- Advertisement -

Тұрмыс түзелсе – шаңыраққа шаттық орнайды

92

- Advertisement -

Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауы стратегиялық маңызы мен мәні айрықша елеулі құжат деп есептеймін. Оның әрбір жолын мұқият оқып, таныса келе Тәуелсіздігінің үшінші он жылдығына қадам басқан Ұлы Дала елінің әлем мемлекеттері қатарынан өзінің лайықты орнын алғандығына және жаңа дәуірдегі өркениет әлеміне тоқтаусыз қол созумен келе жатқандығына айқын көз жеткізгендей болдым.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев осынау ширек ғасырдан астам уақыт ішінде кешегі азаттық жолында ат үстінен түспей айқасқан ата-бабаларымыздың арман, аңсарына айналған тәуелсіз мемлекеттің ірге тасын қалап, шаңырағын биіктетіп, ұлтын ұлы мұратқа, ұрпағын нұрлы болашаққа жетелеумен келеді. Осынау мырза күннің шуағына бөленген жас қазақ мемлекетінің көпұлтты халқы бірлікті ту, ынтымақты ырысты ете отырып, қиындыққа мойымай, жетістікке тасымай Елбасының дана саясатына шынайы қолдау білдіріп, оған еселі еңбегімен жауап қайтара білді.
Ал биылғы жылдың алғашқы он күндігінде жарияланған Жолдауда Елбасы «Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімдеу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды» деп межелі мақсаттардың алғы шарттарын нақтылап, ең бастысы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының негізгі 10 бағытын айқындап берді. Ортақ мақсатқа жетелейтін осынау он міндетте еліміздің жаңа өнеркәсіптік даму дәуіріндегі жаңа биіктерді бағындыру арқылы жаһандық өркендеу жолындағы елдердің қатарына жетудің жай-жапсары баяндалады.
Мен өзім аграрлық салада ұзақ жылдардан бері қызмет жасап келе жатқандықтан, бұл тапсырмалар мен міндеттерді толығымен қолдап, оларды іске асыруға барынша үлесімді қосуға даярмын.
Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығы саласы үлкен мемлекеттік қолдауға және ғылыми жетістіктерді енгізуге аса зәру екені ақиқат. Сондықтан Елбасы агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық заманауи технологиямен ұштастыра өркендету бағыттарын дер кезінде қолға алып отыр деп есептеймін. Өйткені жылдың стратегиялық мүмкіндіктерін белгілеген құжатта еліміздің экономикалық дамуына агросектордың үлес салмағы айқындалып, оның ішінде ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорттық жүйесін жетілдіру басты назарға алынған. Сонымен қатар онда жерді мейлінше тиімді пайдаланып, сапалы өнім алу мен оның экологиялық тазалығын сақтау мәселесі де көрініс тапқан. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамыту мақсатында аграрлық ғылымға кең өрістің ашылуы көңілге қонымды болып отыр. Өйткені ауыл шаруашылығы саласы ғылыми-зерттеулер мен тұжырымдамаларға зәру екені көпке белгілі. Осы бір тұстағы ең маңызды сәт, ол еліміздегі барлық салалар сияқты аграрлық секторда отандық және әлемдік ғылыми жетістіктер үрдісін батыл енгізуге бет бұру қуанарлық жайт.
Жолдауда аграрлық кешенді өркендеуде алдағы бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыру керектігі баса айтылып, сала қызметкерлері алдына мақсаты биік, мәні жоғары талаптар қойылғаны белгілі. Бұл еліміздің аграрлық саласының дамытылып, нығайтылуы ісіне жаңа леп әкеліп, соны серпін қосатыны анық. Ендігі жерде өзімізге жүктелген сенім үдесінен шығып, еліміздің бас саласы, ұлтымыздың ата кәсібі ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге барынша үлесімізді қосуымыз қажет- ақ. Жасампаз Жолдаудың түпкі мақсаты мемлекетімізді дүн-дүниені жайлаған дағдарысқа қарамастан, әлемдік бәсекеге қабілетті елге айналдыру және халқымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға негізделген. Ел тұрмысын түзеуге елеулі үлес қосатынына да бек сенімдіміз.

Бақыт САУРАНБАЕВ,
«Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-ның директоры, «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі

Меркі ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support