Төтеп берудің алғышарты – қоғамның біртұтастығы

0
84

Терроризм мәселесі соңғы уақытқа дейін елімізде ұлттық қауіпсіздікке нақты қауіп төндіретіндей дәрежеде емес, тек ықтимал қауіп-қатер ретінде ғана қарастырылып келді. Сондықтан да болар, еліміздің ұлттық қауіпсіздік жүйесі басқа қатерлерге қарсы, айталық этносаралық шиеленіс, есірткі тасымалының жолын кесу, заңсыз миграция сияқты қауіп-қатерлерге төтеп беруге бейімделген еді. Дегенмен аймақтағы басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда террористік және экстремистік іс-әрекеттерді анықтау және оның жолын кесу үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық негіздерді жасау және жетілдіру жөнінде айтарлықтай жұмыстар атқарылды. 1999 жылғы шілдеде республикада терроризмге қарсы күрестің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін, мемлекеттік органдардың және барлық меншіктік формаларындағы ұйымдардың қызмет тәртібін, сондай-ақ терроризмге қарсы күресті жүзеге асырумен байланысты азаматтардың құқықтарын, міндеттері мен кепілдіктерін айқындайтын Қазақстан Республикасының «Терроризмге қарсы күрес туралы» Заңы қабылданды.
Терроризм профилактикасы – мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын, терроризмнің пайда болуы мен таралуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жою жөніндегі құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық, тәрбиелік, насихаттық және өзге де шаралар кешені болып табылады. Қазақстан Республикасының «Терроризмге қарсы күрес туралы» Заңының 7-бабының 17-тармағына сәйкес терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың, яғни әділет органдары терроризм актісінің салдарынан зардап шеккен жеке және заңды тұлғаларға және оның жолын кесуге қатысқан адамдарға өз құзыретіне қатысты мәселелер бойынша, оның ішінде қажетті құжаттарды беруде тегін қажетті құқықтық көмекті ұйымдастырады.
Ең бастысы терроризм, экстремизм сияқты қауіп-қатерге төтеп беріп, тиімді қарсы тұрудың шарты – ол қоғам мен биліктің өзара келісімі, ұлттың бірлігі. Осы зұлымдық елдің бірлігін шайқалтып, себептермен іштей бөлініп, жіктеліп отырған қоғам, ел, мемлекет қана осы қауіптің құрбанына айналатыны сөзсіз. Сондықтан да басқа да қазіргі заманның сынақтары мен қатерлеріне қарсы тұру үшін, ең алдымен, қоғамның жіктелуіне, бөлінуіне жол бермеу керек және де зұлымдықпен күрес тек мемлекеттік органдардың парызы емес, ол әрбір қазақстандықтың міндеті болуы керек.

Ерлан БАЙБОЛАТ,
облыстық әділет департаменті ұйымдастыру-
талдау жұмысы бөлімінің бас маманы

Пікір:

Please enter your comment!
Please enter your name here