меркі Ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков халық алдында 2017 жылғы ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуының қорытындысы туралы есеп беріп, алдағы уақытта жүзеге асырылуға тиісті жоспарларымен таныстырды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Мейірхан Азатұлы өз баяндамасында өткен жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасады. Қол жеткен табыс, орын алған кемшіліктер ашық айтылды.

Былтырғы бюджеттің кіріс бөлігі 101 пайызға орындалған. Өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар 16 миллиард 889,6 миллион теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсеткен. Ауыл шаруашылық саласында 24 миллиард 123 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда едәуір артық. Аудан егіншілері қант қызылшасын өсіруге басымдық беруде. Тәтті түбір 2334 гектар алқапқа орналастырылып, 39270 тонна өнім жиналды. Оны өсіретін агроқұрылымдар жаңа техника сатып алғанының арқасында өнім жинауды уақтылы аяқталды. Былтыр тамшылатып суару технологиясын қолданатын егіншілер қатары көбейген. 2017 жылы 2007 гектар алқап осындай әдіспен ылғалдандырылған. Жылыжайларда көкөніс өсіруге ерекше көңіл бөлінуде. Қазір ауданда 0,21 гектар фермерлік үлгідегі жылыжай бар. Биыл 0,70 гектар жерге осындай жылыжай орналастыру көзделуде.
Мал шаруашылығында да ауыз толтырып айтарлықтай игі істер жүзеге асырылуда. Төрт түлік көбейіп, ет және сүт өнімдерін өндіретіндер қатары артса, жеке кәсіпкер Бахадыр Әдізбаев бөдене өсіретін шағын құс фермасын ашқан. Онда бір айда 16500 бөдене жұмыртқасы өндіріліп, сауда орындарында сатылуда. «Меркі ет комбинаты» ЖШС-ның өнімдері экспортқа жөнелтуде. «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламалары бойынша мал сатып алу жоспары да асыра орындалған. Ауданда жеке тұлғалар және ұсақ шаруашылықтардың кооперативке бірігуге ынталы.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4175 жетіп, бұл салада 12579 адам жұмыспен қамтылған. Ауданда жалпы құны 1,7 миллиард теңгені құрайтын екі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 38 жаңа жұмыс орны ашылған. Жұмыспен қамту орталығына 2592 адам өтінішпен келіп, олардың 2042 жұмысқа орналастырылған. Аудандық маңызы бар автожолдардың 66 пайызы 2016 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болса, былтыр бұл көрсеткіш 83,2 пайызға жеткен.
Жұмыс бар, соған қарай іс те ілгерілеген. Дегенмен шешімін күткен мәселе де жоқ емес. Жарыссөзге шыққан зейнеткер Нұрсұлтан Жәнібеков Меркі ауылындағы балалар кітапханасына күрделі жөндеу жүргізу керектігін еске салды. Тұрғынның ұсынысына қарай облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке сала мамандарына балалар кітапханасын интернет жүйесіне көшіру және кітап қорын молайтуды қоса тапсырды.
Аудандық оқу бөлімінің жанындағы оқу өндірістік комбинатында ағылшын тілін оқытатын курс ашылған. Ғимарат ескі әрі көмірмен жылытылады. Жақында болған қатты аяз кезінде оған қанша от жағылса да іші жылымай қойған. Сондықтан да зейнеткер Қайнаркүл Тәттіғұлова нысанды күрделі жөндеуден өткізу және оған газ кіргізуге өтініш білдірді. Аудан әкімі М.Өмірбеков бұл мәселені қолға алатынын жеткізді. Қ.Сарымолдаев ауылының тұрғыны Мұрат Жұматаев көшеге асфальт төселсе деген тілегін жеткізсе, тағы бір меркілік Жамбыл ауылының Әйтеке би көшесіне қашан газ жеткізілетінін сұрады. Әкім ол үшін зерделеу жұмыстары жүргізілетінін тілге тиек етті.
Есепте жиналыста қойылған сұрақтар мен көтерілген мәселелер осымен шектелді. Бір сөзбен айтқанда, мәні зор жиында ұсақ-түйек нәрселер ғана әңгіме болды. Ал Меркіде қай салада болса да шешуін күткен мәселелер аз ба еді? Ондай өткір мәселелер осындай жиында ашық айтылып, қағазға қатталып, оларды еңсеру жолдары талқыланбаушы ма еді?
Жиналыста сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке Елбасы айтқандай, әкімдердің жұмысы ауданға инвестиция тартумен бағаланатынын тағы еске салды. Жастар арасында жұмыссыздықты төмендету үшін барынша пәрменді шаралар қолдану керектігіне ерекше көңіл бөлді. Қазір жер жерде балабақшалар салынып пайдалануға берілуде. Әйтсе де олар бүгінгі сұранысты қанағаттандыра алмай отыр. «Сондықтан да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жекеменшік бала-бақшаларды көбейту керек», – деді ол.

Ақылжан Мамыт
Меркі ауданы

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here