- Advertisement -

Балаға қиянат кешірілмеуі керек

131

- Advertisement -

Бауыр еті баласының көрген зәбіріне қарсы дені дұрыс адамдардың кері реакция білдіруі заңдылық. Еліміздің кішкентай тұрғындарының қауіпсіздігі қандай, олардың құқығы қалай қорғалып жатыр деген сауал туындайды осы орайда.

Әншейінде, «Бала – болашағымыз», «Бар жақсылық – балаларға» деп түрлі мінберлерден жалаулатамыз да жатамыз. Былай қарасақ, бала тәрбиесі қоғамдағы басты міндеттердің бірі ретінде көрінеді. Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Ата-аналар өз балаларын өмірге даярлауға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Олар қазіргі балалар елдің болашағын анықтайтын ХХІ ғасырдың ересек адамдары екенін түсінуі қажет», – деген-ді. Алайда балаларға қатысты жасалып жатқан қылмыстарды естігенде, аза бойымыз қаза болатын жағдайға жеттік. Мәселен, Алматы қаласындағы егіз ұлдарын тұншықтырып өлтіріп, мәйіттерін тоңазытқышқа салып қойған, ата-анасы деп айтуға аузың бармайтын ерлі-зайыптылардың айуандық әрекеті жұрттың жағасын ұстатты. Бір жасқа енді толған екі бала олардың ұйықтап, демалуларына жылап кедергі келтірген көрінеді. Араққа тойып алған өгей әкенің үш жасар қызды тістеп мұрнын жұлып алғаны жайлы ақпарат та талайдың жағасын ұстатты. Жақында ғана Маңғыстау облысында өгей ананың баласын бірнеше рет пышақ сілтеп өлтіргені жайлы ақпарат та тарады. Осындай суыт хабарлар адамның сезім жасушаларын өлтіріп, етін қатыгездікке үйретіп бара жатқандай көрінеді. Хош, ол өз алдына бөлек тақырып. Біздің айтпағымыз – балаға қатысты жасалған қылмыстарға аяушылық болмауы тиіс. Өзге мемлекеттерде балаға зәбір көрсеткендер аса ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылады. Мәселен АҚШ-та өз ұлдарын аштан қатырған ата-ана қырық жылға сотталған. 1500 жылға сотталған педофильдер де бар. Бұл бір қарағанда күлкілі көрінуі мүмкін. Бірақ ар жағына үңіліп қарайтын болсақ, олар өмір бойына темір тордан шықпайды, қоғамға қайта қауіп төндірмейді деген сөз емес пе?!
Біздің елімізде де заң талаптарын қатайтып, бүлдіршіндерге зәбір көрсеткендерді өмір бойына бас бостандығынан айыру қажет. Жоғарыда атап өткен өгей қызының мұрнын жұлып алған азаматтың үстінен бастапқыда Қылмыстық кодекстің 107-бабына сәйкес «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бойынша іс қозғалып, күдікті қолхатпен үйіне қайтарылған. Тек журналистердің араласуынан кейін ғана қоғам болып үн қатып, 107-бап «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» 106-бапқа ауыстырылды. 106-баптың бірінші бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру – үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп көрсетілген Кодексте. Яғни аталған азамат қысқа мерзімде жазасын өтеп шығып, «ескі әуеніне» басуына мүмкіндік бар. «Ескі әуен» деп отырғанымыз, күдікті бұрын да ұрлық жасап, әйел зорламақ болғаны үшін сотты болған. Жалпы бұрын осы тақылеттес істі болғандардың үйреншікті әдеттерінен арыла алмайтыны көп жағдайда дәлелденген. Тағы бір мысал. Өткен жылдың аяғында Алматыда 18 жасар Назерке Әріпті өлтірді деген күдікпен такси жүргізушісі ұсталып, 21 жылға сотталды. Екі ай бойы күдерін үзбей, қызын іздеп шарқ ұрған ананың видеожазбасы жанымызды ауыртқан еді. Ал оны әккі қылмыскер өлтіріп, зират маңына мәйітін тастап, бетін топырақпен жауып кеткен. Сотта оған кісі өлтіру дерегі бойынша айып тағылды, ал зорлау дерегі дәлел жоқ болғандықтан, қолданылмаған. Мұнда айтқымыз келіп отырғаны, бұл қылмыскер бұрын да бірнеше рет сотты болған. Соңғысында 2009 жылы кісі өлтіргені үшін 11 жылға сотталып, жаза мерзімінің жартысын аяқтаған соң, бостандыққа шыққан. Яғни түрмеден түзелмегендер әдетін қоя алмайды.
Сөз соңында айтарымыз, балаға және әйелдерге қатысты қылмыста рақымшылық танытудың қажеті жоқ. Ақпараттар тасқынынан екі күннің бірінде зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқан балалар туралы беріліп жатуы, оларға қатысты қылмыста жазаны мейлінше қатаңдатуды байқатса керек. Желкілдеп өскен жас құрақты кім көрінгеннің жұлып кетуіне жол бермей, егеменді еліміздің болашағы – ұрпағымыздың амандығы мен саулығы үшін әрекет етейік!

Шынар САҒИЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support