- Advertisement -

Жатақхана жайлы ма?

149

- Advertisement -

Қазір оқу орындарындағы жатақханалардың жай-күйін зерделеп, ондағы студенттердің тұрмыс-тіршілігімен танысу мақсатында республикалық акция өтуде. Тараз қаласында орналасқан жоғары оқу орындары мен орта арнаулы және кәсіптік білім беру мекемелерінің жастарға қандай жағдай жасап отырғанын зерделеу үшін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты рейд жүргізді.

Алғашқы күні облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Уәлихан Болатбек бастаған топ М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің қос бірдей жатақханасына бас сұқты. Оқу орнының 600 адамға арналған үлкен жатақханасы технологиялық корпусы маңында орналасқан. Қазір онда 530, ал Гидрокешен аумағындағы №2 жатақханада бүгінгі күні 160 студент жатып оқуда. Мұнда негізінен алыс-жақын шетелдерден келген білімгерлер қоныстанған. Екі жатақхана да күрделі жөндеуден өткен. Техникалық талаптарға сай, тұрмысқа қажетті жаңа технологиямен жабдықталған асханасы жұмыс істеп тұр. Жатақтардағы кітапханаларда студенттерге арналған жеке оқу залдары да қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, жастарға керектінің бәрі бар.
Арнайы топ Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің Жамбыл даңғылында орналасқан жатақханасына да барды. Ондағы студент жастардың тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп, пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдады. Жуырда ғана 50 жылдық мерейтойы қарсаңында статусы жоғарылаған оқу орны ғимараттары былтыр толықтай күрделі жөндеуден өткен болатын. Жатақхананың да жағдайы жақсы. Соған қарай студенттер тарапынан ешқандай арыз-шағым жоқ. Керісінше осындай жақсы жағдай жасап отырған білім ордасы басшылығына риза.
– Бізге жүктелген негізгі міндет – өңірдегі жоғары және арнаулы оқу орындарының жатақханаларындағы студенттерден электронды анонимді сауалнама жүргізу болатын. Алайда жұмысты тек қағаз жүзінде жүргізіп қана қоймай, акцияны зерделеу жұмыстарымен қорытындылағымыз келді. Осылайша барлық оқу орындарының жатақханаларын аралап көріп, ондағы мәселелерді оқу басшылығымен бірлесе отырып шешуді мақсат еттік. Студент жастардың пікірін тыңдап, оларға қолайлы жағдай туғызуды жөн санадық. Негізінде, біздің қайсыбір оқу орнын алып қарасақ та, жатақхана жетіспеушілігі бар. Жасыратын ештеңесі жоқ. Шындығы – сол. Осы акция аясында бұл мәселенің де өз шешімі табылып қалар деген сенімдеміз, – дейді Уәлихан Болатбекұлы.
Шара әлі де жалғасын табады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, зерделеу жұмыстары негізінде оқу орындары жатақханаларының республикалық рейтингісі жасалмақ.

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support