- Advertisement -

Қараусыз мал – қарақшыға олжа

125

- Advertisement -

Төрт түлігін төскейде өргізіп, малы жоғалса, екі-үш күн ғана іздеп, табылмаса «қасқыр жеп кеттіге» санап үйінде жайбарақат жата беретін, тіпті малын таңбалап, сырғалауға да мән бермейтін азаматтар әр ауылда бар. Көбінесе солардың малы ұрланып, ізсіз-түссіз жоғалып кетіп жатады. Соңғы кездері Мойынқұм ауылында да өрісте жүрген мүйізді ірі қара малының жоғалуы үдеп кеткен. Осыған байланысты бірқатар тұрғындардың аудандық ішкі істер бөліміне шағым түсіруіне тура келіпті.
Аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Алмас Садуов «Аталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілді. Ұзақ мерзім бойы мал ұрлығымен айналысқан «суық қолды» азаматтардың қылмысын әшкерелеудің сәті түспей келіп еді. Алайда бөлім қызметкерлерінің жұмыла жұмыс жүргізуінің, жоғары кәсіпқойлық пен біліктілік танытып, бұл мәселеге жоғары жауапкершілікпен қарауының арқасында Мойынқұм ауылының Т. және А. деген азаматтарының теріс әрекеттері әшкереленіп, ұсталды. Тергеу барысында табылған бірнеше заттай дәлелдемелер, яғни малдың бас-сирақтары бірден-бір айғақ ретінде тіркеліпті.
Барымташылардың артына еш айғақ қалдырмай, ерекше айлакерлікпен әрекет етуі бұл жұмысты біраз қиындатқаны анық. Полиция қызметкерлерінің айтуына қарағанда, олар әрбір ұрлықы малды еніне қарап-ақ иесі кім екенін танып, біліп отырған. Көбінесе жоғарыда атап өткеніміздей, малына немқұрайды қарайтын, жоғалса 2-3 күнсіз іздеу салмайтын, ішкі істер органдарына хабарламайтын мал иелері нысанаға алынған. Бір қызығы, барымташылардың бірі ұрланған малды сойып алып келе жатқанында, көлігінің дөңгелегі АІІБ-нің тап жанына келгенде ұшып кетіп, «қармаққа» түсіпті. Оқиға орнында қолы қанға малынған азамат бірден күдік туғызған. Ал ол болса, тергеу барысында ұрлықы малды сойып, жайғап келе жатқанын мойындапты. Әккі ұрылар кешкі сағат 5-6 шамаларында жайылымда жайылып жүрген малдың маңайын толық зерттеп, сол жерге жыңғыл-шеңгелден тор құрып, оған мал айдап кіргізу арқылы «олжаларына» оңай қол жеткізіп отырған. Сол жерде бауыздап, төртке бөліп, ішек-қарнын жерге көміп, тастап кетеді екен. 1989 жылы туған қос қылмыскер бұған дейін сотты болмаған екен.
Қазіргі таңда Т. мен А. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасаған деген күдікпен қамауға алыныпты. «Мал ұрлығы, негізінен ауыл тұрғындарының өз мүлкіне немқұрайды, жайбарақат қарауынан, малды жайылымға бақташысыз шығарып, қараусыз қалдырғандығынан орын алып отыр» дейді аудандық ішкі істер басқармасындағылар. Мұндайда қазақ «Мал баққанға бітеді» деп жайдан-жай айтпаған. Сондықтан бес-он тұяғыңыз босқа барымташылар «олжасына» айналмасын десеңіз, малыңызды ешқашан көзден таса етпеңіз. Себебі етті тек қасқырлар ғана жақсы көрмейді.

Уалихан ЖАЙЛАУ

Мойынқұм ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support