- Advertisement -

Автобус 15 минутта Жиенбетке жете ме?

107

- Advertisement -

Редакциямызға Шу ауданы әкімінің орынбасары Ербол Аймамбетовтен газетіміздің 23 қаңтардағы №9 санында жарияланған «Оқушы тасымалына байыппен қараған жөн» деген мақалаға орай жауап-хат келді. Аудан басшылығының қазақ газеттері ішіндегі облыстың бас басылымы көтерген мәселеге бейжай қарамағаны, түйткілді тұстарын тарқата түсіндіргені қуантады, әрине. Дегенмен осы хатта жазылған кейбір мәліметтер екіұшты ойға жетелейді.

«Шу ауданындағы Мойынқұм ауылындағы Мойынқұм орта мектебіне 51 оқушы тасымалданады. Оның ішінде Еңбек ауылынан 40 оқушы, Жиенбет ауылынан 11 оқушы тасымалдаумен қамтылған. Мойынқұм орта мектебі директорының №43 бұйрығымен бекітілген Еңбек ауылының 4 мұғалімі оқушылардың тасымалдауына жауапты болғандықтан, оқушыларды азанда үйден мектепке дейін, мектептен үйге қайтқан кезде кезекшілік болып бекітілген. Алайда мақалада мұғалімдер оқушылармен бірге мектепке тасымалданады деп көрсетілген.
Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында мектеп директорының бұйрығымен мектепке тасымалданатын 20 оқушыға 1 мұғалім жауапты болып бекітілген, Сәйкесінше 30 орындық автобуста тасымалданатын оқушыларды 2 мұғалім бірге алып жүруде» деп жазылған хатта.
Газетіміздің тілшісі бұл деректі негізсіз қоспаған. Мақаладағы 38 оқушы мен 4 мұғалімнің Мойынқұм ауылына бір автобуспен баратынын, барлығы 42 жолаушының мектепке дейін 9 шақырым жол жүретінін, қоғамдық көлікке шамадан тыс жолаушы мінгеннен соң, қауіпті жағдай туындауы мүмкін екенін Еңбек бастауыш мектебінің меңгерушісі айтқан. Ал хатта Еңбек ауылынан қатынап оқитын 40 оқушы бары көрсетілген. Сондай-ақ 4 мұғалім кезекшілікке бекітілгенін мәлімдеп, талапқа сай 30 орындықта тасымалданатын балаларды 2 мұғалім алып жүретінін жеткізіп отыр. Қай дерекке сүйенсек те, жолаушы саны – 42, бірақ оның екеуі мұғалім бе, оқушы ма – белгісіз.
Хатта: «Мойынқұм орта мектебіне Еңбек ауылынан күнде азанда сағат 8.20-да автобус 1-рейспен шығады. Барлық ата-аналарға ескертілгендіктен, Еңбек ауылынан шығатын оқушылар сағат 8.20-ға дейін үлгеруі керек. Себебі сағат 8.35-те автобус 2-рейспен Мойынқұм ауылына Жиенбет ауылынан оқушыларды тасымалдау керек. Мақаладағы айтылған ата-ана Айна Қапалбаеваның «Үлгермей қалсақ, күтпейді, балаларымыз сабақтан қалады» деген сөзі орынсыз. Өйткені баланы ерте тұрғызып, сабаққа уақтылы жіберуіне ата-ананың өзі жауапты екені «Білім туралы» Заңның 49-бабының, 2-тармағының 4-тармақшасында көрсетілген», – деп жазады тағы.
Дұрыс, баласының сабақтан кешікпей баруына ата-ананың өзі жауапты. Автобустың қанша уақытқа дейін оқушылардың жиналғанын күтетіні де алдын ала ескертілгені де жөн. Алайда осы жерде «9 шақырым қашықтықта жатқан Еңбек ауылынан 8.20-да шыққан автобус 15 минутта келесі Жиенбет ауылына жетіп үлгере ме?» деген сауал туындайды. Хаттағы: «Себебі сағат 8.35-те автобус 2-рейспен Мойынқұм ауылына Жиенбет ауылынан оқушыларды тасымалдау керек» дегені осы уақытта сол ауылға қарай жолға шығуы қажет дегені шығар? Қалай ойлансақ та, 8.20-да Еңбектен шыққан автобус 9 шақырым жол жүріп, Мойынқұм мектебіне балаларды жеткізіп, 15 минутта кері Жиенбетке екінші рейске баруға еш үлгермейді ғой. Мойынқұм ауылынан Жиенбетке дейін 3 шақырым ары және 3 шақырым бері жүруі тиіс. Ал сабақ 9.00-де басталады. Қайта бұл орта мектептің бір ауысымда оқытатыны абырой болған.
Хатта: «2017-2018 оқу жылының басынан бері Мойынқұм орта мектебіне оқушыларды тасымалдайтын көліктің қатынамай қалған жағдайы орын алған емес, тек 2018 жылғы 22 қаңтар күні қалың қардың түсуіне байланысты автобустың антифризі қатып қалғандықтан, автобус жүрмей, оқушыларды ата-аналары және көлігі бар мектеп мұғалімдері мектепке жеткізген», – деп туындаған түйткілді мәселені де айтып өткен. Сонымен қатар «2011-2012 оқу жылына дейін аудан бойынша мектебі жоқ елді мекен «Аң шаруашылығынан» Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепке және «Бөген шаруашылығынан» Бәйдібек ауылындағы М.Мәметова атындағы орта мектепке оқушылар тасымалдаумен қамтылған болатын», – дей келе, 2012 жылы Еңбек ауылындағы Еңбек негізгі мектебі жабылып, бастауыш мектепке, Жиенбет ауылындағы орта мектеп жабылып, негізгі мектепке айналып, оқушылар Мойынқұм ауылындағы Мойынқұм орта мектебіне, Су қоймасындағы С.Мұқанов атындағы негізгі мектебі жабылып, бастауыш мектеп қана жұмыс істеп тұрғандықтан, шәкірттері Белбасар ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке оқушылар тасымалданатыны, ал Құмөзек бекетінен Шу қаласындағы А.Макаренко атындағы шағын орталықты орта мектеп жанындағы интернатқа аптасына бір рет тасымал ұйымдастырылатыны жазылған.
«2012 жылға дейін Т.Әшімбаев атындағы және Жамбыл атындағы орта мектептерге оқушылар 3-4 шақырым жерден жаяу қатынап оқитын болған. 2012 жылдан бері оқушыларға жағдай жасалып, тасымалдау ұйымдастырылды. Шу ауданы бойынша оқушыларды тасымалдайтын 7 автобус 2013 жылы, 1 автобус 2014 жылы жергілікті бюджет есебінен сатып алынған. Автобустар жаңа, тозығы жетпеген, бүгінгі таңда барлығы жақсы жүріп тұр, оқушыларды уақтылы тасымалдауда», – деп көрсеткен хатта.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support