- Advertisement -

Құлағы ауырғандар Қарағандыдан дәрігер күтеді

135

- Advertisement -

Құлан ауылындағы Мәдениет үйінде өткен аудан әкімі Асқар Қырықбаевтың тұрғындар алдындағы есепті жиынында жыл ішінде атқарылған тірліктер сөз болды. Баяндамашы Елбасы Жолдауынан туындаған он міндетті жүзеге асыру жолдарын айтуды да ұмытқан жоқ. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке қатысты.
Аудандағы кәсіпорындар бір жыл ішінде 7 миллиард теңгеден астам өнім өндірген. 94 тұрғын үй пайдалануға беріліп, кедейшілік деңгейі 0,1 пайыз болған. Мемлекеттік қолдауды айқын сезінген шаруалар осы жылы 1000 гектарға алма бақ өсіріп, одан бір жыл ішінде 45 мың тонна өнім алуды көздеп отыр. Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ЖШС жылына 4,95 мегават биогаз өндіретін құны 6 миллиард 600 миллион теңгені құрайтын станса салмақ. Сондай-ақ аудан әкімі А.Қырықбаев инфрақұрылымдарға деп 551 644 мың теңге қаржы тартылатынын айтты. Биыл бұл қаражат «Арай» шағын ауданына электр желісін тартуға жұмсалады. Нәтижесінде биыл бес қабатты 80 пәтерлі үй, тұрғындардың сұранысы бойынша монша салу жоспары жүзеге аспақ.
Құландықтарды алдағы уақытта ілкімді істердің жүзеге асатыны қуантады, әрине. Дегенмен, көпшілік көкейкесті мәселелерге алаңдаулы. Соның бірі – Ақыртөбе ауылында клубтың жоқтығы. Бұл мәселені жиында аудан тұрғыны Базарбай Қозғанбаев қозғады. Ал зейнеткер Айтмырза Мейманқұлов аудандық ауруханада көз және құлақ дәрігерінің жоқтығын айтып, қынжылыс білдірді. Оған ауданның бас дәрігері Шыңдос Мырзалиев жауап берді. Көз дәрігерін наурыз айында оқуға жіберетінін айтқан Шыңдос Кершайызұлы құлақ дәрігерін көрші ауданнан шақыртып отырғанын да жасырмады. Ол арнайы кесте бойынша Құланға келіп, науқастарды қабылдап жүр екен. Бас дәрігер бұл мәселені түбегейлі шешу үшін жақында Қарағанды қаласында өтетін еңбек жәрмеңкесіне барып, мамансыз қайтпауға уәде берді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Тимур Амантайұлы: «Өткен жылды табысты болды деуге негіз бар, дегенмен әкім алдағы уақытта инвестиция тартуды, жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендетуді, мүгедектерге қамқорлық жасауды, балабақшалар салу үшін мемлекеттік – жекеменшік әріптестікті дамытуды қолға алуы тиіс», – деді.

Сейсен ҚОЖЕКЕ,
журналист

Т. Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support