Ақ Олимпиада жарысты кімдер бастайды?

79

Ертең Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Ресми шараның басталу уақыты 17.00-ге жоспарланған. Бұл сында Қазақстан намысын елуге жуық спортшы қорғайтыны белгілі.
Ақ аламандағы басты үміт артатын спортшыларымыздың қатарында биатлоншылар да бар. Олар жарысты 10 ақпан күні бастайды. Алдымен спринттік сында әйелдер жарыс жолына шықса, келесі күні ерлер құрамасы ел сенімін ақтауға тырысады. Жекелей сын масс-старт секілді бірнеше жарыста топқа түсетін биатлоншыларымыз доданы 23 ақпанда аяқтайды.
Қанатты шаңғышылар додасының іріктеу кезеңі бүгін басталады. Спорттың бұл түрінен 18 жастағы Сергей Ткаченкоға үміт артамыз. Іріктеу кезеңінен іркілмей өтіп, жанкүйерлерді қуантса дейміз. Ал шаңғышылар аламанында Алексей Полторанин бастаған Евгений Величко, Денис Волотко, Виталий Пухкало, Елена Коломина секілді сайыпқырандарымыз топқа түседі. Олардың да жарысы бірнеше күнге жалғасады. Қысқасы, негізгі бәсекелер 10 ақпаннан бастау алатын Қысқы Олимпиадада бірқатар спортшылардың жүлдеге таласатын мүмкіндігі мол. Олардың қатарында фристайл шеберлері де бар. Могулдың Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд сынды майталмандары бастаған саңлақтарымыз 9-18 ақпан аралығында жүлдеге талас жүргізеді.
Жұртты мәнерлеп сырғанау спортының шебері Денис Тен екінші рет Олимпиада медалін мойнына іледі ме деген сауал толғандыратыны сөзсіз. Жанкүйерлер оның жолына үлкен үмітпен қарайды. Ал мәнерлеп сырғанаушылар аламаны 16 ақпан күні қысқа бағдарламамен басталып, 17 ақпан күні ерлер дуы түйінделсе, 23 ақпанда арулар бәсекесі мәресіне жетеді. Жалпы, Олимпиада ойындарында қазақ жанкүйерлері шорт-трек шеберлерінен және өзге де спорт түрлерінен жүлде күтеді. Қай спорттың шеберлері үмітті ақтар екен?

Замира Андас,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту