Бұл мәселе облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды, сондай-ақ өңірдегі ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласын дамыту мәселелері талқыланды. Өңір басшысы салалық басқарма басшыларының назарын түйткілді кемшіліктерге аударып, оларды жою жолдарын атап көрсетті.

Аймақтағы ауыл шаруашылығы саласының даму деңгейін баяндаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов саланы дамытудың картасы дайындалғанын атап өтті. Онда облыстағы агросекторды алға ілгерілетудің нақты қадамдары түзіліп, тиісті индикаторларға қол жеткізудің межелі уақыты белгіленген екен. Бір сөзбен айтқанда, агросектордың 7 саласын қамтитын бұл карта басқарманың алдағы жұмыс жоспарына айналмақ.
Облыста өткен жылы қолданыста болған ауыл шаруашылығы мақсатында 630,2 мың гектар жердің 17,3 пайызы минералды тыңайтқыштармен өңделіпті. Жалпы агротехникалық талаптардың сақталуы егін және бақша шаруашылығында мол өнім алуға септігін тигізетіні анық. Ал жайылымдық жерлердің сақталуы мал шаруашылығын дамытуға жол ашады. Негізі өңірде сүт және ет өңдеу бағыттары бойынша да 36 кәсіпорынның жұмыс істейтіні көп нәрсені аңғартады. Егер биыл жоспардағы сүт өнімін шығаратын 24, ал ет өнімдерін өндіретін 17 кооператив құрылса, жерді мақсатты пайдалануды бақылау бұдан әрі күшейе түсетіні сөзсіз.
Басқарма басшысының айтуынша, қой шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп, оның санын 2021 жылы 2,9 миллионға жеткізу көзделуде екен. Мұнан бөлек сиыр етін өндіру көрсеткішін де 3 жыл ішінде 59,4 мың тоннадан 72,1 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Нұржан Нұржігітов облыстағы фитосанитарлық жағдай, тұқым шаруашылығының дамуы мен ауыл шаруашылығы техникаларын қарқынды жаңарту мәселелерін де назардан тыс қалдырмады.
Өңір экономикасының өзегі саналатын кәсіпкерлікті дамыту да алдағы уақытта жаңадан түзілген картаға сай жүзеге асырылмақшы. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова таныстырған картада өңдеу өнеркәсібінің жұмысын жүйелеу, кәсіпкерлерді қаржыландыру, өңірдегі инвестициялық жобаларды табысты іске асыру міндеттері қамтылыпты.
Негізінен өткен жылы облыстағы қайта өңдеу өнеркәсібінің өнімі 1,6 пайызға өсіп, 254,9 миллиард теңгені құраған. Нәтижесінде 3,9 мың жаңа жұмыс орны ашылып, салықтық түсімдер 12 пайызға өскен. Өңірде кәсіпкерлікті дамыту картасының шеңберінде жобалық қуатынан асыруға және ары қарай дамуына түрлі кедергілер әсер етіп отырған 330 өңдеу кәсіпорындарының базасы жинақталған екен. Соңғы деректерге сүйенсек, 84 өндіріс орны өз қызметін тоқтатыпты. Жалпы, қайта өңдеу саласының облыс экономикасына қосатын үлесі – 69,3 пайыз.
Баяндамаларды талқылап болған соң өңір басшысы Асқар Мырзахметов басқарма басшыларына экспортқа бағытталған кәсіпорындарды дамыту, тоқтап қалған өнідіріс ошақтарын қайта іске қосу, ұсақ шаруа қожалықтарды ірі агроқұрылымдарға біріктіру сынды маңызды мәселелерге назар аудару қажет екенін ескертті.
Ал алдағы уақытта күн сайын салалық басқармалар дайындаған даму картасындағы міндеттердің орындалуы облыс әкімінің жіті бақылауында болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support