- Advertisement -

Таразда халық саны кеміп барады

449

- Advertisement -

Тараз қаласының аумағы жыл өткен сайын ұлғая түсуде. Қанат Бозымбаев облысты басқарып тұрған кезде Үкіметте облыс орталығының бас жоспарын бекіттіргенде Байзақ және Жамбыл аудандарына қарап келген қала маңындағы елді мекендер мен саяжайлар қалаға қосылды. Кейінгі жылдары Шымкент бағытынан қалаға енетін күре жолдың іргесінен №13 «Бәйтерек» шағын ауданы бой көтерді. Енді №14, №15 шағын аудандардың құрылысы басталады. Қала қарқынды дамып жатса да халық саны көбеймей, қайта жылдан-жылға азайып барады. 2009 жылы қала халқының саны 380 мың болса, 2016 жылдың 1 шілдесінде бар-жоғы 364172 адам тұрған. Қарап отырсаң, көбеюдің орнына кеміп кеткен. Сол жылы еліміздегі үшінші миллионер қала атануға жақындаған Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласы халқының саны 886 мыңға жуықтаған.

Екі облыс та еліміздің оңтүстік өңірінде. Көрші облыстың қысы жылы, жазы ыстықтау келеді демесең, табиғаты мен ауа райынан сонша өзгеріс жоқ. Тек қана оңтүстіктің халқы бейнетқор келеді.
Жыл сайын Шымкент қаласына жол түседі. Ерте көктем еді. Оңтүстік Қазақстан облысының шекарасынан енгеннен тырбанып еңбек етіп жатқан елді көрдік. Қала іргесінде де қаптаған жұрт кетпен шауып, бау-бақша қамымен жүр. Тас қалап, балшық илеп, жеке үй салып жатқандарда да есеп жоқ. Бейнет берекесін береді, сол берекенің арқасында өсіп-өніп жатыр көрші өңірдің ағайындары.
Былтырғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша, Тараз қаласында халық саны 356812 адам болған. Әрине өмірдің бір орында тұрмайтынындай, қала тұрғындарының саны да өзгеріп отырады. Дегенмен одан бері өткен екі айдан аса уақытта тұрғындар саны кемімесе, көбейе қойған жоқ шығар. Әрине «Өмір барда қаза бар» дегендей, қайтыс болып жатқан қала тұрғындарының орнын өмірге келіп жатқан нәрестелер еселеп толтыруда. Тіпті қалада өмірге егіз нәресте әкеліп жатқан аналар бар. Жарық дүние есігін үшемдер де ашып жатыр.
Тараздықтардың кейбірі Астана мен Алматы қаласына, іргедегі Жамбыл және Байзақ аудандарына қоныс аударуда дегенді естіп қаламыз. Кім қайда тұрғысы келеді, өзі шешеді. Ұлы Дала елінің қай қиыры болмасын қазақ үшін құтты мекен. Алайда «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, екі қолға бір жұмысы, басында баспанасы болса, киелі де, шежірелі шаһарды қиып, сонша жұрт сыртқа қоныс аудармас еді деген ойға қаласың. Жұмыс дегеннен шығады, қалада жоғары білімді мамандардың көбі жұмыс таба алмайды. «Мамандығыңа сай жұмысқа тұру үшін тамыр-танысың болуы керек немесе пара беруге тиіссің» дегенді құлақ шалып қалады. Алайда пара беруші де қылмыстық жауапкершілікке тартылатындықтан, құзырлы органдарға шағымданбайды. Жоғары оқу орындарының түлектеріне кейбір мекеме басшылары «тәжірибең жоқ» десе, 50 жастан асқандарды «жасың келіп қалыпты» деп шығарып салады екен.
«Үйі жоқтың күйі жоқ» дегендей, екінші мәселе – баспана. Алайда Таразда тұрғын үй құрылысы қарқынды-ақ дамып келеді. Құрылыс жұмыстары 2005 жылы басталып, 2016 жылы аяқталған №12 «Астана» шағын ауданының өзінде 31 көп қабатты тұрғын үй салынды. Жоғарыда атап өткен №13 «Бәйтерек» шағын ауданы мен «Арай» тұрғынжай алқабында да бір үйінің өзіне бір шағын елді мекеннің халқы қоныстанатындай көп қабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілуде. Жеке тұрғын үйлер де аз салынып жатқан жоқ. Тұрғын үй құрылысы қалада өткен жылы 148,2 пайызды құрады деген дерек бар қолымызда. Сонда да баспана мәселесі шешілер емес. Бүгінде қалада 67 мыңға жуық адам жер алу кезегінде тұрған көрінеді. Жақында облыс әкімі Асқар Мырзахметов қаланың тыныс-тіршілігімен танысқанда, жер алу кезегінде тұрған азаматтардың әрқайсысының әлеуметтік жағдайын, санатын мұқият зерделеуді тапсырды. Енді кезекті «бармақ басты, көз қысты» жылжытуға тосқауыл қойылатын шығар.
Біздіңше, қала халқының көбеймей жатқанына осы екі мәселе себеп болуда. Әйтпесе Тараз табиғаты тамылжыған, ауа райы мамыражай мекенде орналасқан қала ғой. Рас, биылғы қаңтардың үскірік аязы көшедегі жұртты бүрсең қақтырғанымен, тіршілік тоқтап қалған жоқ. Жылу, су, жарық беретін кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеді. Дегенмен ондай суық жыл сайын қайталанып жатқан жоқ, он шақты жылда бір келетіні болмаса. Еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлеріндегі аязға қарағанда Тараздың қысы «айналайын ғой» дейді Астанадан келген әріптес інім.
Былайғы жұрт Таразды арзан қала деп таниды. Рас қой, көп қабатты тұрғын үйлердегі пәтерлердің де, жеке сектордағы үйлердің де бағасы қай өңірмен салыстырғанда арзан. Айтпақшы, облыс әкімі А.Мырзахметов басқарма басшыларын қабылдап, жұмыстарымен танысқанда, тиісті басқарма басшыларына азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтуда «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалымен бірлесе жүргізу қажеттігін тапсырды. Пәтерлерді азаматтарға сату кезіндегі алдын ала төленетін қаражат көлемін 30 пайыздан төмендету жолдарын қарастыруды міндеттеп, оның жолдарын көрсетіп берді.
Қалада азық-түлік тауарлары мен киім-кешек те қолжетімді. Қалаішілік қоғамдық көліктегі жол жүру бағасы да аспандап тұрған жоқ. Бар-жоғы 65-ақ теңге. Қаладан Алматыға бару ауылға барып қайтқандай. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолмен жеңіл көлікпен 5-6 сағатта-ақ зулап жетіп барасың. Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларына да тақтайдай тегіс сол халықаралық жол алып барады.
Сәтін салса, Тараз тотыдай таранып, көркейе түседі. Қарахан, Айша бибі кесенелері, «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығы, басқа да сан ғасырлық жәдігерлер әлем назарын өзіне аудармай қоймайды. Сонда ежелгі әрі жаңарған шаһарға ел көріп, жер танып жүрген дүниенің озық ойлы азаматтары ағылатын болады. Туристердің көптеп келуінен қызметтің сан түрі пайда болып, жеке және шағын кәсіпкерлік қарқынды дамиды. Одан қала қазынасы толығып, тараздықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көтеріледі. Сондықтан тарихы тереңде жатқан қаладан сыртқа қоныс аударуды көксеп жүрген азаматтар ойланса дейміз.

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support