Әнмен тербеп жүректі…

0
93

Өнер әлемінің корифейі, қазақ еліне «Қара кемпір», «Қара шал», «Сағындым Кенен атамды», «Шашбаулым», «Сырғалым» секілді көптеген мұңлы да сырлы әндерін тарту етіп, ғажап шығармаларымен жүректерді тербеп жүрген Мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор Алтынбек Қоразбаев биыл мерейлі жетпіс жасқа толды. Көптеген жерде еңбек етіп, ғаламат туындыларымен елінің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленген өнер иесі бүгінде жамбылдықтардың ғана емес, алаш жұртының мақтанышы екені даусыз. Иә, есті әнімен елінің көңілінен шыққан композитор туындыларының бірқатары бүгінгі таңда ретро әнге айнала бастағандай. Қай жерге барсаңыз да оның әндері шырқалып жатады. Әлбетте сиқырлы саз бен сауатты сөз үйлесім тапқандықтан шығармалары жүздеген жүректерде сағыныш сезімін оята түсетіні сөзсіз. Ол сонысымен де елінің көңілінен шыққан өнер иесі.
Еліміздің және қырғыз елінің Халық әртісі Алтынбек Қоразбаевтың шығармаларын облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы оқырмандар арасында кеңінен насихаттауды жөн көрді. Бұл күні кітапхананың мәжіліс залына жиналған азаматтар «Сырлы әндермен сыр шерткен» деп аталған музыкалық шоуды қызыға тамашалап, ыстық ықыластарын білдірді. Шараға облыстық филармонияның ұжымы қолдау көрсеткенін айта кеткен ләзім.
Бұл күні кітапхана оқырмандары өнер иесінің «Елге сәлем», «Туған жерім тамаша», «Жайлауым, қандай тамаша», «Сағындым Кенен атамды», «Ауылым» секілді өзге де көптеген әндерін облыстық филармонияның әншілері – Рәзия Мәдіханова, Әділет Әбдікерімов, Динара Диханбаева, Фариза Досболова, Жұлдыз Өксікбаеваның орындауында тыңдап, қошемет көрсетті. Тіпті кейбір шығармаларды олар қосыла шырқап, тебіреніп отырғанын да аңғардық.
Шара барысында кітапхана оқырмандары бүгінде ел эстрадасында маңдайы жарқырап жүрген талай талантты азаматтардың талабын ұштап, өнер әлемінде қанатын қатайтқан Алтынбек Қоразбаевты мақтан тұтатындықтарын жеткізіп, мұндай әдеби-сазды кештердің жиі өткізіліп тұрғанын қалайтындықтарын сөз етті. Әдемі әуен, сиқырлы сазбен әдіптелген іс-шарадан оқырмандар айрықша әсерге бөленіп қайтты.

Әзиза Әзімбекқызы

Пікір:

Please enter your comment!
Please enter your name here