- Advertisement -

Сабырлы сөзде алмақ көп

203

- Advertisement -

Жамбыл баспасөзінің қара шаңырағы – «Аq jol» (бұрынғы «Еңбек Туы») газетін жиырма жылдан аса уақыт (1965-1985 жылдары) басқарған Баттал Жаңабайұлы биыл торқалы тоқсан жасқа аяқ басты. Көп жасап, көпті көрген ардагер журналистің ғұмыры ғибратқа толы. Қанша игі жақсылармен жүздесті, тұлғалармен дидарласты, қайраткерлермен бас қосты. Енді өзі де өңіріміздің абызына айналып, алқалы жиындарда ақ батасын беріп жүрген қарияның бүгінгі буынға айтары көп. Сондықтан қарт әріптесіміздің қойын дәптеріне әр жылдары түртіп қойған орамды ойларын, салмақты сөздерін, түйінді тіркестерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік…

Баттал ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Адамның білмейтіні көп. Құдайдың құдіреті – білімділер «біле берсем» дейді, білімсіздер «білмеймін» деуге арланады.

Кітап оқуға баланы жастайынан дағдыландыру керек. Сонда ғана қызығады ол. Кітап әлемінің қызығына түскен бала «оқуды қой» десең де, қоймайды.

Балаңызға әбестігі үшін ұрысып, жекігенде, өзіңіздің де бала болғаныңызды еске алып қойғаныңыз ләзім.

Әдетте тең жүретін кейбіреулер байыса болды – биік сөйлей бастайды. Мансабы өскендердің де біразы солай. Бұл, әрине, арғы жағының таяздығынан.

Пенде біткеннің бәрі, есуастарынан басқасы, өз мінезін біледі. Осал жақ – кемшілігінде. Бірақ ақжарылып шындығын ешкімге айтпайды. «Кемшілігіңіз неде деп ойлайсыз?» дегенге, жайма-шуақтап, ел даттамайтын, қайта мақтайтын қасиеттерін бүкпелеп айтады. Мәселен, «қоғамға жаныашымасқа төзбеймін», «мамандығына қырсызды кешіре алмаймын» және «осы сияқтыларын бетіне айтып қалып, жаманатты болып жүремін» т.б. деген сияқты. Бұған теледидардан түрлі сұхбат, сұрақ-жауаптар, «Бетпе-бет», «Шынның жүзі» сияқты хабарларды көріп, тыңдағанда, шүбәсіз көз жеткізесіз.
Шіркін-ай, дейсіз мұндайда, білімді-біліктімін, биікпін деп жүрген жазғандардың «ел сеніп отыр ма екен осыған» деп ойламайтынына таңданбай тұра алмайсыз. Елді алдадым деп, өзінің адасып тұрғанын сезбесе, не дерсіз.

«Мен өтірік айта алмаймын» дейді әдетте елдің көбі. «Мен өтірік айтам ылғида, ол – әдетім» дейтін біреуі болсашы бұ бейбақтардың.

Иттер айтады екен бір-біріне: «Ақыл-ойдың озығы – бізбіз дейтін адамдар осы бізге ұқсап неге үре алмайды екен?».

Біздің кейбір қазақ ақын-жазушыларымыз бір-екі кітабы шығысымен-ақ, танауды көкке көтеріп, биік сөйлей бастайды. Бірі емес, көбі солай. Кешегі қатар жүрген үлкен-кішілерінің өзіне осқырына қарайды.
Мұнысы неліктен екен? Басқа ұлттарда ол жоқ. Сірә, әрісі – қанымызда, берісі – ділімізде болар-ау, бір гәп. Әйтпесе…

Есің болса, байдан қарыз сұрама. Ол бар байлығын о дүниеге өзімен бірге әкеткісі келеді.

Кедейдің кедейді жек көретіні сияқты, суайт пен суайт өш болады. Олар бірін-бірі сыртынан сықпыртып ғайбаттап жүреді.

Қайсыбір өтірікшілер «арым таза» деп сілеңді қатырады.

Кейбіреулер қасыңдағыны мақтаған боп, қақтап отырады.

Езді елдің бәрі бірден таниды.

Әйелді түрінің сұлуынан емес, жанының сұлуынан іздеп тапқан еркектің өмірі бақытты әрі баянды болмақ.

Тәлім – бесік пен есіктен. Әкеге қарап ұл өсетіні, шешеге қарап қыз өсетіні – шүбәсіз шындық.

Ел ұнатқан, көп қолдаған тірліктен жақсылық көре алмау – бейшаралық.

Адам неғұрлым қартайған сайын дүниеге жақын, жан тәтті болады.

Айналасындағының бәріне белгілі бос кеуде, жексұрындау кейбір жандар радио-теледидарда, жиналыстарда кісілік айтып сөйлеп тұратындары бар. Бұл шіркіндер осылай шімірікпестен жосылып тұрғанда, аржағындағы ішкі ар-ожданы бүйірден түртіп, жеңінен тартпайтынына тәшін қыласың.

Мақтауы мен айдауы жетсе, аспандағы айға да ұмтылуға дайын тұратын әумесерлер болады өмірде. Жымысқыларға қарағанда, бұлар қауіпті емес.

Жарқын таланттың жанына жолама, өз абыройыңды ойласаң, көлеңкесінде қалып, бейшара боласың дейді кейбіреулер.
Залымдығын қараңызшы!

– Тәтті өмір де ұзақ болса, ащы пияздай мезі қылады, – деген екен бір тәкаппар әумесер.
Дегені келіп, ұзамай мұрттай ұшыпты байлық біткеннен жұрдай болып.

Достарыңнан айырылам десең, кездесіп, бас қосқан сәттеріңде – мас бол, сау бол – аузыңа келгенді айтып, балағаттаумен болсаң, олардың үріккен қойдай тым-тырақайы шығады! Қайтып маңайыңа жоламауға тырысады.

Адамгершілік, адалдық, кісілік дегендерге ары да, әлі де жетпейтін жандардың ел алдында кісімсіп сөйлеп тұрғанын көргенде, зығырданың қайнайды.

Бағы жанып, байлығы асып тұрғанда, бір көр, атының ері мойнына кетіп, іс-әрекетінен береке сырт айналғанда, бір көр. Осындайда аспаған-таспаған, мойымаған кісі – нағыз адам.

Өз бойында кісіліктің жөнді белгілері жоқ кейбір пенде атақты ата-бабаларын айтып биіктегісі келеді.

– Өзінің кемшілігін ашық, жілік-жілік етіп айтып беретін адамды көрсетіңізші, мен танауымды кесіп берейін, – дейді менің бір ақылды досым.

Адамның біліктілігі метрлеп те, килолап та өлшенбейді – сөз сыңайы өмірдің бұрынғы-соңғы ұңғыл-шұңғылына қарай ойысқанда, көшелілігі мен шешендігінен көрінеді.

Заманы түлкі болса, тазы боп шалатындар болады. Мұны, сірә да, айыптай қою жөн болмас, тек адамдық ардан аттамасын деңіз.

Кішілік пен кісілік – ағайындас.

Кейбір жандар кезінде мінген тағы мен отырған орнын ұмытпайды, үлкенге де, кішіге де қыр көрсете сөйлегенін қоймайды. Ал солар орнынан тайып, жүні жығылған кезде жаңағы елге қарай алмай, араласа алмай, пүшәйман болып жүреді.
Таңғалмаңыз, әркім өзі жайлы жоғары пікірде болады.

Өмір – майдан. Ол бопсаңа көнбейді, тек еңбегің ғана адами биік тұғырынан көрсетеді.

Сарыуайымшылдар «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» дейді. Сонда айға барып күн көру керек пе?
Жоқ, қайтпай, қайыспай күресе білу керек. Барар жерің көр емес, тек алыс екенін дәлелдей білу керек.

«Құдай – шебер» деген рас. Ол миллиардтаған адам жаратқан. Солардың түр-түсін, көз, құлақ, мұрнын, дауысын, бойы мен ойын бір-біріне ұқсастырмай жаратады. Бұл шеберлік емегенде, немене?

Қылмысты екеу немесе одан көп адам жасады екен – ашылмай қоймайды. Тек жалғыз өзі ғана жасаса, ол ішінде сақталып, о дүниеге өзімен кетуі мүмкін.

Басшыларды сынап-мінемейтін адам сирек болады, өз әлдеріне қарамай.

Ауырған адамға ақылшы көп.

– Ұл туу да, қыз туу да ақылға келеді, – депті бір балалы-шағалы мақтаншақ әйел.

Ана барлық баласын да жанын сала жақсы көреді, бірақ, мүгедектеуі болса, соған, әсіресе емешегі езіліп тұрады.

Ел арасында шайпаулығы, жайсыздығы соншалықты белгілі екенін біле тұрса да балалары сол анасын өлердей жақсы көреді. «Ананың аты – Ана» деген осы болар. Өйткені анадан асыл еш нәрсе жоқ.

Балалы ана – сүйкімді.

Байлық пен ақыл бір баста тұра алмайды дегеннің шындығы бар. Өйткені кешегі ақылды деген кейбір кісіңнен байыған сайын имандылық, ағайын-жұрағатқа, кембағалдарға қайырымдылық дегеннің кете бастағанын байқайсың.

Сағырбай еш уақытта қарыз бермейді. Сұрап әуре болма.

Арам ойлыға қолұшын берме.

Уәде беріп, оны орындамау – қылмыстың бір түрі. Арыңа дақ түседі.

«Түсі жылыдан – түңілме» деген қазақ мәтелінде үлкен мән, терең сыр жатыр. Түр-түсіне қарап, адамның қаншалықты ақылды-байсалды екенін немесе ерегіске, шарт та шұрт ұрысқа бейім екенін айна-қатесіз бағамдауға болады көп жағдайда.

Әйел балаға Ана болудан асқан бақыт жоқ.

Іші білінген екіқабат әйел – үйде де, түзде де сүйкімді, сұлу.

Кітапқұмарлық жастық шақтан қалыптасады. Олай болса, балаларды кітап оқуға ерте бастан машықтандырған абзал. Бұл – иманды әрі көсегелі іс.

Білімді де білікті ғалымның жүзінен нұры шығып тұрады.

Ант ұрып кеткендер болмаса, ұстазын жек көретін шәкірт жоқ.

Көршілермен тату тұру – үлкен байлық.

Журналистің өмірден артта қалуға құқы жоқ. Олар отырса да, тұрса да үнемі оқумен, ізденумен болулары ләзім.

Мамандықтың жаманы жоқ. Ешқайсысы да өзінен-өзі келмейді. Тек еңбекпен, тағы да еңбекпен келеді.

Өмірге келдің. Кетесің. Не тындырдың? Өлмей тұрып соны ойла!

Өмір сүре берсем екен демейтін адам жоқ. Бірақ сол өмірді қалай сүруім керек деп бас қатыра бермейді көбі.

Тағдыр – асу бермес асқар тау, асау өзен. Оны еппен бұзам, бұрам деу – пендешілік.

Адам неғұрлым білімді, білікті болса, соғұрлым биязы, әдепті келеді.

Абырой көптік қылмайды. Болған үстіне бола берсе – құба-құп. Ал байлық адамды бұзады, әрине, кейбіреулерін.

Жақсы іске ие көп, кемшілікке ие жоқ.

Қызғаншақтық – кесел, тойымсыздық – кесел.

Марқұмның абырой-даңқына сыйымсыз, тым көрнекті ескерткіш салу – Құдай алдында күнә.

Өктемшіл болу – жүйкесіндегі кінәраттың белгісі.

Сананың бір саңылауынан сыналай кірген асыл ой топшылана, жұмырлана келе абырой әперетін кесек дүние болып шығады. Бұл, көбінесе, жазушы, ақындарға, жаңашыл инженерлерге тән.

Адамның қайта тумағаны дұрыс. Олай болған күнде ол бәрін күні бұрын ескеретін, тым қазымыр болар еді. Дүниені бүлдіріп бітуі де мүмкін.

Жүрек жаңалықты да, жамандықты да күні бұрын сезеді.

Адамның кейбірін қаскүнем десе болады. Ол жаңалық аштым, жақсылық жасадым деп жүріп, бәрін қиратып бітеді.

Адам өмірі – тым қысқа, жарқ еткен бір сәттей. Өйткені қаншама көп жасаған адамның да «арман-мақсатым бітті, тындым» дегені болмапты. Өмірінің тез өтіп кеткенін сезбегені ғой.

Адал достық – үлкен байлық.

Бір рет жолы болған жан бұл бір сәттілік екенін есте ұстауы керек. Сөйтсе де әрбір күннен сәттілік күтуді дағдыға айналдырса, ол күнә емес.

Түннің ең қараңғы кезі таң атар алдында болады. Өмірдегі мұндай қараңғылықтан үрікпеу керек, енді жарық келері таяу екеніне қуанған жөн.

Байыған сайын оны өз ептілігімнен деме. Жаратқан ием естіп қалса, шөміштен қыса қоюы қиын емес.

Махаббат пенденің бәрінде ерте оянады. Тек оны кезінде тани білу керек.
Көзге ілінер-ілінбесті көргіштердің жайқалған жазираны, асқар тауларды байқамайтындары бар. Мұндайлардың көздері бәрін тек өз пайдасы тұрғысынан безбендейді деп біле беріңіз.

Қатты ашуланғанда сабырмен үндемей қалса – ол мылқаулық емес, ол оның ой теңізінде ашу мен ақыл, шыдамсыздық пен ұстамдылық толқынында арпалысып жатқан мезеті.

Махаббат – әрі ыстық, күйдіреді, әрі суық, тоңдырады. Шыдай біліңіз.

Иманды болмайыншы дейтін жан, сірә да, кездесе қоймас. Бірақ, имандылық шарттарын орындауға келгенде, солардың бәрі бірдей мойынсұна бермейді.

Құдайдың мың аты бар, соның қайсысын таңдасаң да, оның ырқына ықыласпен илансаң – Құдайдың адал құлысың.

Жазмыштан озмыш жоқ. Маңдайға жазылғанды көресің.

Мүдде ортақтығы туыстырады. Мінез ұқсастығы достастырады.

Білуге ұмтылған, білсем деп тырысқан адам, түптеп келгенде, білмей қоймайды.

Қай кезде де шертиген шенеуніктен шермиген әйел артық.

«Мінезім жаман» деп, сөз жүзінде айтқанмен, іс жүзінде мойындамайтын, сол мінезін түзетуге ұмтылатын адам кемде-кем.

Балаларының жаман қылығын ата-анасы көрмейді, көргісі келмейді. Олар үшін перзент – қашанда періште.

Жеңілтек адамның аузынан салиқалы сөз шықпайды.

Маскүнемдер басқаларды «маскүнем» деп ғайбаттап отырады. Өздерінде шаруасы жоқ.

Килолап иіссу, опамай, далап, сықпамай жақса да өңі кірмейтін әйелдер болады.

Адам егделене келе бұрынғы ащы етіп ашындыра айтар батылдығынан қайта бастайды. Мұнысы, қартайғанда бет жыртысып, жаманатты болудан аулақ болғысы келгендіктен болар.

Сұлусынған әйел жасы келе рең-көркі қаншалықты кеми бастаса, соншалықты қымбат құндылықтарды (алтын, күміс, гауһар дегендей) бойына тағынады екен.

Неғұрлым қартая бастаған сайын адамның ұмытшақ болуы заңдылық сияқты. Өйткені естіген-көргенінің, оқығанының бәрін жадында сақтаса, шіркін, нағыз қазына-шежіре қария болар еді-ау.

Бір батыр бүкіл елдің даңқын шығарады.

Адам өз баласынан немересін жақсы көреді. Себеп – балалары өмірге келіп жатқан кездерде оларды еміреніп, ынтығып сүюді де біле қоймайды, жастықтың-мастықтың желігімен. Немерелер келген кез – иманы артып, мейірім күшейген шақ. Ол сүйкімді «күшіктер» сүйіндірмей қоймайды.

Сыпайы сыйдан қағылады. Соны көріп, «Қожа қол жуғанша, молда табақ қайтарады» дегенге иланбай көр.

Жақыны қаза болғанда біреулердің рабайсыз өкіріп, талып түсіп, есі кете бақырғанын көргенде, шіркін, қайғырғанда да, қуанғанда да ұстамды болғанға не жетсін дейсің.

Тіршілігінде сыйласпай өтсе, өлгенде жылағанның көзі ақсын дегің келеді.

Мадақтың да мадағы бар, оның кейбіреуі орынсыз болса, мазаққа бергісіз.

Мінезі қиынға мылтық ұстатпа, оны мылтық ұстайтын қызметке де жолатпа.

МАИ-ГАИ-шінің бәрі бірдей жемір емес, олардың да адалы көп, бүлдіретіндері – аздап болса да, арамдары.

Тәкаппарлық жүре бітеді – байығанда немесе мансабы өскен кезде.

Ұрыда ес те, нысап та жоқ. Ол түбі бір ұсталатынын біле тұра жасай береді ұрлығын.

Езеуреген екеуді тоқтату қиын.

(Жалғасы бар)

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support