- Advertisement -

Мойынқұмға «көгілдір отын» қашан келеді?

134

- Advertisement -

Аудан әкімі Бақытжан Нүркеновтің тұрғындардың алдындағы ауданның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жылдық қорытынды есеп беру жиынына облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев қатысты.

Облыс орталығынан шалғай жатқан Мойынқұмда былтыр ауыз толтырып айтарлықтай тірліктер атқарылған. Бір ғана мысал, өткен жылы ауданда өнеркәсіп саласы бойынша жалпы өнім көлемі 40 343,6 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 2016 жылдың деңгейімен салыстырғанда 2,3 пайызға өскен. Сонымен қатар үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген «Ақбақай филиалы» 1709,0 килограмм алтын, 394 килограмм күміс өндірсе, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС құны 18534,3 миллион теңгені құрайтын 1346,9 мың тонна цемент шығарған. «Хантау цемент» зауыты межелі жоспарды толығымен орындапты.
2017 жыл ауданның өндіріс саласына тың серпіліс әкелген кәсіпорынның бірі – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев іске қосқан құны 1,7 миллиард теңгені құрайтын Мирный ауылдық округіне қарасты «Оргстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Негізі жаңа инновациялық технологияларды пайдалану тәсілдерін меңгеруді мейілінше арттырып, гранит өңдеу цехының құрылысын жүзеге асыруды ұсынып, оны іске асыруға білек сыбана кірісіп кеткен серіктестік 17 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2015 жылға дейін тек гранитті өндіру жұмыстарымен айналысқан кәсіпорын өткен жылдың 6 желтоқсанында Елбасы телекөпірде салтанатты түрде ашып берген соң, гранитті өңдеуді қолға алып, дайын құрылыс жабдықтарын шығаруда. Қазіргі кезде аталған жобаның жоспарлаған 4 цехының екеуі толықтай аяқталып, жұмысшы топты қабылдауға сақадай сай тұр. Серіктестік келесі айда 200-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отырған көрінеді.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласында да алға басушылық байқалады. Бұл саладағы өнімдердің жалпы қаржылай көлемі биылғы жылдың 1 қаңтарына 4390,9 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,5 пайызды құраған. Бірақ бір өкініштісі, ауданда «бруцеллез» ауруына шалдыққан төрт түліктің саны күрт өскен. Дәлірек айтқанда, былтыр 20 ірі қарадан ауру анықталса, 2016 жылмен салыстырғанда індетке шалдыққан ұсақ мал бірден 266 басқа өсіпті.
Есепті кездесуде Бақытжан Балтабекұлы кәсіпкерлік, қаржы, құрылыс, білім, денсаулық, мәдениет және спорт салалары бойынша жұмыстардың жыл өткен сайын жақсара түскенін тілге тиек етті. Өз кәсібін бастауға ниетті тұрғындарға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, мал басы саны артып, шаруа қожалықтарды ірілендіру мақсатында мардымды жұмыстар атқарылып жатқанын да баса айтты. Өткен жылдың қорытындысын мұқият тыңдаған тұрғындар, өз кезегінде ауызша және жазбаша түрде аудан басшысына ұсыныс-сауалдарын жолдады. Көптің көкейінде жүрген түйткілді мәселелерді ең негізгісі – «Меркі-Шу-Бурылбайтал» жолының жайы екенін алғашқы сұрақтардан-ақ байқадық. Аудан әкімі есепке қатысушыларға тозығы жеткен «Меркі-Шу-Бурылбайтал» тас жолына үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін және алдағы үш жылдықта құрылыс толықтай аяқталатынын жеткізді.
«Ауданда Қазақ Хандығын құрған Керей мен Жәнібектің ескерткіші, ауған соғысына қатысқандарға монумент қойылып, оның ішінде Қайрат Бөлдешевке ескерткіш орнатылды. Бұл ауданымызда атқарылып жатқан игілікті істер деп білемін. Облысымызда табиғи газ өндіретін – «Амангелді газ» кен орны бар. Талас ауданының аумағында орналасақан ол жерде 20 шақты ұңғыма бар. Соның 60 пайызы біздің Мойынқұм жерінен шығып отыр. Солай бола тұра, бізде «көгілдір отын» жоқ. Десе де жобаның құжаттарын әзірлеуге қомақты қаржы қарастырылыпты ғой әйтеуір. Жұмыс бар жерде кемшілік те қатар жүретіні белгілі. Аудандағы ауызсу мен бақша суы, көшені жарықтандыру, мал ұрлығы сынды түйткілдер қазіргі таңда әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Шаруаларды қолдау үшін мемлекет тарапынан қаражаттың көп бөлініп жатқаны белгілі. Сол қаражатты мойынқұмдықтар толықтай ала алмайды. Өйткені кепілдікке қоятын мүлкімізді банктер қабылдамайды. Осыған көмек берсеңіз, ауданда кәсіпке бет бұрып, мал шаруашылығымен айналысатындардың қатары көбейетін еді», – деді жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев.
Есепті жиынды облыс әкімінің орынбасары Мәден Тоқтарбайұлы қорытындылап, тұрғындарды алаңдатқан бірқатар мәселелерге кеңінен тоқталды.

Ерғали Асхатұлы

Мойынқұм ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support