- Advertisement -

Токсикология ілімі қалай пайда болған?

120

- Advertisement -

У мен улауды және улануды зерттейтін токсикология саласы тек XIX ғасырдың ортасынан бастап, өз алдына ілім болып бөлінген. Оған түрткі болған мына бір француздың хикаяты деседі.
1840 жылдары астанадан Ле Гланде провинциясына сұлу келіншек әкелген Шарль Лафарж бақытты еді. Париждік бикеш Мари Лафарж көңілінің сәулесі, жанының саясы болды. Шарль Лафарж оның үстіне дәулетті еді. Иелігінде әкесінен қалған көліктер мен пештер болатын. Ол үйленгенде қалыңмалдың бар ақшасын кәсібін кеңейтуге жұмсап қойды. Сөйтіп жүргенде, әйелі қайтыс болды. Пештері де жұмысын тоқтатты. 1839 жылдан бастап кредиторлар маза бермеді. Ақыры ол бір амал тапқандай болды. Париждегі бір пысықай жеңгетайға тапсырыс беріп, өзіне бай келіншек іздеді. Сол баяғы, қалыңмалды жаратамын деген дәме ғой. Жеңгетай париждік 24 жастағы Мари Фортюнэ Каппельді тауып берді. Маридің хикаясы да «бір есекке жүк» болады. Бай болмағанымен бақуатты әулеттен шыққан Мари жастайынан көзбояушылық жасап, жүрген жерінде өзін бай әулеттен шыққан адам ретінде көрсетуге машықтанып алған-ды. Осылайша, Шарль Мариге үйленді. Үйленді де, кәсіптің соңына біржола түсті. Шаруаларымен апталап-айлап Парижге қатынап тұрды. Мари оған жүрекжарды хаттарын жіберіп жүрді. Бірде өзінің портретін ғашықтық хатымен жолдайды. Шарльдің махаббаттан басы айналып, одан бақытты адам болған жоқ, сірә. Бір күні Мари Шарльге тәтті тоқаш пісіріп беріп жібереді. Оны жеген Шарльдің жүрегі айнып, іші ауырып, қалтырай берді. Ол осы уақыт ішінде Парижде 28 мың франк тауып, қарыздарымды толық жабам деген қуанышты сезімде еді. Сөйтіп өзі ауырып тұрса да ауылына құстай ұшты. Мари оны қуана күтіп алып, дәмді тамақтарын беріп, әбден бәйек болды. Бұл тамақтан соң, Шарльдің жағдайы тіпті нашарлап кетті. Жүрегі айнып, денесі құрысып, дөңбекши берді. Әулет дәрігері Барду одан безгектің белгілерін жазбай таныды. Келесі күні Шарльдің жағдайы тіптен нашарлады. Денесі одан сайын құрысып, шөл қысты. Оған ішіп-жеуге берілген нәрселерден халі төмендей берді. Ақыры үйге жиналған туыстары оған ештеңе ішіп-жемеші деп жалынды. Ақырында туыстары қаладан шақырған дәрігер одан күшәннан (мышьяк) улану белгілерін тапты. Алайда кеш еді. Шарль қиналып қайтыс болды.
Шарльдің өлімі провинциялық қалада пыш-пыш өсек тудырды. Оған себеп те бар. Мысалы, біреулер – Шарль қиналып жатқанда, түк болмағандай, аспай-саспай жайбарақат жүрген жалғыз Мари екенін байқады. Оның үстіне Шарльдің апасы Маридің науқасқа ішуге берген суының түбінен ақ түсті ұнтақ байқаған еді. Ал Маридің, Шарль өлмей жатып, өз бөлмесінде қаралы киімдерін киініп дайындалғаны, әлі көзі тірі Шарльдің өсиетін нотариуске беріп жібергені туралы қауесет жұртты кәдімгідей дүрліктірді. Сосын өсек-аяң тиісті адамдардың құлағына жетіп, ақыры Мариге улау арқылы қасақана кісі өлтірді деген айып тағылды. Маридің дәріханадан егеуқұйрықтарды улаймын деген сылтаумен өте көп мөлшерде күшән алғаны расталды. Оның Парижге тәтті тоқаш беріп жібергені, оны жеген Шарльдің бірден ауырғаны да белгілі болды.
Ал осы істі тергеген судья Моран бұл айғақтармен шектеліп қалған жоқ. Ол марқұмды ауырған кезінен бастап қараған үш дәрігерге Шарльдің мәйітін зерттеуді ұсынды. Міне, токсикология ілімі осындай жағдайда дүниеге келіпті.

Ерлан Оспан

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support