- Advertisement -

Селфи жасау «сырқатқа» айналып барады

153

- Advertisement -

«Жаным, тағы да жасашы селфи, сенің маған селфиің ұнайды…» рэп стиліндегі осы ән таксиде отырған жүргіншілердің жүйкесіне тиіп келеді. Алдыңғы орындыққа жайғасқан бейтаныс әжей шыдай алмай, жүргізушіге дүрсе қоя берді. «Мынау не деп қақылдап кетті-ей. Қайта-қайта қоясың өзің. Сәлфи дей ме, өзі не дейді? Дым ұқпадым. Ауыстыр немесе өшір!» – деді. Үлкен кісінің ескертуін жас жүргізуші лезде қабылдап, көліктің үнсандығын біржола өшіріп қойды.

«Сәлфи емес, апа, селфи деп жатыр. Осы селфи деген бір айықпас дерт болды», – деп тағы бір жолсерігіміз әңгіме бастады.
– Әйелім селфиге әуестенгені сонша, отбасында бүгінде арқа-жарқа отырмайтын күйге түстік. Ол өзімен-өзі әр қадамын селфилетіп жүреді. Соңғы кезде өзі дәмді тағамның да неше түрін пісіретін болған. Құдай берді ғой деп, бала-шағамызбен шаттанып сол дәмдерден енді жей берсек, анадай жақтан келіншегім жүгіріп келеді де, «тоқта, тоқта, осы тамақтың фонында селфи жасап алайық» деп, ұялы телефонын алып майысып тұра қалады. Сөйтсек, ол кісі дәмді астың түр-түрін біз үшін емес, селфи үшін пісіріп жүр екен. Әлеуметтік желінің әлегіне түскен әйелімнің сол мезетте Инстаграм парақшасында «бүгін кешкі тамағымыз осылай пісті» деген мәтінмен, тамаққа телміріп отырған отбасылық суретіміз жарияланады. Әурешілік мұнымен бітпейді. Одан кейін қайта-қайта телефонына қарайлап, кім қандай пікір жазып жатыр екен деп өз-өзінен мазасызданып, не дұрыстап тамақ ішпейді, не бізге жегізбейді. Соңында ертең не тамақ пісіріп салсам екен деген ойға шомып кете барады…» – деді. Оның не айтып жатқанына алдыңғы жақта отырған апай мән берген жоқ, тіпті естімеді де. Есесіне әлеуметтік желінің әлемін білетіндер біраз ой қосып, межелі жерге жеткенше келелі әңгіме қозғадық.
Такси ішінде сөз болған мәселе бүгінде әрбір отбасындағы көрініс, әркімнің басындағы жағдай екендігі шындық. Селфи жасалмай ас батпайды, селфиге түспей серуен бітпейді қазір. Селфи сөзі біздің өмірімізге, күнделікті тыныс-тіршілігімізге дендеп енді. Тіпті сәнге айналды десек те болады. Кейбір жастар селфи жасаймыз деп жүріп, өзінің табиғи болмысынан ажырап бара жатқандай көрінеді маған. Әсіресе, жасөсіпірім қыздардың селфиге түсіп жатқанын сыртынан бақыласаң, еріксіз езу тартасың. Смартфонын ұстай қалады да, көзін ары төңкеріп, бері төңкеріп, ернін дүрдитіп селфиі сәтті шыққанша біраз әуре-сарсаңға түседі. Соңында өз селфилеріне сүйсініп қарап отырады да, тәуір шықты-ау дегенін Инстаграмдағы немесе басқа да әлеуметтік желідегі парақшаларына салып қояды. Жастардың бос уақытының көрінісі осы қазір…
Жалпы, селфи сөзінің өз тарихына үңіліп көрейікші. Селфи (selfie) – өзін-өзі фотоға түсіру немесе автофотопортрет деген қарапайым анықтамаға ие. 2012 жылдары Фейсбукте танымал болған сөз алғаш рет 2002 жылы Австралияда өткен бір форумда қолданылған екен. 2013 жылы Оксфордтың танымал ағылшын тілі сөздігінде «Жыл сөзі» атанған. Алғашқы селфилер елімізде «Мой мир» желісінде басталды десек болады. Инстаграм кең қолданысқа ие болып, артқы және алдыңғы камералары бар смартфондардың көбеюі бізде де селфиді танымал етіп жіберді. Бұрын тек артқы камера арқылы «соқыр селфилер» түсірілсе, қазір алдыңғы камера арқылы анық селфилер және топтық селфилер түсіріліп жүр. Мамандардың пайымдауынша, селфилердің 30 пайызы 18 бен 24 жас аралығындағы жастарға тиесілі екен. Жалпы, әр интернет қолданушы 1 рет болса да селфи түсіріп көреді екен. Зерттеушілер селфисүйгіштердің мекенін анықтауға тырысқан. Сөйтсе, «селфиді» ұнататындардың отаны – Лондон көрінеді. Бұл туралы Suggestme.com зерттеуінен белгілі болып отыр. Ағылшындар көбіне Биг Бен, Букингем сарайы мен «Лондондық көз» алдында өздерін суретке түсіргенді ұнатады екен. Екінші және үшінші орында Нью-Йорк пен Амстердам орналасыпты. Алғашқы ондықта Барселона, Париж, Берлин, Рим, Сидней, Стамбул мен Афины бар. Suggestme.com туристік ресурсы Инстаграм, Твиттер, Фейсбук сынды әлеуметтік желілердегі 6,3 миллион жарияланымды зерттепті. Зерттеу нәтижесінде 14 пайыздан астам «селфи» Лондонда түсірілгені анықталған. Біздің еліміз де селфи жасау жағынан өзге мемлекеттерден қалыс қалып тұрған жоқ сынды. Әлемдік орынға шықпаса да, өз-өзін суретке түсіру бізде де сәнге айналып барады. Селфидің қызығына батып, шырмалып қалған жандар түрлі оқыс қадамдарға баруы да ғажап емес көрінеді. Әлемде мұндай да деректер тіркелген. Мәселен, фотоға әуесқойлықтың соңы өз қолын ұзартумен аяқталған. Қалай дейсіздер ғой. 17 жастағы франкфурттық бозбала Марсель Фрике өз ойындағыдай селфиге түсе алмағандығы үшін оң қолына ота жасатқан. Сөйтіп жас жігіттің оң жақ қолы бұрынғысына қарағанда 38 сантиметрге ұзарыпты. Селфисүйгіш жігіттің бұл әрекеті, әрине құптарлық емес. Селфиқұмарлықтың соңы қайғылы жағдайлармен де аяқталған деректер бар. Португалияда ерлі-зайыпты поляк туристері селфи жасамақ болып, 80 метрлік құздан құлап кеткен. Қайғылы жағдайға олардың бес және алты жастағы балалары куә болған. Жергілікті тәртіп сақшыларының пайымдауынша, ерлі-зайыптылар рұқсат етілмеген биіктікке шығып кеткен. Ата-анасының өлімін көзбен көру балаларға да оңай соқпасы анық.
Бүгінде адамдар арасында өз өміріне риза болмай, кейіп жүретіндерді жиі кезіктіреміз. Сол секілді өз суретіне үнемі көңілі толмайтындар арасында өз-өзіне қол салатын әлсіздері де бар. Мәселен, британдық Дэнни Боуман есімді жасөспірім 10 сағатта 200 рет селфиге түседі. Бірі де өзіне ұнамайды. Ақыры мектептен кетіп, алты ай үйінде жатып алады. Ол күйініштен өз-өзіне қол жұмсауға бел буады. Сондай-ақ Испанияда Триана көпірінің үстінде селфи жасаймын деген 23 жастағы Сильвия есімді қыз 4,5 метр биіктіктен құлап түскен. Қатты соққыдан ол есін жимастан, ана дүниеге аттанып кете барыпты… Ғаламторды ақтарсақ, мұндай деректердің сан түріне кезігесіз.
Ғалымдар селфи турасында түрлі пікір айтады. Бірі зиян дейді, бірі керісінше. Ал біз ғалымдардың емес, өз пайымымызбен сараптайықшы. Селфиді күнделікті өмір салтымызға ендіруден бойымызды аулақ ұстаған жөн. Қызығушылық соңы сырқатқа ұласып кетпесіне кім кепіл? Немесе әлгінде сөз еткендей, бір кесепатын тигізбесе жарар еді. Әсіресе, жаңадан бой түзеп келе жатқан жасөспірімдерді селфидің серігі болудан қорғауға күш салайықшы…
Айтпақшы, таксиде менің жанымда 15-16 жас шамасындағы қыз отырған. Біздің сөздерімізді жаратпай, көзінің қиығымен қарап қойып, өзінің ұялы телефонына үңіліп келеді. Арасында көліктің терезесінен бір видеожазбалар жасап, селфилетіп қояды. Бір кезде жүргізушіге: «Аға, жолдың шетіндегі анау бір үлкен тас әдемі екен, соған селфи, Инстаграмға «история» жасап алсам бола ма?» – дегені. Жүргізуші жылдам келе жатқандықтан: «Қарындас, сіз жалғыз емессіз, мұныңыз жөн емес», – деп, көлігін тежемей кете барды. Бұртиып қалған қыз бізге қарап: «Бағанадан бері сіздер селфиді жамандап отырсыздар. Содан маған кедергі болдыңыздар. Мен де күніне бірнеше мәрте жүздеп-мыңдап селфи жасаймын. Оның несі айып? Селфи жасамасам, бір нәрсе жетіспей тұрғандай күй кешем. Тіпті онсыз өмір қызық емес сияқты болып тұрады. Әр жүрген жерлерімнен әлеуметтік желіге селфи салып отырмасам, барған жерден бос қайтқандай боламын. «Ғашықсыз өмір, өмір ме, егілме, жаным, егілме» деген ән бар еді ғой, соны біз қазір «селфисіз өмір, өмір ме, егілме, жаным, егілме» деп өзгертіп айтатын болғанбыз», – деді қарқылдай күліп.
Қарапайым халықты былай қойғанда, селфиді бүгінде танымал жұлдыздар да көбірек жасайды. Фейсбук, Инстаграм және өзге де әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз, селфидің сан түрлі әлемін шарлап шығасыз. Селфи жасауға өз-өзін жақсы көретіндер әуес деген де пікірлер бар. Санамыз бен іс-әрекетімізге дендеп енген селфиді енді шығара алмасымыз анық. Тек әр нәрсе өз орнымен, шегімен болса дейсің. Ал селфидің бір ғана жақсы жері – суретке түсу үшін сізге әлдекімнің көмегі қажет емес және шалғайда жүрген дос-жараныңызды әлеуметтік желіден тамашалап, күнде қауышып жүргендей әсерге бөленесіз. Турасын енді өзіміз екшеп алайық. Себебі селфи жасау «сырқатқа» айналып барады…

Фариза Әбдікерімова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support