- Advertisement -

Жуалылық шаруалар «Сыбағадан» неге сырт қалды?

124

- Advertisement -

Облыстың оңтүстік-батысында орналасқан Жуалы ауданы өткен жылды бірқатар салалар бойынша табысты аяқтапты. Оған аудан әкімінің жуалылықтар алдында берген қорытынды есебі барысында көз жеткіздік. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов қатысқан жиында аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, былтырғы аудан бюджеті 8 821 447,9 мың теңгені құрап, 100 пайызға игерілген. Сол сияқты өткен жылы жергілікті бюджеттен 1 230 291,0 мың теңге қаржы құйылып, жоспар 102,1 пайызға өскен. Сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру, білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларында да айтарлықтай оң өзгерістер бар.
Әйтсе де жұртты алаңдатқан жағдайлар да, нәтижесіз жұмыстар да аз емес болып шықты. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы саласы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы көңіл көншітпейді. «Сыбаға» бағдарламасы небәрі 45,5 пайызға орындалса, «Алтын асық» бағдарламасы бар-жоғы 38,9 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштер 2016 жылғы нәтиженің ширегіне де жетпейтінін ескерсек, бұған жауапты мамандар жұмысының сылбырлығы айтпаса да түсінікті. Бақтияр Бейсенбайұлы мұны шағын шаруа қожалықтарының кооперативтерге бірігуінен деп түсіндіруге тырысты. Сонымен қатар аудандағы жол-көлік оқиғаларының артуы да алаңдатады. 2016 жылы аудан аумағында 37 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, былтыр олардың саны 52-ге жетіп, 4,05 пайызға өскен. Соның салдарынан 98 адам жарақаттанып, 4 адам ажал құшқан. Тиісінше жол жүру ережелерін бұзушылар да көбейе түскен.
Есептік жиында жарыссөзге шыққан аудан белсенділері аудан басшысының баяндамасын қанағаттанарлық деп бағалап, біршама мәселелерге тоқталды. Облыстың Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай аудан орталығына қатынайтын Қарасаз, Қошқарата, Ертай секілді ауыл тұрғындарының «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінен өтуі мұң екенін жеткізді. Екі арада қатынаушылар үшін жерасты өткелінің немесе аспалы көпірдің жоқтығы, тіпті аталмыш автодәліздегі айналма өткелдің жарықтанбауы түрлі келеңсіз жағдайлардың орын алуына себеп болып отырғанын жасырмады. Ал Қошқарата ауылына газ-құбыр желісін тарту жұмысының «жыры» әлі күнге бітпей келе жатқандығы басқа да тек уәдемен тынып келе жатқан, жоспарда бар, нақты істе жоқ жобалардың бір мысалы ғана секілді. Ауданның Құрметті азаматы Кәрібай Құрмашовтың жуалылық шабандоздардың жетістігін ескеріп, аудан аумағынан заманауи үлгідегі ауқымды атшабар салу ұсынысы ұтымды шықты. Оны «Генералдар атшабары» деп атап, маңына генералдар аллеясын орнату керек деген ой ел аузындағы «Жуалы – батырлар елі» деген түсінікпен әдемі астасқанымен, аудан басшысы оған қажетінше жер бөлінетінін айтып, әйтсе де құрылысы демеушілер тарапынан болса деп қысқа қайырды.
Аудан тұрғындары Боранбай Өтеев пен Жанар Төрткүлбаева көтерген мәселелердің де маңыздылығын жиналғандар жоққа шығармады. Орталық базардағы берекесіздікке, Ардагерлер үйінің қажеттілігіне, Шерхан Мұртаза саябағының сұрқай келбетіне қатысты пікірлер алдағы уақытта аудан басшысының тікелей назарында болып, бұл түйткілдердің оң шешім табуы көпке созылмайды деп үміттенеміз. Бірнеше елді мекенге ауызсу тарту жұмыстарының сметалық жобалары жасалынып, мемлекеттік тексерістің жауабы күтіліп отырғаны да әзірге тек жұбаныш қана. Ауданның сейсмикалық картасының бүгінге дейін жоқтығы, тұрғын үй кезегіндегілер мәселелерін шешу жолдарының жүйеленбегені де бұл бағыттағы жұмыстардың әлсіздігін көрсетеді.
Ғалымжан Әбдірайымұлы жиынды қорыта келе, аудан орталығының сәулет айшығын арттыру және өзге де жұмыстарды жандандыру қажеттігін, көтерілген мәселелердің облыс басшылары назарында ұсталынып, оларды шешу жолдары қарастырылатынын атап өтті.

 

Жанғазы Ахмет
Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support