Обыр ауруы опындырып жүрмесін

61

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қажет екенін баса айтты. Өйткені жылдан-жылға қатерлі ісіктен көз жұматындар көбейіп, дертке шалдыққандар саны артып келеді. Мәселен былтырдың өзінде республикада 35589 адамның обырмен ауыратыны анықталып, 14820 науқас көз жұмған. Аурушаңдық көрсеткіші әрбір 100 мың тұрғынның 197,4-і дәрігер көмегін қажет ететінін көрсетеді.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Абай Нұржанов айтып өтті. Өңірдегі дертке қарсы күрес шараларына тоқталған бас онколог екі жылда екі мыңға жуық тұрғынның өліміне обыр ауруы себеп болғанын қозғады. Осылайша өлім көрсеткіші әр 100 мың адамға шаққанда 85,2-ні құраған.
Бас дәрігердің сөзіне сүйенсек, көрсеткіштің жоғарылауының негізгі себебі – профилактикалық тексерулердің күшейтілуі екен. Соның арқасында қатерлі ісікті ерте сатысында анықтап, онкологиялық сақтық дәрежесі артқандығы көрінеді. Нәтижесінде өткен жылы өңірімізде қатерлі ісікпен ауыратын 1566 адам бірінші рет тіркеуге алынып, оның 58 пайызы обырдың І және ІІ сатысында екені анықталыпты. Бұл – олардың қажетті емін уақтылы алса, жазылып кету мүмкіндігі жоғары деген сөз.
Облыста обыр ауруы үлес салмағы бойынша сүт безі қатерлі ісігі бірінші орынға шыққан. Аурушаңдық көрсеткіші 12,3 пайызды құрайды. Өкпенің қатерлі ісігі 12,1, онкологиялық тері аурулары 9,9, асқазан дерті 8,7 пайыздық көрсеткішпен келесі сатыларға жайғасқан. Өңеш және мойын қатерлі ісіктері де көбейіп келеді. Жалпы өңір тұрғындарының 6663-і онкологиялық диспансерде есепте тұрғаны – алаңдатарлық жағдай.

Есет Досалы

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту