- Advertisement -

Жұдырығы жойқын жампоз

159

- Advertisement -

 Оның жанарынан жеңіске деген құштарлық аңғарылып тұрады. Нұрсұлтанды алғаш көргенде-ақ қолына былғары қолғап киген саңлақтың кішіпейілдігіне тәнті болдым. Жас айырмашылығымыз шамалы болса да, аға деп құрмет көрсеткен кейіпкерімнің мінезі ашық-жарқын екен. Еркін сөйлеседі, терең ойлайды. Қайсыбір кәсіпқой боксшылар секілді өз терісіне өзі сыймай тұрған адамның кейпін мүлде аңғармадық. Орта бойлы қара жігіттің арманы дара болып шықты. Жаратқан жұдырығына қуатпен қоса жүрегіне мейірім нұрын сеуіпті. Кеудесіндегі жұдырықтай еті «қазақ» деп соғады. Байқағаным – «өзіме емес, қазаққа болса» дейтін жігіттің ойы уақ-түйектен аулақ. Ірі мақсаттарға жетуді көксейді. Талмай тер төгуден тартынбайды.

Иә, Байзақ ауданына қарасты Қызыл жұлдыз ауылында 1992 жылдың 5 қыркүйегінде дүниеге келген сәби күні ертең алаштың туын көкте желбіретеді деп кім ойлаған?! Намазбай Ақшабаев атындағы орта мектепте оқып жүріп, спортқа аңсары ауған Нұрсұлтан Жаңабаев білімге де, дене шынықтыруға да уақыт тапты. Жоғары оқу орнын да ойдағыдай аяқтады.
Облысымыздың 100 жаңа есімінің қатарынан ойып тұрып орын алған Нұрсұлтан әуелде әкесінің жетектеуімен күрес залынан табылды. «Басында мені әкем күреске ертіп әкелді. Әділет Сарыбаев ағам біздің ауылда тұрады. Көршіміз болатын. Сол кісіге тапсырды. Үш жылға жуық күреске қатыстым. Алайда күрес залынан шыққан сайын бокс залына барып, жаттығуларына қызыға қарап отыратынмын. Өйткені боксты өте қатты жақсы көретінмін. Жаттықтырушы ағайларға қанша айтсам да, ол кісілер «күресте жүре берсеңші» деп мені алмайтын. Кейіннен ауылда бокс секциясы ашылған соң күреске де, боксқа да бара бастадым. Бертін келе бокстан көрсеткен нәтижелерім көңіл көншіте түсті. Содан не керек, күресті біржола қойып, өз қалауыммен боксқа ауыстым. Өйткені бокс менің өмірім, сүйетін ісім екенін анық түсіндім. Күресіп жүргенде де боксты армандайтынмын», – дейді ол.
Нұрсұлтанның кәсіпқой бокстағы дебюті де өзгелерден басқаша басталды. Кәсіпқой бокс әлеміне енді ғана келген былғары қолғап шеберлері әуелде 4-6 раундтық рейтингілік кездесулер өткізетіні баршамызға мәлім. Кейіпкерімнің жолы жеңіл емес. Оның өзі де жеңіл жолмен табыс тапқысы келмейді. Таразда жаттығып, Қытайда жұдырықтасқан Нұрсұлтан Жаңабаев бірінші кездесуінің өзінде 10 раундтық шайқасқа шықты. Алқашқы айқасының өзінде WBA тұжырымы бойынша Қытай чемпионы атағына таласты. Кейіпкерімізге аз ғана қаражат төленді. Тіпті Қытайда өзін шын мықты сезініп жүрген Синг Янгтің командасы дебютантты оңай ұтып, қомақты қаржыға кенелеміз деп ойлаған да болуы керек. Қанша дегенмен жергілікті боксшы кәсіпқой рингте әбден ысылған, тәжірибесі мол еді. Алайда балаң шағында Рашид Кабировтың тәлімін көріп, кейіннен Айдамир Ералиевтей білікті бапкер жаттықтырған Нұрсұлтанды қытайлықтың тәжірибесі де, өз шаршы алаңы да қаймықтырған жоқ. Қайта шарболаттай ширықтырды, жігерлендірді, намысын қамшылады. «Таразымда Асланбек Шымбергенов, Сағадат Рахманқұловпен қолғап түйістіргенде еш демікпейтін мен қайдағы бір қытайлық боксшыдан неге жеңілуім керек? Тек қана жеңіспен ораламын!» деді ол өз-өзін қайрап. Сөйтті де он раунд бойы қарсыласын жойқын соққыларының астына алды. Қытайлық саңлақты бір рет ұрып құлатты. Қарсыласының сілікпесін шығарған Нұрсұлтан чемпион атанды! Осы жекпе-жектен кейін Қытайда «Қабылан» деген клуб ашып, қазақ балаларын бауырына басып жүрген Орал есімді азаматтың іскерлігіне сүйсініп те қайтты.
Шын шебер ешқашан тасада қалмайды. Білікті бапкер, кезінде ұлттық құраманың тізгінін ұстаған Дамир Буданбеков талантты оғланның талабын байқап: «Сенің жұдырықтасу стилің кәсіпқойға келеді екен» деп оның телефон нөмірін жазып әкетеді. Арада аз ғана уақыт өткенде Дамир Буданбеков Нұрсұлтанға хабарласып: «Міне, сенің күнің туды. Өзіңді жақсы жағынан көрсетуің керек» деді де шақырды. Осылайша оның кәсіби мансабы басталып кетті.
«Шәкіртім әуесқой рингте жүргенде ашық айқасқа бара берме дейтінмін. Десе де қазір ол нағыз өз боксын тапты. Нұрсұлтан чемпиондық атаққа қол жеткізгенде жанарыма жас үйірілді. Қуанышымды sмс хабарламамен жеткіздім. Толқыдым», – дейді оны жаттықтырған Айдамир Ералиев.
Қызылжұлдыздан шыққан сайыпқыран екінші шайқасында кәсіпқой рингте 47 кездесу өткізген филиппиндік Джо Де Ла Крузды жарқын мәнерде нокаутпен жеңіп, жанкүйерлерін қуанта білді. «Жарайсың! Жігітсің!» дестік біз де тақым қысып. Кәсіпқой бокс әлеміне келер алдында ол Алматыда Қанат Исламға көмектесіп, даңқты отандасымен бірнеше мәрте жұптасып тер төкті. Тәжірибелі ағасының ақыл кеңесін тыңдаған да болатын. Зымырандай жүйрік уақыт ағасы мен інісінің жолын тағы тоғыстырды. Өткен жылы Астанада «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Қанат Ислам мен канадалық Брэндон Кук арасындағы бокс кеші ұйымдастырылды. Аталмыш кештің андеркардында Нұрсұлтан да өнер көрсетті. Ол бразилиялық Алекс Сандро Дуартэге қарсы шаршы алаңға шығып, қарсыласын бірінші раундта нокаутпен ұтты.
«Бастысы Алаштың аманатын арқалап, қазақты әлемге әйгілі етуге тамшыдай болса да үлес қосқым келеді. Бірінші орта салмақта жұдырықтасып жүрмін. Қажет болса жартылай орта салмаққа да ауыса аламын. Арманым – болашақта Сауль Альвареспен ашық жекпе-жек өткізу. Геннадий Головкин арқылы әлем Қарағанды мен Майқұдықты таныса, мен арқылы Жамбыл облысының Байзақ ауданында Қызыл жұлдыз деген қазақ ауылы бар екенін білсе деймін», – дейді ол.
Жүрегі елім, жерім деп соққан сайыпқыранның еңбекқорлығына сүйсінбеске шараң жоқ. Шаршы алаңда сағаттап тер төгіп жүрген жұдырығы жойқын жампозға кәсіпқой бокс әлемінде табыс тілейміз.
Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support