9 ақпан – Мұқағали Мақатаевтың туған күні

0
122

Қайың көрсем,
көргендей боп өзіңді…

Тіршілікте түзу жол жоқ оқтаудай,
Бұйырғанын жүріп өту мақұл-ды…
Қазақ жыры жоқтап бітті жоқтаудай,
Қарасаздың ақын ұлын ақылды.

Аттам жерге қалай сыйдың, сабазым,
Жүрегіңде емес пе еді бар әлем?!
Өткерсең де көп күндердің ап-азын,
Өмірің боп қалды артыңда Қара өлең.

Қайың көрсем, көргендей боп өзіңді,
Жуысыппын мәніспенен кей мақпал,
Тірілтердей мақтар бүгін өзіңді,
Арт жағыңда бықсып қалған бейбақтар.

Жырың қалды ақ қағаздың бетінде,
Мөлтеңдеуден басқа айыбы жоқтай-ақ.
Сені іздей ме… нән үстелдің шетінде,
Көпіршіп тұр сыра толы саптыаяқ!..

 

Мұқағалидың монологі

Біліп ем өмір жеңіл тимесін,
Алайда қашан артта қалып ем?
Ағыттым талай көңіл түймесін
Омар һайямның төрт тағанымен.

Жағасы – жайлау, омырауы – ашық,
Көшесін кезіп құйын мезгілдің,
Болғанмен саған, өмір-ау, ғашық
Көңілшектіктің сыйын кез қылдым!

Көзіндей өлең Хақ тағаланың,
Дарыған екен Қарасазымнан.
Шабытсыз жауыр шақта қаламын –
Жаңылсам зәуде сара сазымнан.

Өмірге қарау – қажеттіліктен,
Көңілге қарау – игілік пе едің?
Жуыспап едім мәз ептіліктен,
Екі жеп, содан биге ілікпедім.

Дерімді деппін шәлкез тігінен,
Шымыр шындықпен теңдес өлеңім.
Жырымның ғана нәркестігінен
Өзімді байқа, ендеше менің.

…Өлеңнен кейін көңіл қосқаным
Лашын-ау, Лашын, ағып барамын…
Бітпейтін шығар өмір-дастаным,
Қиыла, қимай, неғып қарадың?!

Өшпейді өзін нық ұстағандарың,
Қолында кеттім Қасым-тағдырдың.
Өрлікке бола ұғыспағандарым,
Егіліп… өмір… басымда тұрдың!..

Ілияс Ахметов,
ақын

Шақпақата ауылы,
Жуалы ауданы

Пікір:

Please enter your comment!
Please enter your name here