- Advertisement -

Жеңіл өнеркәсіпке жең түріп кірісуге не кедергі?

305

- Advertisement -

Жеңіл өнеркәсіптің елдің әлеуметтік әлеуетін арттырудағы игі ықпалы мол-ақ. Осындайда кеңестік кезеңде облыстың өзінде 28 тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорны жұмыс істеп, оларда 9 мыңнан астам адам еңбек еткені еске түседі.

Оның ішінде Жамбыл тері-былғары комбинаты жылына миллиондаған жұп сапалы аяқ киім өнімдерін шығарды. Қазір сол отандық өнімдер көзден бал-бұл ұшқандай. Дүкен сөрелерін Қытайдың сапасыз, арзанқол өнімдері толтыруда. Жергілікті жердегі тері өңдейтін, жүн жуатын кәсіпорындар бағзы қуаттылығы деңгейіне жете алмай отыр. Миллиондаған мал терісі мен тонналаған жүн арзан бағамен шетке жөнелтіледі де, өзімізге дайын киім күйінде қайта оралып, ондаған есе қымбат бағаға сатылады. Қысқасы, қазіргі таңда жалпы еліміз бойынша жеңіл өнеркәсіп саласы тығырыққа тірелген. Отандық тауар өндірушілер ел тұрғындарын киім түрлерімен толық қамти алмауда.
Нарықта өзге елдің кәсіпорындарымен иық тіресуге мүмкіндік бар ма? Шетел тауарларын қазақстандық өнім ығыстыра ала ма? Кәсіпкерлеріміздің отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдері санын да, сапасын да еселеп арттыру жайын қазірден бастап ойластырғаны жөн секілді. Бұл тұрғыдағы өңірдің әлеуеті де, мүмкіндігі де мол.
Халықтың тұтыну деңгейі бойынша жеңіл өнеркәсіп азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орында. Бұл – тоқыма, тігін, былғары, тері, аяқ киім, мақта-мата, жүн, жібек, трикотаж, сондай-ақ жүнді бастапқы өңдеу, тоқылмаған материалдар өндірісі, тор тоқу өнеркәсібі, киіз басу және басқалары секілді 20-дан астам қосалқы салалардан тұратын кешенді сала. Мақта-мата өнеркәсібі Оңтүстік Қазақстанда, жүн өнеркәсібі бірқатар өңірлердегі секілді біздің облысымызда да жақсы дамыған. Шикізаттық қоры да жақын. Десек те, экономикадағы ең бір «шешімін таппаған» сала да осы болып отыр. Мұны шешудің бірден-бір жолы – кластерлік жүйе қалыптастыру екені баршаға мәлім. Мемлекет басшысы 2005 жылғы 18 ақпандағы халыққа Жолдауында бұл жөнінде «Ендігі жерде ауыл шаруашылығы шикізаттарын өндіру мен өңдеу саласында кластерлік бастамашылықты іске асыру арқылы аграрлық өндірісті индустрияландыруға айрықша назар аудару қажет деп санаймын» деп атап көрсеткен болатын.

Міне, осыған байланысты топс шығаруды 2010 жылы республикалық индустрияландыру картасы аясында бастаған, жылына 8 000 тонна жүн жуып, тазалау әлеуетіне ие «ПОШ Тараз» ЖШС-ында мақта-мата кластерінің топс даярлау, жүннен жіп иіру және мата әзірлеу секілді үш кезеңде жүзеге асырылуы қарастырылған екен. Әрине, табысты жұмыс істеудің шикізат пен жұмыс күші тапшылығы секілді бірқатар факторларға да байланысы бар. Жалпы бүгінде биязы жүнді асыл тұқымды қой Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының бірнеше шаруашылығында ғана өсіріледі екен. Содан да кәсіпорын үшін шикізат тапшылығы туындап отырған сыңайлы. Мұнда бір келі биязы жүнге 500-750 теңге аралығында ақы төленеді. Өкінішке қарай, дәл қазір бірқатар дайын шикізатты сатып алатындар қытай кәсіпкерлері ғана болып отыр. Олар жуылған қылшық жүнді де өздерінің өндірісінің өркендеуі үшін сатып алуда.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасынан алынған мәліметтерге қарағанда, 2017 жылдың тамыз айында аталған зауыттың құрылтайшылары ауысқан. Осы кезеңде мұнда өндірілген өнім көлемі оның алдындағы жылмен салыстырғанда 35 пайызға төмендеген. Серіктестік біршама төмен айналымда жұмыс істепті. Былтырғы жылдың қазан айынан бастап топс өндірісі іске қосылғанмен, шикізаттың жетіспеушілігінен 13 желтоқсаннан бастап кәсіпорын қайта тоқтатылған. Жалпы салада былғары бұйымдарының өндірісі 21,3, «ТаразКожОбувь» ЖШС мен басқа да шағын кәсіпорындардың күш жұмылдыруының арқасында аяқ-киім өндірісі 13,1 пайызға артқанмен, тоқыма өндірісі – 19,4 пайызға төмендегені байқалуда.
Бір кездері өңір бюджетінің 30 пайызын қамтамасыз еткен, бір өзінде 3,5 мыңдай жұмысшы еңбек еткен жүнді алғашқы өңдеу фабрикасының бүгінгі жағдайы осындай. «Жамбылдағы жеңіл өнеркәсіп өндірісі» дегенде, алдымен ауызға оралатын осынау бірегей өндіріс орнында әзірге жіп те иірілмейді, мата да шығарылмайды…
Жалпы, жергілікті жердегі отандық жеңіл өнеркәсіпті қайта қалпына келтіріп, екінші тынысын ашуға бола ма? Мәселе өте күрделі. Бұл орайда келмеске кеткен кешегі күнгі жеңіл өнеркәсіп, халыққа қызмет көрсету, жергілікті өнеркәсіп министрліктері секілді осы салаға қадағалау жасайтын мемлекеттік орган құрылуы керек секілді. Бір кездері елімізде жеңіл өнеркәсіп солардың арқасында дамытылғаны естен шыға қойған жоқ. Бұл үшін ең алдымен сала мамандарын көптеп даярлау ісі қолға алынуы керек-ақ.
Тігіншілікпен қоса етікшіліктің де арнайы курсы ашылса, жаман ба? Ұлттық кәсібіміз саналатын кілем, алаша тоқу, тері илеп, сеңсең тон тігу, киіз басу, киізден жасалатын киім, киіз үй жабдықтарын жасау секілді жұмыстарды ауылдық жерлерде жаппай қолға алсақ ше?.. Осы істің қыр-сырына қанық ісмер апа, әжелеріміздің кейінгі жас ұрпаққа үйретері көп деп білеміз. Мұндай шаралар ең құрығанда ұлттық кәсібіміздің ұмытылмай, кейінгі ұрпақтарымызға жалғасып, ауысуына септесер.
Қалай болғанда да аталған салада кластерлік жүйе қалыптастырылуы қажет-ақ. Айтулы кәсіпкерлердің, шетелдік және отандық инвесторлар­дың азық-түліктен кейінгі екінші орында тұрған жеңіл өнеркәсіптің дамытылуына инвестиция салуы өздері үшін табысты, ал тұрғындар үшін тиімді һәм қолжетімді болатынын түсінетін кезі жеткен секілді.
– Сексенінші жылдары Францияда болғанымыз бар. Ол елде жеңіл өнеркәсіп және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары салықтан босатылған. Олар жергілікті муницапалитет салып берген ғимараттарды жалға алып жұмыс істейді. Жарық пен жылу ақысы да муницапалитет есебінен төленеді. Мұны біз өзімізде пайдаланып көрдік. Нәтижесі жоғары болды. Өкінішке қарай 90-ыншы жылдардағы жаппай жекешелендіру науқанына тап келіп, облысымыздағы кәсіпорындардың барлығы дерлік жекешеленіп кетті. Бірақ сол кездегі жекешелендіру жөніндегі шарттарда жеңіл және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары жекешелендірілгеннен кейін де өздерінің негізгі қызмет түрлерін сақтауы қажет екендігі атап көрсетілген. Ендеше мемлекет сол шартқа сәйкес мұндай кәсіпорындардың қызметін қайта жандандыруға толықтай құқылы еді. Ал біздің сол тұста Тараз қаласының өзінде 400-500-дей қызмет көрсету орындарымыз болды. Оның біреуі де сақталған жоқ. Қысқасы, бұл саланы жандандыру керек. Жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту арқылы біз еліміздің экономикасын әртараптандыруға барынша үлес қоса аламыз, – дейді бұл орайда облыстық тұрмыстық қызмет көрсету басқармасының бұрынғы басшысы, зейнеткер Жұматай Лайықов.
Бұл шын мәнінде де ойланарлық мәселе емес пе? Бүгінгі таңда өңірімізде жалпы өндірілген өндірістік өнім көлеміндегі үлестік көрсеткіш жеңіл өнеркәсіпте – 0,8 пайызды ғана құрап отырғаны да салаға серпін берудің мезгілі әлдеқашан пісіп жетілгенін көрсетіп отыр.
Жеңіл өнеркәсіптің мақсаты – тұрғындарды әдемі, әр алуан, ең бастысы тиімді – жоғары сапалы киіммен және аяқ киіммен қамтамасыз ету екені белгілі. Осынау істің сексен пайызын әзірге облыста шағын және орта кәсіпкерлік нысандары өрге бастыруда. Алайда олардың техника­лық әлеуеті көп мүмкіндіктерге қол жеткізе де бермейді. Кәсіпкерлер күшін бір ортақ мүдде аясына, мұратты іске, жергілікті жерде-ақ «қазақстандық брендті» қалыптастырып, дамытуға жұмылдырса ше…
Әулиеата өңіріндегі әйел кәсіпкерлердің алғашқы шоғырында жұмысын бастаған «Әсел» ЖШС-ның басшысы Дина Әбдірахманова саланы дамыту ісіне қолдан келгенінше көмектесуге, ой, ұсынысымен бөлісуге, тәжірибелерін ортаға салуға әр кезде де дайын екенін айтады. «Бұл мәселеде ізденісті қадамдарға бару, өндіріске әлеуетті технологиялар енгізу қажет. Өңірімізде тоқыма кластерін құру секілді бірегей жобалар қолға алынса, еш артықтық етпейді», – дейді ол.
Ал «Асыл дизайн» сән үйінің директоры, бас дизайнері Айдархан Қалиев бұл орайда «Күнделікті еуропалық киім кию стилін бойымызға әбден сіңіріп алсақ та, оның орнын жаппай ұлттық нақыштағы киіммен алмастыруды әрқайсысымыз армандап жүргеніміз жасырын емес. Осы орайда, отандық дизайнерлер халықты қазақы стильде «киіндіруге» біртіндеп кірісе бастады. Ұлттық нақышты қолдау ниетімен біз де «Aspara» және «Aidar-Khan» атты отандық сауда белгілерімен киімдер мен аксессуарларды брендке айналдырып үлгердік. Киім арқылы дәстүрін, мәдениетін танытып жүрген елдер қаншама. Мәселен, түрлі ресми кездесу-жиындардың өзінде өзбектер ала көйлегін, үнділер сариін, жапондар киманосын тастамайды. Біз де осылай ұлттық болмысымызды неге сақтамасқа деген ой мені жиі мазалайды», – дейді ағынан жарылып.
«Асыл дизайн» сән үйінің ерекшелігі – матаның өзімізде шығатындығында. Бұл үшін сублимациялық әдіспен матаға ою-өрнек түсіретін арнайы құрылғы сатып алынған. Басып шығару технологиясын 7 жылдан бері тәжірибеден өткізіп келеді. Нәтижесінде киіздің жаңа интерпринтациясы өндіріске енгізіліп отыр. Яғни жұқа матаның бір бетіне «этникалық принт» кескінделсе, екінші бетіне жұқа киіз қабаты жапсырылады да, одан салмағы небәрі 250 грамм, экологиялық тұрғыда таза, әрі сәнді пальтолар тігіледі. Бұл сән әлемінде бұрын-соңды болмаған жаңалық, бұл – ноу-хау. Мұндағы үлгілеушілер 25 жыл ішінде 70-ке жуық топтаманы жарыққа шығарыпты. Бұл дегеніңіз – шамамен жылына 3-4 жаңа топтама дүниеге келуде деген сөз. Бүгінде «Асыл дизайн» сән үйінде 20 адам жұмыс істейді. Астана, Алматы қалаларында бутиктері бар. Олар енді Шымкент шаһарынан дүкен ашқанды ойластыруда. Міне, осы «асылдизайндықтардың» қол жеткізген жетістіктерін озық тәжірибе ретінде неге кеңінен таратпасқа?!
Осы орайда айта кету керек, бүгінде өңіріміздегі былғары тері және соған ұқсас өнімдер, киім-кешек өндірістерімен айналысатын 10 ірі отандық тауар өндіруші кәсіпорын қатарында жылына 300 мың жұп аяқ киім тігетін «ТаразКожОбувь»,«Фабрика ПОШ-Тараз», Қордай ауданындағы тері шикізатын өңдейтін, киімнің бар түрін тігетін «Ырыс Бақыт», алуан түрлі киім үлгілерін әзірлейтін «Айвенго», «Дизайн Сұлу», «Асыл-дизайн», ұлттық бұйымдар жасап, киіз үйлер құрастыратын «Би Дәулет» ЖШС, қыз жасауларын дайындайтын «Жасау Мүлкі», теріден ұлттық қолөнер бұйымдарын шығаратын «Қадырбаев» және «Сейсебаев» жеке кәсіпкерліктері бар.
Олардың қатарын, жоғарыда айтқанымыздай, жүн өнімдерін тиімділікпен пайдаланып, текемет басып, киіз үй туырлықтары мен басқұрларын жасауға, бас киім, сырт киім, пима, қолғап, қоржын секілді түрлі бұйымдар шығарып, ұлттық брендімізді қалыптастырып, нығайтуға құлшынған кәсіпкерлік құрылымдары есебінен бұдан әрі де толықтырып, өнеркәсіптік әлеуетімізді күшейтуімізге әбден болады. Көршілес қырғыз ағайындардың бұл істі ауылдық елді мекендерінде де қызу қолға алып, бір өрден асырып тастағаны баршаға мәлім. Айтпақшы, еліміз тұтынатын жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің 75 пайызы Ресей, Қытай, Түркия және Қырғыз елдеріне тиесілі екені де ойландырмай қоймайды. Қалғаны өзіміздікі дейін десең, Батыстың да, АҚШ-тың да киімдері көптеп кездеседі. Киіммен бірге келер кеселдердің де түр-түрі көбейіп тұрғаны аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Түріктің шалбарын, қытайдың етігін, қырғыздың жейдесін киіп алып, желпініп жүргеніміз жараспас, бізге де қарекет қылмақ керек-ақ. Адамзат баласына алғаш шалбар киюді үйреткен көшпенділердің ұрпағы XXI ғасырда киімді өзгелерге тігіп берші деп жаутаңдап отырғаны өзгелер үшін қызық та шығар, ал біз үшін қасірет. Осындайда, шіркін-ай, ұлтымыздың ұл-қыздары түймесіне дейін өзімізде түгенделіп, Қазақстанда жасалған жарасымды киімді жарқырата киіп, сұлу торы аттай сыланып жүрер күн туар ма деп те армандайсың.
Осы орайда өңіріміздің жеңіл өнеркәсіпшілері ойланар, бастамашылық танытар деп те сенеміз.

Баймаханбет Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support