- Advertisement -

Жасампаз жобаларға жол ашық

144

- Advertisement -

«Қоршаусыз Тараз» идеясы көптің көңілінен шығуда

Бір кездері облыс орталығындағы мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік кәсіпкерлік құрылымдарының ғимараттары, мейрамханалар, қоғамдық тамақтандыру орындары тағы басқаларының алды-артын тұйықтап темір қоршаулармен немесе цемент дуалдармен берік етіп қоршап, ауласына күзет қоятыны талайларды тіксінткені естен шыға қойған жоқ.

«Абақты болса бір сәрі, бұлардың дені тікелей адамдармен қоян-қолтық жұмыс жасайды ғой» дескендер де болды. Бұл дегеніңіз бір жағынан қала көшелерінің көрінеу сынын бұзып, сымбат-келбетіне де сызат түсіру екені айтпаса да түсінікті. Бірі биік, бірі аласа, қиқы-жиқы әрі ескірген, ұсқыны адам шошырлық қоршауларымен біртүрлі суық, ызбарлы көрінетін қаланың қабағына бүгінде аздап шуақ жүгіре бастағандай…
Бұл іске «Қоршаусыз Тараз» идеясының да септігі тигені анық. Осы тұрғыда Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев былтыр «Jambyl-Taraz» газетінде жарияланған мақаласында:
– Аталған идея – шын мәнінде де құптарлық бастама. Әлемнің ірі қалаларының бәрінің де орталық бөлігі ешқашан қоршалмайды, тұрғындар үшін ашық, саябақтар мен гүлзарларда демалу да туристер үшін қолжетімді. Астанада да солай. Біздің туған шаһарымыз да қоршаусыз қалаға айналуға тиіс. Әрі бұл шара сол қоршауларға жұмсалатын қыруар қаржының үнемделуіне де септеспек. Баяғыдай емес, бүгінде әрбір мекемеде, оқу орнында күзет жұмыс істейді әрі айнала төңірегі бейнебақылау камераларымен қамтылған. Соның арқасында ғимараттарға қандай да бір қауіп төнеді деп ойламаймын, – деп атап көрсеткен еді.
Осынау мәселе кезінде депутаттар тарапынан көтеріліп, күн тәртібіне өткір қойылған. Көп өтпей, былтырғы жылдың маусым айында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалық етуімен, салалық құрылымдар басшылары мен қызметкерлерінің қатысуымен өткен арнайы жиында қаралып, талқыланып, тиісінше шешімдер қабылданған-ды. Осылай «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы ҚР Заңының 33-бабына және жоғарыда аталған жиында міндеттелген хаттамалық тапсырмаға сәйкес Тараз қаласындағы нысандардың қоршауын алып тастау немесе өзгертуге байланысты құрылған жұмысшы тобы өз жұмысын бастап та кеткен.
Ал жоба-идея бүгінде қалай жүзеге асырылуда? Мұның мән-жайын білмек мақсатпен Тараз қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдар Молдабаевқа қайырылған едік.
– Бұл – бір ғана адамның ұсынуымен, айтуымен, нұсқауымен емес, кешенді түрде жүзеге асырылатын іс. Қоғамдық сананы түбегейлі өзгерту арқылы рухани жаңғыру аясында жүзеге асырылатын шаралардың бірі – осы. Қоршау салу жекеменшік жер телімдері пайда болысымен тоқсаныншы жылдары жаппай басталғаны есте. Ол кезде қаланың сәулеттік келбет-айшығы туралы әңгіме болмады. Жер иелері санасында «бұл менің жекеменшігім, не істесем де өзім білемін» деген ұғым қалыптасты. Бүгінде, міне, осы меншік құқындағы нысанға тек менікі деп қарау көзқарасынан арылудың қажеттігі айқын сезілуде. Өйткені кәсіпкерлік нысаны, дүкен, қызмет көрсету орны, басқасы болсын халық игілігіне қызмет ететіні белгілі. Ендеше оның айнала-төңірегі қоршаусыз, ашық, қызметі тұрғындар үшін қолжетімді болуы олардың өздеріне де тиімді әрі тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау – уақыттың, заманның да талабы. Олардың қай-қайсысы да эстетикалық талаппен үйлесім табуы шарт. Бұл халыққа да, нысан иелеріне де түсінікті. Содан да туған шаһарымызды қоршаусыз қалаға айналдыру бастамасын жүзеге асыру барысында анау айтқандай күрделі мәселе туындай қойған жоқ.
Жалпы режімдік және қосымша талаптар жүктелген ҰҚК, әскери нысандар, мектептер мен балабақшалар, ауруханалар (емханаларға қатысы жоқ) қоршалуға жататындығы нормативтік-құқықтық актілер мен бұрынғы құрылыс салу нормативтерінде де бар. Қалған мекемелер қоршаулары алынады. Жоғары оқу орындарының, қала тұрғындары мен меймандары демалатын саябақтар мен гүлзарлар аумағы ашық болуға тиістігі жөнінде ұсыныс жасап отырмыз.
Айтпақшы, жоғарыда айтылған жұмысшы тобының мүшелері қалаішілік барлық нысанды дерлік аралап көріп, тиісінше зерделеу жұмыстарын жүргізді. Соның қорытындысы бойынша үлгергенімізше біраз жұмыстар жасадық. ТарМУ-дың, сондай-ақ оған жапсарлас қалалық емхананың қоршауын алдырттық. Қоршаулар біріншіден, ескірген. Екіншіден, оларды алып тастау мәселесінің астарында адамның, әсіресе болашақ ұрпақтың құлдық санадан, тәуелді психологиядан арылып, енді сана тәуелсіздігіне қол жеткізуі керек деген терең мағына жатыр. Қазіргі таңда қала орталығындағы Қ.Рысқұлбеков саябағын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Ол жерде де қоршау жоқ. Мұндай шаралар Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында да жүзеге асырылмақ. Оның да темір шарбақтарын алып тастау ісі қарастырылады.
Әлі біраз уақыт керек. Бәрін бірдей қопарып алып тастай алмаймыз ғой. Бұл жұмыстарды тікелей өзіміз қадағалаймыз. Бастапқыдағы жобадан ауытқу болмауын жіті бақылауға алсақ, бұдан әріде жеке азаматтар қоршау салу ісінен біржола арылары анық. Жобадан тыс құрылыс нысанын салып жатса да, заңға сәйкес қатаң шаралар қолдануға болады.
– Бүгінде қала құрылысының жаңа регламентін бекітіп жатырмыз. Онда да осы мәселеге байланысты тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлердің бәрі де ескерілмек. Жобалаудан құрылыс салынғанға дейінгі өз тарапымыздан атқарылатын жұмыстарда да бұл жағы кеңінен қарастырылуда. Жұмыс одан әрі үдемесе, бәсеңсімейді, – деді Айдар Тойлыбекұлы бұл тұрғыда.
Сондай-ақ жұмысшы тобы атқарылған жұмыстардың жылдық толық есебін береді деп те күтілуде. Қысқасы, алдағы уақытта қаланың тек сыртқы бет-бейнесі ғана емес, кеңестік кезеңнен қалған ескі қоршаулар түрлері де түбегейлі өзгертілмек. «Қоршаусыз Тараздың» басты діттегені де осы.
Осы ретте өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің биыл қаланың сәулеттік кескін-келбетін жаңарту жұмыстарын қолға алуға байланысты алға жаңа міндеттер қойып, сәулет және қала құрылысы басқармасына нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін өткізу кезінде көркі көз тартар ғимараттар, ескерткіштер мен демалыс алаңшалары салынғаны баршаға мәлім. Биыл бұл жұмыс одан әрі қарай да жалғасын табады. Атап айтқанда, өнер және мәдениет нысандары бой көтермек. Ендігі жерде шаһардың басты көшелері біркелкі келбет айшыққа ие болуы басты назарда ұсталынуға тиіс. Осыған байланысты ғимараттардың сыртқы қасбеттерін ретке келтіру мен көшелерді әрлеуде Астана, Алматы, Шымкент қалаларының тәжірибесін басшылыққа алу ойластырылуда. Бұдан тыс, аталған басқарма шаһардағы тұрғын үйлердің, ғимараттардың шатырларын, қабырғаларын біріздендіру бағытында шаралар қабылдайды. Облыс орталығында қала көшелерінің атауы көрсетілген тақтайшалар орнату да жоспарға енгізілмек. Тараздың сәулеттік кескін-келбетін жақсарту жұмыстарына аймақтағы ірі мекемелер мен ұйымдар да жұмылдырылатын болады.
Мұның өзі бір кездері Шона ақынның бас шаһарымыз жөнінде жазылған жырындағы «Жыл сайын жайнап жасарған…» деген теңеуінің нақты іс жүзіне асырылуының айқын мысалына да айналады деп сенеміз. Тотыдайын таранып, сұлудайын сыланып түрлене бер, Тараз!

Баймаханбет Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support