Бір SMS-пен көп мәселе шешуге болады

0
111

Елбасы н.назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданғандығын атап көрсеткен болатын. Сонымен қатар, Жолдауда жүктелген тапсырмаларды орындау үшін Мемлекет басшысы негізгі он міндетті алға тартты. Соның сегізінші міндеті – тиімді мемлекеттік басқару.

Яғни мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, ағымдағы жылы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда осы жүйені енгізудің пилоттық жобаларын іске асыру тапсырылған болатын. Соның бір нәтижесі жаңа туған сәбиді SMS-хабарлама арқылы тіркеу жүйесі екендігі даусыз. Бұл, әрине, оң өзгеріс, тиімді тәсіл екені талас тудырмайды.
Осы орайда облыста мемлекеттік қызмет көрсетуді проактивті тәсілмен ұсыну пилоттық жобасы аясында жаңа туған нәрестелерге туу туралы куәлікті рәсімдеу жеңілдетілді. 2017 жылғы 29 желтоқсанда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесе бала туған ата-аналарға көрсетілетін қызметтердің проактивті әдісі бойынша пилоттық жобаны іске қосқанын айта кеткен ләзім.
Бүгінгі таңда аталмыш пилоттық жоба облысымызда жыл басынан бері өз жұмысын тиімді жүргізіп келеді. Қазіргі кезде облыс бойынша жаңа босанған 500-ден астам анаға SMS арқылы құттықтау хабарлама жолданып, сәбидің дүниеге келуін электрондық әдіспен рәсімдеу ұсынылған. Жоба бойынша барлық мәліметтер түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады. Ал өзге деректерді SMS арқылы сәбидің ата-анасы ғана бере алады. Мұның өзі бірқатар жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға ықпал етеді.
«Бала тууды тіркеу» композиттік қызметі енді проактивті тәсілмен жүзеге асырылады. Бұл дегеніміз телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды рәсімдеуге және бүлдіршіндерді балабақшаға кезекке қоюға мүмкіндік береді. Халыққа қызмет көрсету орталығына баланың куәлігін алып кету үшін ғана бару керек немесе үйге жеткізу қызметін пайдалануға да әбден болады.
Проактивті қызметке қол жеткізу үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет. Ол үшін азаматтар порталдағы жеке кабинетінде телефон нөмірін және сәйкестендіру нөмірін байланыстырып қоюлары тиіс. Оны халыққа қызмет көрсету орталығындағы «Connection рoint» өзіне-өзі қызмет көрсету секторын пайдаланып, қажет болған жағдайда оператордың кеңесіне жүгіну арқылы іске қоса алады. Проактивті қызметтің тиімділігі үйден шықпай-ақ, SMS-хабарламаларға жауап беру арқылы баланың туу туралы куәлігін алу, балабақша кезегіне қою және жәрдемақы алу мүмкіндігіне бір мезетте қол жеткізуге ықпал жасайды. Бірінші хабарлама бала дүниеге келген сәттен бастап 24 сағат ішінде келеді. Қызмет түрі тегін көрсетіледі. Бүгінгі таңда оны облысымыздың 14 перинаталдық орталығы қолдануда.

Ермек Абдубайтов,
облыстық «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаменті Тараз қалалық №2 бөлімі басшысының орынбасары

Пікір:

Please enter your comment!
Please enter your name here