- Advertisement -

Баяндамада бәрі жақсы. Бірақ…

131

- Advertisement -

Кеше облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының 2017 жылы атқарған жұмысының қорытынды есеп беру жиыны өтті. Бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарлары, екінші деңгейлі банктердің облыстық филиалының директорлары мен өкілдері, журналистер қатысқан жиынды облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке ашып, жүргізіп отырды.
Басқарма басшысы Қарлығаш Аралбекованың баяндамасына сүйенсек, облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны – 58692, ондағы жұмыспен қамтылған адамдар саны – 127659. Өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындары 2016 жылмен салыстырғанда 28 миллиард теңгенің өнімін артық өндіріп, нақты көлем индексі 101,8 пайызды құраған. Табиғи газ, ұсақталған фосфат шикізаты, әктас пен гипс, түсті металл концентраты мен кен өндіру көлемі ұлғайған. Инвестиция көлемі 215,4 миллиард теңгеден 234,5 миллиард теңгеге артқан. Былтыр жалпы құны 13 миллиард теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба іске қосылып, 716 жаңа жұмыс орны ашылған. Кәсіпкерлерге мобильді және кешенді қызмет көрсету мақсатында Кәсіпкерлер үйі қызмет ете бастапты.
Туризм саласына келер болсақ, өңірде әзірге 44 туристік ұйым, 1 киіз үй қалашығы, 10 балалар сауықтыру лагері, 8 демалыс орны, 5 санаториялық-курорттық шипажай халыққа қызмет көрсетуде. ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген 5 мемлекеттік қорықша, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан 5 археологиялық ескерткіш те туристерді тамсандыруда.
Жалпы, Қарлығаш Әмірқызының есебін тыңдай отырып, облыстың кәсіпкерлік саласында айтарлықтай өзекті мәселе жоқ секілді болып көрінді. Барлық көрсеткіштер тек арта түскен. Шын мәнінде барлығы да қағаздағыдай «қатып» тұрса, қуанасың ғой, әрине. Бірақ, облыс әкімінің орынбасары мен қаншама банк филиалдары директорларының басы қосылған жиында басқарма басшысы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда шешімі табылмай келе жатқан түйткілді мәселелерге де тоқталып, несиеге қол жеткізуді жеңілдету жолдарын бірге қарастыруды ұсынып, қордаланған мәселелерден де хабардар етер деген үмітте едік. Өйткені өзін-өзі жұмыспен қамту жағынан өзге аймақтармен салыстырғанда жоғары көрсеткішке жетіп отырған облысымызда әлі де кәсібін заңдастыра алмай, несиеге қолы жетпей, не қаржының, не кәсіптің көзін таппай, талай мекеменің табалдырығын тоздырып жүрген жандар қаншама. Қыруар қаржы жұмсалып, біраз қызметкер жалақы алып отырған Кәсіпкерлер үйінің де іскер жандарға жол сілтеп, қолұшын беруге қауқарсыздығы қынжылтады.
Туризм саласының түйткілдері де тек халықаралық форум, көрмелермен шешіліп қалмасы айдан анық. Екі мыңнан астам тарихы бар көне Таразымыздың тарихи ескерткіш орындары әлі де топырақ астына көміліп, жақұттары жер жаһанға шыға алмай жатқандай. Қ. Аралбекова есеп беру барысында биылдан бастап туризм саласы бөлек басқарма болып құрылатындығын айтып өтті. Сол кезде бәлкім, туризм саласының да «бағы ашылар» деп сенейік.

Эльвира Жарылқасынова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support