- Advertisement -

Дулатитануға жасалған тағы бір қадам

286

- Advertisement -

Облысымыздағы іргелі оқу орны Тараз мемлекеттік университеті ойшыл Мұхаммед Хайдар Дулатидың есімімен аталады. 1499-1551 жылдары ғұмыр кешкен ғұламаның қалдырған еңбегі – өскелең ұрпақ үшін өшпес мұра. Университет профессор-зерттеушілері ғалымның еңбектерін зерттеп, баба алдындағы парызын адал өтеп келеді. Оқу орны делегациясының сонау 1999 жылдың мамыр айында Үндістанның Сринагар қаласындағы баба зиратына топырақ салу үшін барған сапарының түпкі мақсаты да осы еді. Жақында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков бастаған құрамында белгілі шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі, аталған университеттегі «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Құлбарақ, «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Қабиева және университет өнерпаздарынан құрылған топ Үндістан Республикасы, Кашмир аймағы, Сринагар қаласына тағы барды. Осы сапарда жамбылдық делегация қайта жөндеуден өткен атақты адамдар мен патшалар қорымы «Мазар-и Салатинде», анықтамалық тақта орнатылған Мұхаммед Хайдар Дулати қабірінде болып, бірқатар шараларға қатысып қайтты.
«Мұхаммед Хайдар Дулати – Үндістан және Қазақстан қарым-қатынасының алтын көпірі» атты ғылыми-практикалық конференцияда баяндама жасап, өз зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісіп қайтқан жамбылдық делегация бейсенбі күні Кашмирдегі баба зиратынан әкелінген бір уыс топырақты университеттің бас ғимараты алдындағы М.Х.Дулати ескерткіштің алдына қойып, баба рухына құран бағыштады. Бұдан соң аталған университеттегі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы залда Үндістаннан оралған делегация мүшелері арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингте оқу орнының ректоры Махметғали Сарыбеков сапардың мән-маңызына тоқтала келе, М.Х.Дулати баба қабірінің басында Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы елшісі Болат Сәрсенбаев мырза сөз сөйлеп, анықтамалық тақтаның мазмұнымен таныстырғанын айтты.
Ректор Кашмирде біраз маңызды кездесулер өткізіпті. Мәселен, ТарМУ мен Кашмир университеті Орта Азия зерттеу орталығы білім беру және ғылыми қатынас жөнінде екіжақты келісімге қол қойыпты. Махметғали Сарыбеков М.Х.Дулати өмірін зерттеген ғалым, профессор Манзура Хайдармен кездесу өткізгенін, оның екіжақты байланысты нығайтуға қарсы емес екеніне тоқталды. Мұнан соң аталған университеттегі «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Құлбарақ сөз сөйлеп, сапардан алған әсерлерімен бөлісті. Профессор Зиба Құламанова, аға оқытушы Бақытжан Мақашев және БАҚ өкілдері түрлі сұрақтар қойып, оған ректор жан-жақты жауап берді.
Махметғали Нұрғалиұлы жиынды қорытындылай келе, ол жақта Дулатимен тұстас басқа да зерттелмеген тұлғалар бар екенін, мәселен оның тұстасы Имам Замин еңбегі зерттеуді қажет ететінін сөз етіп, университеттегі жас студент зерттеушілердің ғылыми ізденуіне жол ашылғанын айтты.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support