- Advertisement -

Есік арқалағанша, бесік арқала

144

- Advertisement -

«AQ JOL» газетінің 27 қаңтар күнгі (№11) санында журналист Жанғазы Ахметтің «Әже, ертегі айтыңызшы» атта мақаласы жарық көрді. Автор аталмыш жазбасында бүгінде балаларын ұлттық рухта тәрбиелеп, ертегі айтып беретін әжелердің азайғанын сөз ете келе, бесік жырының ұмыт қалып бара жат­қанына да тоқталады. Бұл мәселе мені де толғандырып жүрген.Қыз баласы – болашақ ана, аяулы жар. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін де солар ғой. Қазақ халқы қыздарының тәрбиесіне аса қатты көңіл бөлгені де сондықтан. Барған жерінде «Осындай текті әулеттің қызы» деп мақтап айтатындай дәрежеге жетуін қалаған.

Әрбір ер баланың анасын «Баламның жары қандай болады екен?» деген сұрақ мазаласа, дәл сол секілді қыздың шешесі де перзентінің қандай адамға жар болып, қандай үйдің босағасын аттайтынына алаңдайды.
Келін – барған әулетінің ұрпағын жалғастырушы. Қазақтың әр шаңырағы үшін жас отаудағы сәбидің шаттыққа толы үнін тыңдау – зор бақыт.
Шынында да бүгін бесік жырын айту дәстүріне шекеден қарайтындар көп-ақ. Олар мұны дәстүрдің тозығы деп ойлауы да бек мүмкін. Бесікке бөлеу, бесік жырын айту бала тәрбиесінде ерекше рөл атқарғанын тарлан тарихтан білеміз. Жас ұрпақтың санасын ұлттық рухта тәрбиелеудің бастауы да бесік жырында жатыр. Бұл туралы жасы 105-ке келген мойынқұмдық кейуана Гүлшім Серікова деген кісімен тілдескенімде, ол: «Бесік жыры көнеден қалған ерекше дәстүріміз ғой. Ол әуенді кішкентай сәбидің көзін ашып, құлағы елеңдеп тыңдайтыны бекер емес. Осы жырмен әлдилеп өсірген ұл-қыздарымның тұңғышы жетпіс, кенжесі елу жасқа келді. Олардан тараған 35 немере, 50 шөбере, 30 шөпшегімді де бесік жырымен әлдилеп, өсірдім. Бүгінде бірі мал шаруашылығымен айналысса, бірі – мұғалім, бірі – дәрігер. Көненің көзі саналатын бесік жырын айту кенжелеп қалмаса екен», – деп өз ойын білдірген еді. Бесік жырын тыңдап өскен бала анасына жақын болады, мейірімді, ақылды, жаны жомарт келеді. Жер бетіндегі барлық сәбилер бақытты болуға лайықты. Ал бақыт кілті сәби үшін бесіктен басталатыны даусыз. Өкінішке қарай, бесік жырын былай қойғанда, бүгінде бесіктің өзі де қолданыстан қалып барады. Осындайда: «Есік арқалағанша, бесік арқала» деген бабалар сөзі еріксіз еске түседі.
«Бесіктегі баланың,
Күлгенін көрген бір мұрат.
Алдынан түсіп ананың,
Жүргенін көрген бір мұрат», –
деген нақыл сөздің астарында терең мән бар. Ендеше, бабалар аманатына адалдықпен қарайық!

Элизат Қонысбай,
студент

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support