Талас ауданының аумағындағы «Амангелді газ» ЖШС орнынан – жергілікті жерден өндірілген «көгілдір отынды» бүгінде өңір тұтынушыларының 80 пайызы пайдалануда. Қазіргі таңда Амангелді, Жарқұм және Айрақты кеніштеріндегі 40-тан астам бұрғы кідіріссіз жұмыс істеп те тұр. Биыл Айрақты аумағынан үш бірдей бұрғы нысаны іске қосылмақ.

«Амангелді Газ» ЖШС осылай өзінің өндірістік желісін ұдайы ұлғайту үстінде. Былтыр Үшарал ауылының 1000 гектардай аумағында қосымша газ қорын іздестіру және барлау жұмыстарын бастап та кетіпті.
Ауылдық округтің әкімі Рахымжан Айтуовтың айтуынша, бұл аумақта өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында гелий газының қоры бары анықталып, 27 бұрғылау нүктесінде тиісінше барлау жұмыстары жүргізілген-ді. Бүгінде жоғарыда аталған бұрғылардың ең негізгі торабында кезінде түрлі себептермен тоқтап қалған жұмыстар одан әрі жалғастырылып, жерасты құбырлары аршылып, тазаланып, қалпына келтірілуде екен.
Айта кету керек, ге́лийдің түссіз, дәмсіз, иіссіз, жеңіл газ екені, әлемде танымалдығы жөнінен сутегіден кейінгі екінші орынды иеленетіні белгілі. Тиісінше зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде алынған газ құрамы мен қорының көлемі сараптамаға жөнелтіліп, тексерілмек. Алда-жалда осынау қымбат газ қорын игерудің тиімділігі нақтыланып, дәйектелер болса, мұнда өңдеу кәсіпорны да салынатын болады.
Үшаралдықтар сәтін салса, осылай өз іргемізден шығатын газдың игілігін көреміз деп үміттерін үкілеп отыр.

«Ақ жол-Ақпарат».

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here