- Advertisement -

Жаңа тарихи дәуірдің бастауы

123

- Advertisement -

Біздің елімізде жақсылық атаулының бәрі Елбасы Жолдауынан бастау алады.
Бұл – барша қазақстандықтардың жүрек түкпірінен орын алып келе жатқан тарихи құбылыс.
Соның нәтижесінде егеменді еліміз жыл сайын жаңа биіктерді бағындырып, бүгіндері ең дамыған 30 елдің қатарына жету мақсатын көздеген іргелі де қабырғалы мемлекетке айналды.

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Жолдауы Қазақстанның өркениетті дамуында жаңа тарихи дәуірдің басталғанын айқын көрсетеді. Өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделудің және табысқа жетудің 10 міндетін алға қойып, ол болашаққа ұмтылудың басым тұстарын айшықтап беріп отыр.
Ұлттың әлеуетін күшейту және адам өмірінің сапалық деңгейін жақсарту мәселесінің мән-маңызы ерекше. Белгілі жалпыәлемдік стандарттар мен бірнеше он жылдықта адамзат баласы бұрын-соңды болмаған өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. Жаһанданудың лебі ғаламдық үрдістерге өз әсерін тигізуде.
Бүгінгінің ерекшеліктерін мұқият ескеріп, ертеңгі тіршіліктің еңселі болуы үшін алға қойылып отырған міндеттің бәрі де маңызды әрі жауапты.
Болашақты басқарудың сыры адами капитал болып отыр. Бұл дегеніңіз – адамның білімі мен біліктілігін, кәсіби дағдысы мен озық технологияларды игеруінің жоғарғы деңгейін қамтамасыз ететін, яғни адам капиталын дамыту бойынша көптеген ауқымды істердің негізінде ұлтымыздың өз болашағын өзі басқара алатын қабілетін арттыру ниетіне жол ашу әрі уақыт оздырмай лайықты заманауи тұлға болып қалыптасу деген сөз.
Бүгіндері адамдар бәрін де естіп, көріп, сезіп отыр. Ғылым мен техниканы алайық. Бұл саладағы жаңа даму кезеңі адамзат алдында бұрын-соңды болмаған, тіпті армандап көрмеген дүниелерге жол ашты. Автоматтандыру мен робот техникалары өміріңіздің барлық саласына батыл еніп, көлік қатынас, байланыс пен коммуникация және бейне-фото түсірілім жүйелерінің таңғажайып шешімдеріне таңырқай қарау артта қалды енді. Ғарыштық технологиялардың әлеуетінің қолданысқа енуі ел дамуының мүлде басқа санатын көрсетеді. Сіздің қолыңыздағы смартфон, интернет және мобильді қосымшалар, осындай құрылғылары бар адам қазір жалғыз өзі бір теледидардың міндетін атқара алатыны өмірдің шындығы болып отырған жоқ па?!
Бұл жаңашылдықты біздің қоғам жақсы сезініп отыр.
Жақында Елбасы Жолдауын ақпараттық насихаттау тобының бір топ мүшесі Жаңатас қаласында болып, Сарысу ауданы жұртшылығымен кездесу өткіздік. Мәдениет сарайында өткен жиында Исламбек Дастан есімді блогер жігіт адамдарға интернет жүйесіне қосылған телефон құрылғысының атқаратын қызметін соншама ұғынықты тілімен айтып беріп еді, тұрғындар цифрлық технологиялардың даму бағытынан небір қажетті мәліметтер алды.
Жаңашылдыққа бет бұру мына жаңа заманда лайықты өмір сүрудің нақты әрекеті деп бағалап, түсінгеніміз абзал. Ақпараттық алшақтық ауыл мен қала арасында кеми бастады. Бұл анық байқалады. Басқа саланы айтпай-ақ қоялық, хат-хабар алмасудың бұрынғы жүйелері қазір жарамсыз болып, адамның атқарып келген көптеген қол жұмыстары қажетсіз болып қалуда. Бұл жұмыссыздық туғызады. Біз бұл жайтқа дайын болуымыз керек.
Айтулы өзгеріске бастайтын адами капиталдың әркім өзі үшін қажеттілігі мен мүмкіндігін жеке әлеуетінің деңгейінен іздеуі дұрыс болар еді. Білім мен ғылымға құштар, еңбексүйгіш, ізденімпаз адамдарға төртінші өнеркәсіптік революция үлкен мүмкіндік береді.
Ал, керісінше, жалқау, еріншек, кәсіби деңгейін көтеруге құлқы жоқ жандарға қиындық туғызады.
Ашығы сол, мүмкіндіктер мен қиындықтар тұрғысынан қарайтын болсақ, цифрландыру өнеркәсіп пен кәсіпорындардағы жұмыс орнын азайтады. Бірақ өндірістің көлемі мен сапасы ұлғаяды. Цифрландырудың арқасында Қазақстан экономикасын 30 пайызға дейін өсіру көзделіп отыр. Әлем елдері де осы үрдіспен дамуда.
Бұл мәселелерді тиісті атқару органдарымен қатар жергілікті кәсіподақ ұйымдарына да жан-жақты түсіндіру міндеті тұр.
Бүгінде мемлекет тарапынан жаңа мамандық алу үшін барлық жағдай жасалған. Оқимын, жаңа кәсіпті үйреніп, игеремін деген азаматтарға жергілікті әкімдіктер арнайы семинарлар мен курстарды тегін өткізеді.
Жалпы кәсіптік-техникалық мектептерде білім тегін беріледі. Енді, біздіңше, олар даярлайтын мамандық сұранысқа ие болу жағына қатты мән беру керек. Еңбек нарығында негізінен заңгер немесе экономист емес, орта кәсіптік-техникалық мамандыққа сұраныс көп болатыны айтылуда. Бұл да назарда тұруға тиіс мәселе. Қандай басшы болса да, әсіресе, жеке кәсіпорындарда, шағын және орта бизнесте білімді, қолынан іс келетін маманды қалайды.
Біз мұны баса айтып отырғанымыз, шағын және орта бизнесті дамыту – ел экономикасына тигізетін пайдасының мол болуы және бұл сала өркендесе, бірте-бірте жұмыссыздықты да азайтуға жәрдемдеседі.
Мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді толықтай орындап отырғанын айтады.
Заман көшінен қалмай, қазіргі уақыттың жеделдей түскенін біле отырып, біз де өзгеруіміз керек.
Қазақтың әдеби-мәдени құнды дүниелерін жаяу жүріп жиып-терген ағартушы Мәшһүр Жүсіптің «Құдай ешкімді зорлықпен кедей қылмайды. Құдай ешкімді зорлықпен надан қылмайды» деп айтқан бір сөзі бар. Сөз жоқ, бұл – өміршең сөз. Өсіп-өну де, өркендеу де, жақсы өмір сүру де, бәрі де әркімнің қабілетіне тікелей байланысты. Белсенді азаматтық, патриоттық, елдік іс-әрекеттерімізге дем беретін тірліктің өзегі.
Қоғамдық ой-санаға сілкініс әкелген рухани жаңғырумен сабақтас төртінші өнеркәсіптік революция біздің ұлы мақсаттарға жетуімізге серпіліс беретін болады.

Мейрамбек Төлепберген,
облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support