- Advertisement -

Бұғыбай батыр жайында не білеміз?

6 738

- Advertisement -

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» деп атап көрсетті.

Расында да Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне Қазақ хандығының туы көтерілген киелі Шу өңірінің біртуар батырларының да қатысқанын кейінгі буынның көпшілігі біле бермейді. Оларды кінәлаудан аулақпын, өйіткені айтулы тұлғаларымызды келешек ұрпаққа жан-жақты таныстыру жағынан өзіміздің де кемшін тұстарымыз жетерлік. Бұл ретте Әбжапар Жақыбаев ағамыздың «Шоқтығы биік шулықтар» кітабының 42-бетінде жарияланған «Ыстыдан шыққан Бұғыбай» атты материалға зер салсақ, көптеген деректі мәліметке көзіміз жетер еді.
Елдегі қариялардың, бертіндегі көзі қарақты азаматтардың айтуынша, Кенесары 1840 жылдары Ұлытауда патшаның отаршылдығына қарсы жасақ жинағанда Шу өңіріндегі Үш Ботаборым өзенінің бойын мекендеген Ысты руындағы Бөлтірік биге: «Ат, ер-тоқым, қару-жарағымен жүз жігіт берсін» деп кісі жіберіпті. Сонда Бөлтірік шешен көп ойланып, Ыстыдан отыздағы Бұғыбай Тезекбайұлын шақырып алып, «Кенесары ханға барып, жол бастайтын басшы боларсың» деп ақ батасын беріп, күндік жерге дейін шығарып салады. «Ал Кенеге сәлем айт, қол бастайтын батыр, жол бастайтын бір жігіт жібердім құрметтеп, ардақтай білсін», депті.
Кенесары бірде Бұғыбайды сынамақ болып түн ішінде: «Жігітім, ер-тоқым қойған үйдегі қырық жүгеннің ішінен менің жүгенімді тауып әкелші», дейді. Бұғыбай барып қырық жүгеннің ішінен біреуін дәл тауып әкеліп берсе керек…
Тағы бірде жорықта жүргендерінде жауынды түнде от жағуға тамызық табылмай қалады. «Қыр астында ескі бейіттер бар көрінеді. Топырағы ішіне түскен біреуінің ағашын суырып әкел» деп, Кенесары Бұғыбайды жұмсапты. Бұғыбайдың батырлығын сынау үшін алдын ала бір жігітті жасырын жіберіп, мола ішіне отырғызып қойған көрінеді. Бұғыбай айтқан зиратты тауып, мүрденің ағашын ала бергенде, әлгі жігіт шап беріп, білегінен ұстай алыпты. Сонда Бұғыбай: «Дүние-мүлік өлі әруақ пен тірі әруаққа ортақ» деген. Мұны бүгінге дейін сен иемдендің, енді мен пайдаланамын. Сен, өлі әруақ, көріңде тыныш жат!» деп, ағаштарды арқалап жүріп кеткен екен. Осыдан кейін Кенесары бастаған қалың қол оны «Бұғыбай батыр», «Бұғыбай басшы» деп атаған.
Бұғыбайдың батырлығы өз алдына, қысылғанда қиыннан жол табатын жолбасшы болған. Елдің айтуынша, қараңғы түнде оның сол жағында жалындап жанған от бірге жүріп, алдында қызыл түлкі жортып отырады екен. Бұл қасиетті екі нәрсе өзінен басқа еш жанға көрінбейді-міс. Сондықтан болар, Бұғыбай батыр Кенесарының қалың қолын тар қыспақ, қатерлі сыннан, қиын өткелдерден сан мәрте бұзып-жарып алып шыққан.
Батырдың ерлігі мен тапқырлығын Нысанбай жырау «Кенесары-Наурызбай» дастанында «Арғыннан шыққан Ағыбай, Ыстыдан шыққан Бұғыбай…» деп, дәйекті баяндайды. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» атты тарихи пьесасы бар. Онда да Кенесарының бас батыры болып Бұғыбайдың аталуы тегін емес.
Арқалы ақын әрі әнші Шашубай Қошқарбаев Саржанды жоқтауында да Бұғыбай батырды тақырыбына арқау етеді.
Бұғыбай Тезекбайұлы 1812 жылы туып, 81 жасында 1893 жылы қайтыс болған. Батыр қорғаны Аңырақай тауының солтүстік батысындағы Сарыбастау деген жерде, қалың шидің ішінде жатыр.
Ысты елі, көрші рулар (Әбжапар Құнанбайұлы кітабында Алма Күзембайқызының еңбегін пайдаланған) қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданындағы Төле би ауылын Ұлы Отан соғысына дейін «Басшы ауылы» деп атап, құрметтеп отырған. Біз болсақ, Бұғыбай батырды әлі күнге дейін өскелең ұрпаққа жете таныстыра алмай келеміз. Рас, соңғы кездері көшелер мен жер-су аттарын тарихи атаулармен алмастырып жатырмыз. Сондай-ақ Балуан Шолақ, С.Естемесов, С.Шәкіров, Ақша батыр мен «Ерке сылқым» күйінің құрметіне арналған ескерткіштері бой көтеріп, алғашқы паровоз бен Қазақ елі монумент-горьелфі орнатылды. Бұлар аудан орталығы мен Шу қаласының шырайын аша түсті. Енді Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілістің құрметіне және келешек жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде аса маңызды игі ретінде Бұғыбай батырдың ат үстіндегі еңселі ескерткіші менмұндалап көрінетіндей жерге орнатылса, құба-құп.

Мәкен УАҚТЕГІ,
Әлем халықтары Жазушылары одағы және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Шу ауданының Құрметті азаматы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support