- Advertisement -

Сегіз минуттық сәтсіздік

134

- Advertisement -

«Астана» «Спортингті» жеңіп тұрып жеңілді

Қазақ футболы тарихында тұңғыш рет еурододаның топтық кезеңінен іркілмей өтіп, талайларға таңдай қақтырған «Астана» футбол клубының Еуропа лигасының 1/16 финалына жетуінің өзі – ерлік.
Әйткенмен команда ойыншыларының әлеуетіне, шеберлігіне қарамастан, отандық клубтың жеңісті жорығы жалғасын тапса деп тілейтініміз белгілі ғой. Ойыншыларының бәсі басым португалиялық «Спортингті» өз алаңымызда сүріндірсе деген тілектің көкейде атой салғаны да сондықтан еді…
Елордалық клуб ойынды сәтті бастады. Ә дегеннен шабуылға лап қойған Қазақстан чемпиондары кездесудің жетінші минутында есеп ашып, жанкүйерлерін қуантты. Гол авторы – Марин Томасов. Мұнан соң елордалық клуб «Спортингтің» ыңғайына жығыла қойған жоқ. Реті келген сәттерде шабуылға иек артты.
Жүректе жанған сенім шырағы екінші кезең бастала салысымен су сепкендей басылды. Ойынның 48-минутында «Спортинг» футболшысы Бруно Фернандеш 11 метрлік айып добынан таразы басын теңестірсе, елуінші минутта айдарынан жел ескен Желсон Мартинш португалиялықтарды есепте алға шығарды. Ал кездесудің 56-минутында Сейду Думбия есепті 1:3-ке жеткізіп, матчқа нүкте қойды. 62-минутта «Астана» футболшысы Юрий Логвиненко алаңнан қуылған соң, «Спортинг» тағы да бірнеше гол соғып кете ме деп қауіптеніп едік. Абырой болғанда, таблодағы көрсеткіш өзгеріссіз қалды.
Португалия астанасы Лиссабонда өтетін қарымта ойынның маңызы жоқ секілді. Әрине «Астана» мінез көрсеткен күннің өзінде «Спортингпен» тең түсуі ықтимал. Алайда португалиялықтарды 3 доп айырмасымен жеңіп кетеді дегенге сенудің өзі қиын.

Табиғат АБАИЛАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support